20 Қаңтар, 2015

Батыр қызы халықтың

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
123456 574Жақында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқанына 71 жыл толды. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен жастарды Отанды сүюге шақыру, қан майданда қаза тапқан ерлерді еске алу мақсатында «Мәңгілік алау» жанында «Еске алу шырағы» акциясы өтті. Бұл шараға Есет батыр атындағы мектептің түлектері, «Сарбаз» патриоттық клубы, «Жас ұшқыш» мектебі мен қалалық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелері қатысты. Олар «Мәңгілік алау» жанындағы ағаштан ойып жасалған 71 санына 71 шырақ жағып, батыр рухына тағзым етті. – Әлия асқан ерлігімен Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің биік өлшемін көрсетті. 19 жасында қыршын кеткен қаһарман қыздың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі. Бүгін 71 шырақ жағып, батыр рухына бас иіп, қазақтың батыр қызын құрметтеп еске алдық, – дейді «Қос шынар» қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес. Сол күні осы шараның жалғасы ретінде №27 мектеп-лицейдің акт залында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы еске алу және Әлия – Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің 15 жылдығын атап өтуге арналған кеш өтті. Шарада «Қос шынар» қоғамдық бірлестігі туралы бейнебаян көрсетілді. 123456 537Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлік жолдарын зерттеп, ұрпаққа ұла­ғаттап жүрген бұл қор қазақтың қаһарман қыздарының батырлығын халықтың жадында жаңғыртып отыру бағытында көп шаруа тындырды. Кеште сөз алған бірлестік төрағасы Ғалымжан Байдербес Шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүктің тағдырлас екенін, екеуінің ата-анадан ерте жетім қалғанын, майданға өз еріктерімен сұранып аттанғанын, қан майданда қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетіп, екеуі де Кеңес Одағының Батыры атанғанын, екеуінің де орыс жерінде, Әлияның Новосокольникиде, Мәншүктің Невельде қаза болып, мәңгілікке тыныстағанын жеткізді. Шараның осы мектеп-лицейде өткізілуінің де реті бар екен. Қашанда қазақ­тың қаһарман қыздарының батыр­лығын насихаттауға күш-жігерін жұм­сап жүрген әлиятанушы Ғалымжан Байдербес халқымыздың батыр қызда­рының ерлік жолын біріктіре ұлағаттауды жөн көріп, осы білім ошағында Әлия мен Мәншүктің музейін ұйымдастырған. Қазір музейде батыр апаларымыз туралы бір мыңға жуық экспонат бар, дейді өзі. Батырларға қатысты іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады. Кеште Ұлы Отан соғысының арда­гері Алексей Петров сұрапыл соғыстың ауыртпалығын айта келіп, елімізге тыныштық тіледі, Елбасының майдангерлерді жаңажылдық құттық­тауына ризашылығын білдірді. Мектеп-лицейдің директоры Дәуір Төлемісов музейдің жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің орталығына айналып отырғанын тілге тиек етті. Кеште сөз алғандар Әлия мен Мәншүктің ерлігі кейінгі толқын жастарға үлгі болатынын, халқымыз батыр қыздарын ешқашан естен шығармайтынын айтты. Кеште облыстық басқармалар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері бірлестікті 15 жылдығымен құттықтап, сый-сия­паттарын жасады. Шара барысында жер­гілікті өнерпаздар ән шырқап, би биледі. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.