Еңбек • 20 Маусым, 2024

Өңірде еңбек етудің жауапкершілігі

124 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде елге қызмет етемін деген білікті де білімді жастарға мемлекеттік қызметке орналасу жеңілдеді. Өткен жылы мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен әрі GPA 3,33-тен төмен емес көрсеткішпен бітірген түлектерді аудан және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындау мүмкіндігі қарастырылды.

Өңірде еңбек етудің жауапкершілігі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Замандастарымыздың арасында шетел асып, білімін жетілдіріп келген талантты, талапты жас­тар жетерлік. Әркім әртүрлі еңбек жолын таңдап, болашағын бір саламен байланыстырғысы келеді. Университет бітіре сала мемлекеттік қызметке араласу – тек мансаптық өсуіңе ғана емес, өмірдегі бар қиындыққа төтеп беру, біліміңді шыңдап, білігіңді танытатын мол мүмкіндік. Сондықтан болар, бала кезден мемлекеттік қызметшіні көз алдыма елес­теткенде үнемі абыройлы, салмақты, білімді, зиялы тұлғаны елестететінмін. Мемлекеттік қызметші болуға сол үшін де күннен-күнге қызығушылығым арта түсті.

Философияда, әдебиетте экзистенциализм деген ұғым бар. Ол – адам өмірінің мәні, оның тұлғалық болмысы, яғни адамның өзіндік «менін» тануы – өмірдің мән-мағынасын түсіну. Менің тұлғалық болмысымды қалыптастыруға үлкен оқу ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көп көмегін тигізді. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң бірден мемлекеттік қызметке келуді ойластырдым. Мемлекеттік қызметке кірудегі талаптармен таныса бастаған кезде, Мемлекет басшысының енгізіп жатқан жаңалығын теледидар арқылы бағдарламалардан көріп, қызы­ғу­шылығым оянды. Бүгінде мемлекеттік қызметке кірудің жеңілдетілген жоба­лары, оңтайлы талаптары – жастар үш­ін жеңіл, әрі ешқандай моральдық ауырт­палықсыз өтетіні мен үшін қуатты қолдау болды, қатты қуантты. Себебі кез келген жоғары оқу орнын аяқтаған түлектің жұмысқа еш кедергісіз кіруі жас маманға айрықша мотивация, күш-жігер сыйлап, ертеңгі мақсатына үмітпен қарауына мүмкіндік береді.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл қолдау мен шешім үлкен құрметке лайық деп санаймын. Жастардың бастапқы тәжірибесіз мем­лекеттік қызметке тағайындалып, жұмыс істеулері жастарды мансаптық өсуге ұмтылуға, қоғамды дамытуға, барлық азамат үшін қолайлы орта құруға ықпал ете отырып, мемлекеттік салаға инновациялық тәсілдерді енгізуге ынталандырады. Сонымен қатар кадр тапшылығын азайтып, өңірлерде, ауылдық округтерде әлеуметтік маңызы бар жобалармен жұмыс істеуге және ел мен қоғамның дамуына өз үлестерін қосуға ықпал етеді.

Мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалу – тек жас мамандарға емес, осы жаңалықты естіген жас түлектер мен болашақ мамандарға да үлкен ынта, қызығушылық тудыратынына сенімдімін. Мұны естіген студенттер оқуды үздік аяқтауға, үлгілі тәртіп көрсетуге тырысады, қатарының алды болуға ұмтылады. Мемлекет тарапынан бұл – өте ұтымды шешім, ойлы қадам.

Мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тағайындалған жас маман ретінде жастардың осы мүмкіндікті дұрыс пайдалануын қалар едім. Мысалы, өзім мемлекеттік қызметке келу арқылы кәсіби-тұлғалық болмысымды жетілдіріп келемін. Мемлекеттік қызмет маған елдік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуге, өз күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді отанымыздың дамуына жұмсауға үйретуде. Туған жеріме келіп, Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының бас маманы болу – мен үшін үлкен мәртебе. Осындай жаңашылдық арқылы мол мүмкіндік сыйлаған мемлекетке алғысым шексіз. Себебі бұл бастама мемлекеттік қызметті сапалы жаңғыртудың негізі болары сөзсіз.

 

Айханым СЕРІКОВА,

Мойынқұм ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас маманы

 

Жамбыл облысы