Саясат • 20 Маусым, 2024

Сыртқы саясаттың елеулі жетістігі

71 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сарапшылардың пікірінше, бүгінде Қазақстан жаңашыл сыртқы саясаты арқылы халық­аралық қатынастардың озық үлгісін көрсетіп келеді. Әсіресе кейінгі жылдары БҰҰ-ның сессияларында экология, адам құқығы секілді мәселелерді қам­титын ел бастамаларын аталған ұйым бірден қолда­ды. Ал көршілес жатқан ал­пауыт мемлекеттердің ығына жығылмай, өз ұстанымына беріктігін көрсете отырып байланысын нығайтуы тіпті АҚШ-ты мойындатты.

Сыртқы саясаттың елеулі жетістігі

Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет

Қазақстан Орталық Азиядағы жетек­ші ел екені белгілі. Былтыр АҚШ Президенті Джо Бай­деннің қатысуымен өткен алғашқы «С5+1» саммитінде мұны алпауыт құрлық­тың өзі мойындады. Саммитте Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан түрлі пікірталастың ортақ шеші­мін қалыптастырып, жыл сайынғы консультациялардың қорытындысын шығаруда маңызды рөл атқарды. Сарапшылардың айтуынша, бұл жерде Қазақ елінің Орталық Азиядағы көшбасшылық ұстанымы, өңірлік ынтымақтастық пен интеграцияны дамытудың негізгі факторы екені айқын көрінді. Нәтижесінде, АҚШ Қазақстанның стратегиялық маңыздылығына мән берді.

Ұлыбританиядағы «Global Political Insight» сараптама орталығының сарапшысы Пьер-Оливье Бюссьер: «Жалпы, Орталық Азия – Шығыс пен Батыс арасын жалғап тұрған көпір. Әсіресе бұл елдермен мәдениет алмасу – зор құндылық. Ал Қазақстан сол аймақтағы ең жоғары және аса құнды мәдени және экономикалық ықпалы бар ел ретінде Батысқа да, АҚШ-қа да танылды. Қазір Америка Қазақстанның екі қуатты көршісі Ресей және Қытаймен жақсы байланысын сезініп, Орталық Азиямен қарым-қатынасын нығайтуға белсенді ұмтылып отыр. Осы мақсатта ол Қазақ­станды өзара түсіністікте орталық рөл атқаратын және оны нығайтуға ықпал ететін негізгі серіктес ретінде көреді», деген пікірде.

«С5+1»-дің өткен жылғы саммитінің қорытындысы бойынша елдер АҚШ пен Орталық Азия арасындағы өзара міндеттемелерді растап, оны нығайтуға ниетті екенін білдірді. Сарапшы Пьер-Оливье Бюссьердің айтуынша, осы оқиғалар тізбегінде Қазақстан мен оның көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі тұлғаға айналды.

«Саммит қатысушы елдер арасын­дағы тұрақты нығайып келе жат­қан байланыстарды айғақтайды. Оның мүддесі экономикалық және стра­те­гиялық мүдделерден асып түседі. Мұндағы негізгі қағида – әр елдің еге­мендігін өзара құрметтеу және мыз­ғымастығын мойындау. Осы қағи­даларды құрметтей отырып, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев АҚШ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірін жариялады», дейді Пьер-Оливье Бюссьер.

Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясатын зерттеп жүрген ғалымдар­дың бірі, саясаттану ғылымдарының профессоры, Мичиган (АҚШ) универ­ситетіндегі цифрлық Исламтану бағдарламасының (DISC) директоры Паулина Джонс: «Қазақстан өңірде өте маңызды рөл атқарады. Мен үнемі Қазақстан Орталық Азиядағы Гер­манияға ұқсас ел екенін айтамын», деп елдің аймақтағы көшбасшы ел екенін тағы бір еске салды.

Жалпы, сарапшылар Қаңтар оқиғасы­нан кейін Қазақстан Ресейге, Қытай­дың «Бір белдеу, бір жол» бастама­сын қабылдаған кезде осы елге тәуел­ді болады деген түрлі пікірлер мен болжамдарын айта бастады. Ал Ресей Украинаға басып кіріп, Қазақ­стан­ның ұстанымын көрген кезде енді Ресейге «жау» болатын болды деген пікірлері де бұқаралық ақпарат құрал­дарында тарады. Алайда Қазақстан өзінің көпвекторлы саясаты мен елдің БҰҰ-ның егемендігі мен аумақтық тұтастығы қағидаттарына берік екен­дігін айқын көрсетті.

Америкалық журналист Харун Карчич Қазақстанның сыртқы сая­сатына арналған «Kazakhstan is Forging Its Own Path» – «Қазақстан өз жолын қалыптастырып жатыр» сараптамалық мақаласында елі­міздің Ресеймен экономикалық қаты­нас­тарды сақтап қалуы қажет екенін жазады. «Өйткені екеуі де сауда қа­ты­настарына тәуелді. Мәселен, Қытайға жіберілетін көптеген ресейлік тауар Қазақстан арқылы өтеді. Ал Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады, ол Еуропаға және басқа жерлерге жету үшін Ресей арқылы өтеді. Ресейге негізінен сауда жолдары, ал Қазақстанға мұнай экспорты қажет», дейді Харун Карчич.

Негізінен Қазақстан кейінгі жылдары Мәскеумен қарым-қатынас­ты сақтап қана қоймай, Түркиямен, сондай-ақ Орталық Азия мен Каспий өңірінің басқа елдерімен, со­ның ішінде Иран және Парсы шығанағының басқа да елдерімен байланысын нығайтты. Президент Қ.Тоқаев 2022 жылдың маусымында Қатарға, шілдеде Сауд Арабиясына және 2023 жылдың қаңтарында Біріккен Араб Әмірліктеріне сапармен барды. Бұл сапарлардың барлығы елдің инвестициялық және инфра­құрылымдық жобаларын іске асыруда маңызды рөл атқарды. Мәселен, Мем­лекет басшысы Түркиямен Қазақ­станда ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру, қауіпсіздік және әскери-өнеркәсіп саласындағы ұзақмерзім­ді ын­тымақтастық туралы келісімге қол жеткізді. Қазақстан сондай-ақ Еуро­одақ­пен, оның институттарымен, кейбір мүше мемлекеттермен де байланыстарын жандандырды. Мысалы, Германиямен мұнай жеткізу және сутегін бірлесіп өндіру туралы келісімге келді, сондай-ақ энергетика, көлік және агроазық-түлік өнеркәсібі саласында Франциямен ынтымақтастық жобаларын жасасуға уағдаласты. Ал Еуропалық одақ қазір­гі кезде Қазақстандағы ең ірі шетел­дік инвестор болып саналады, оның үлесіне елге тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің жартысына жуығы тиесілі.

 

БҰҰ Қазақстанды қолдап отыр

Өткен жылы Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессия­сы аясында Мажарстан Прези­денті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі үдерістеріне қатысты ауқымды іс-қи­мылдарды жандандыру» Көшбас­шылар диалогінің бірінші сессиясына төрағалық етті. Төрағалық етіп қана қоймай, баршаға ортақ орнықты бола­шаққа қол жеткізу үшін шұғыл түрде бірлескен іс-қимылдар қажет екенін жеткізіп, бірқатар ұсыныс айтты.

«Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің бұл бастамасын Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан толық қолдады. Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб Алматыда құрылады.

Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының жыл сайынғы сессияларына қатысуы ұйым басшы­лығы­ның қолдауына ие болғанын көр­сете­ді. Әсіресе БҰҰ Президенттің сырт­қы саяси бастамаларына, сон­дай-ақ еліміздегі демократиялық өз­герістерге оң көз­қарас танытты. Бұған қоса көтерген бастамалар да жауапсыз қалмай, бірауыз­дан мақұлданды. Мәселен, 2023 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан 11 мәрте (1997 жылдан бастап) Семей өңірінің халқын оңал­ту, қоршаған ортаны қалпына кел­­тіру, экономикалық даму мақ­­­сатын­да халықаралық ынтымақтас­тық және қызметті үйлестіру туралы қарар қабылдады. Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессия аясында Президенттің еріктілерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы ұсынысына сәйкес 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялау туралы қаулы қабылдады.

Ал БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесте Қазақстанның Орталық Азия елдерінің атынан алғаш болып «Әрбір балаға бейбітшілік пен толеранттылық үшін сапалы білім беруді қамтамасыз ету» бастамасының қолдау тапқаны зор жетістік болды. Қабылданған қарар оқыту және білім ордаларында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы бейбітшілік пен толеранттылық, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды құрметтеу идеяларын ілгерілетуге бағытталған. Бұған қоса құжатта мемлекеттер кемсітушілікке жол бермеуге, балалардың білім алуына, соның ішінде қарулы қақтығыстар жағдайында қауіпсіз білімге қол жеткізуінің негізгі қағидаттарын жүзеге асыруға міндеттелген. Бастамаға 70-тен астам мемлекет қолдау көрсетті. АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ, Латын Америкасы, Азия және Африка мемлекеттері бірлескен автор ретінде қосылатынын мәлімдеді.

2021 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында Қазақстан 2022-2024 жылдарға арналған БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланды. Бұл оның адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету үдерісінің белсенді және жауапты қатысушысы ретіндегі рөлін мойындау екенін білдіреді.

Өткен жылы климаттың өзгеруіне қатысты БҰҰ-ның Дубайдағы конференциясы аясында өткен Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселені қозғады. Мемлекет басшысы бүгінде Жер шарындағы халықтың тең жартысы климаттың өзгеруі жоғары дәрежеде әсер ететін өңірлерде өмір сүріп жатқанын атап өтті. Жалпы, Қазақстан болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның үндеуін қолдайды. Сондай-ақ Қазақстан – Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші ел және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдаған мемлекеттің бірі.

Қазақстанның Орталық Азиядағы ықпалы, Ресей, Қытай секілді алып көршілерімен байланыста тепе-теңдікті сақтау, БҰҰ алдында ұсыныс айтып, бастама көтеріп, оның қолдау табуы – елдің кейінгі бес жылда жеткен сыртқы саясатының зор жетістігі.