Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ
Жарты жылда 5 млн тонна мұнай өңделді
Өткен жылы кәсіпорын нарыққа 4 млн 799 мың тонна дайын мұнай өнімдерін жөнелтті. Мұнай өнімдерінің 95 пайызы елде қалса, өзгесі Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай елдеріне экспортталған. Зауыт мұнай коксын, техникалық күкірт пен жағылатын мазут экспорттайды.
Отандық мұнай өңдеу ісінде Энергетика министрлігі мен жергілікті салық органдары бақылай алмайтын бірқатар ерекшелік бар. Павлодар мұнай-химия зауыты өңдеу ісімен, яғни сүттен қаймақ айыратын сепаратор машинаның рөлін ғана атқарады. Ал мұнай шикізатына иелік ететіндер «өңдеуге мұнай берушілер» деп аталады. Облыста мұндай 10-ға жуық компания бар. Мұнда мұнайдан АИ-92, АИ-95, АИ-98 маркілі бензин, дизель және реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, мазут, сұйылтылған көмірсутекті газ, техникалық күкірт, битум және мұнай коксы шығарылады.
«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директорының корпоративтік функциялар жөніндегі орынбасары Арман Шабановтың айтуынша, былтыр зауытта 5 млн 433,5 мың тонна мұнай өңделген. 1 млн 87 мың тонна АИ-92 бензинін, 1,7 млн тонна дизель отынын нарыққа жөнелткен.
«Биыл біздің кәсіпорын 5 млн 450 мың тонна мұнай өңдеп, 1,5 млн тонна бензин, К4 класына жататын 1,7 млн тонна дизель отынын шығаруды жоспарлап отыр. Шамамен 195 мың тонна ұшақ отынын, 306 мың тонна сұйылтылған газ, 251 мың тонна мұнай коксы, 280 мың тонна битум, 52 мың тонна күкірт нарыққа жол тартуы керек. Жылдың алғашқы бес айының өзінде бізде 730 мың тонна бензин, 807 мың тонна дизель отыны, 113 мың тонна ұшақ отыны шығарылды. Осы уақытта 2,5 млн тоннаға жуық мұнайды өңдедік», дейді.
«ҚазМұнайГаз» АҚ мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы отандық мұнай өңдеу зауыттарына 12 млн 951 мың тонна мұнай өнімдері шоғырландырылған. Оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауыты – 4,8 млн тонна, Шымкент мұнай өңдеу зауыты – 2,6 млн тонна, «Caspi Bitum» – 421 мың тонна, ал павлодарлық зауыт 5 млн тоннадан астам шикізатты қабылдаған. Сайып келгенде, елдегі мұнай өндірісінде керекулік кәсіпорынның әлеуеті зор екені байқалады.
Биыл битум өндірісі өседі
ПМХЗ кейінгі жылдары битум өндірісін ұлғайтуға да зейін қойып отыр. Жалпы, битум өндіру технологиясы – аса күрделі үдеріс. Зауыт мамандарының айтуынша, 1 тонна мұнайдан зауыттағы битум блогінің жүктемесіне және өндіріс жоспарына байланысты 5-тен 9 пайызға дейін битум өндіріледі екен. Яғни 1 тонна мұнайдан 90 кг битум алынады десек, 1 тонна битумды дайындауға 11 тонна шикізат қажет. Битум өндірісі тотығу колоннасындағы гудрондардың (мұнай өңдеудің ауыр қалдықтары) тотығуы нәтижесінде жүзеге асады.
Битум өндірісінің негізгі аппараттары – тотығу колонналары. Мұнайдан алынатын битум жол саласына, рубемаст, рубероид, мастика, битум қағазы және басқа да өнімдердің өндірісіне пайдаланылады. Дей тұрғанмен, кейінгі екі жылда зауытта битум өндірісі төмендеді. Бұл – өңдеуге мұнай берушілердің сұранысына сай туындап отырған жайт. Зауыттағы жаңарған технологиялар битум өндірісін кез келген уақытта ұлғайта алады. Биыл өндірісте жаңадан битум пештері салынып, іске қосылды. Нәтижесінде, битум өндірісі 15 пайызға артады деген болжам бар.
Жоба 2025 жылы толықтай аяқталады деп күтіледі. Әзірше ПМХЗ-дан «ҚазАвтоЖол» компаниясына 85 мың тонна дайын битум жіберілген. 95 пайызы өзге өңірлердегі жол құрылыстарына жіберіліп, 5 пайызы Павлодар облысында қалады.
«Кәсіпорын жұмысын одан әрі жақсарта түсу және өнім сапасын арттыруды мақсат еткен орта масштабтағы жобаларымыз бар. Ең әуелі төменгі температураға төзімді дизель отынын шығаратын реактордағы гидротазарту қондырғысын реконструкциялаймыз. Екінші жобамыз «SENIM-D» деп аталады. Бұл – жөндеуаралық уақытты ұлғайту. Яғни жабдықтарымызды жаңасына ауыстыру арқылы жылдық автобензин өндірісін қосымша 124 мың тоннаға, дизель отынын 225 мың тоннаға ұлғайта аламыз деген тұжырымға келдік. «Meridium APM» әдісі арқылы өндіріс технологиясын талдап, оның нәтижесіне орай тоза бастаған жабдықтар мен жүйелер жаңарады. Ал соңғы жоба – сұйылтылған көмірсутекті газ қондырғысын салу. Бұл жерде мұнайды бастапқы өңдеу кезінде газ құрамындағы маркаптан күкіртінің құрамын ұлғайту көзделеді. Есесіне өнім түрін көбірек өндіруге, ауаға шығарылатын зиянды заттарды азайтып, өнеркәсіптік және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік туады», деп әңгімеледі Арман Шабанов.
Қалдықтарды көміп тастаудан бас тартады
Кезінде аутсорсингке жіберілген техникалық қызмет сервис бөлімшелері өткен жылдың желтоқсан айында зауытқа қайтарылды. Нәтижесінде, зауыттағы негізгі штатқа 1 232 адам қайтып оралып, бүгінде өндіріс орнында жалпы саны 2 702 адам еңбек етеді. Кәсіпорын төлейтін салық төлемдері Павлодар қаласындағы бюджеттің 60 пайызын құрап отыр. Мәселен, былтыр жергілікті және республикалық бюджет көздеріне құйылған салық төлемдерінің, соның ішінде акциздік төлемдердің жалпы сомасы 139 млрд теңгеден асып кетті. Оның 127 млрд теңгесі өңір игілігіне жұмсалды.
Өндіріс орны қоршаған ортаны қорғау талаптарын да нәтижелі жүзеге асырып, мазутты технологиялық пештерді кәдімгі пештерге ауыстырған. Бұл жағылатын газ көлемін айтарлықтай азайтты дейді мамандар. Кейінгі үш жылда атмосфераға шығарылатын газдың жалпы көлемі 21,2 мың тоннадан 19,6 мың тоннаға дейін кеміген. Келер жылы бұл көрсеткіш 19,2 мың тоннаға дейін түседі. Бұған қоса зауыт қалдықтарды көміп тастау әдісінен біртіндеп бас тартып жатыр. Жыл сайын арнайы қондырғыда 25 мың тонна мұнай шламы қайта өңделеді. Сондай-ақ ағынды суларды тазартып, қайта пайдалану, техникалық суды сүзгіден өткізудің жаңа технологиялары үздіксіз енгізіліп келеді. Кәсіпорын айналасында жасыл белдеу құру іс-шарасы да ұмыт қалмаған. Санитарлық-қорғаныш аймағында келер жылға дейін 17 мың түп ағаш егу қарастырылған. Кейінгі төрт жылда мұнда 12,4 мың жасыл көшет отырғызылды.
17 маусымнан уақытша жөндеу жұмысын жүргізу үшін зауыт жұмысы тоқтатылды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшылығы жоспарлы жөндеу жұмыстары бір айға созылатынын мәлімдеді. Елдегі мол жанар-жағармай қорының қалыптасуына байланысты зауыттың уақытша тоқтауы өңірлерді мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге әсер етпейді деген болжам бар.
Павлодар облысы