Фото: Сенат
Отырыс барысында бірқатар халықаралық келісім ратификацияланды. Аталған заңдар негізінен халықаралық жүк тасымалдау рәсімдерін оңайлатуды, сондай-ақ транзиттік-көліктік әлеуетті және халықаралық сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді. Олар – «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңдар.
Палата отырысында Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға арналған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қаралып, мақұлданды.
Сонымен қатар депутаттар «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сатып алу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарады.
Сенат Төрағасы заңнамалық түзетулердің маңызына назар аударып, Мемлекет басшысы Жолдауда сатып алудың жаңа сапалы жүйесін енгізуді тапсырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол заңның негізгі нормаларына тоқталып өтті.
«Бұл заңдар Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатымен мақұлданды. Соның аясында әділ, ашық және тиімді мемлекеттік сатып алу жүйесін қалыптастыру үшін жаңа құқықтық тетіктер қарастырылып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу рәсімдері қайта қаралып, процестерді одан әрі оңтайландыруға және оларды цифрландыруға баса мән берілді. Мемлекеттік сатып алулардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ, қоғамдық бақылауды күшейтуге арналған ережелер де бар. Отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету және олардың уақтылы орындалуы үшін бизнестің жауапкершілігін арттыруға арналған нормалар да қамтылған. Әділ және транспарентті мемлекеттік сатып алу заңнамасы ел экономикасының өсуіне оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат отырысында депутаттар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екінші оқылымда қарап, мақұлдады.
Палата Төрағасы атап өткендей, заңдарға енгізілген түзетулер ұлттық ғылыми жүйені жетілдіруді, сондай-ақ ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті тиімді үйлестіруді көздейді.
«Негізгі заң арқылы ғылыми қызмет субъектілері және олардың құқықтары айқындалды. Жас ғалымдарды ынталандыру және ғылыми қызметті қаржыландыру тетіктері де қайта қаралып отыр. Ғылыми-техникалық жетістіктерді коммерцияландыруға арналған түзетулер де қамтылған. Осыған орай кәсіпкерлерге салықтық және инвестициялық жеңілдіктер беру қарастырылып отыр. Алдағы уақытта қаралған заңдар еліміздің ғылыми жүйесін жаңғыртуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ отырыс кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қазақстан Республикасының орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның құрамына Сенат депутаттарын сайлау туралы мәселе қаралды. Парламент регламентіне сәйкес екі Палата бірлескен отырысқа дейін Комиссия құрамына енетін кандидатураларын айқындауы қажет. Осыған байланысты Сенаттан Парламенттік комиссияның құрамына Ольга Булавкина мен Евгений Больгертті сайлау туралы шешім қабылданды.
Бұдан бөлек, іс-шара кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.