Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Заңның әзірленуіне, жан-жақты жетілуіне атсалысқан барша азаматқа зор алғыс білдіремін. Оның ішінде депутаттық корпус, журналистік қоғамдастық, үкіметтік емес ұйымдар белсенді қатысып, еліміз үшін осы маңызды заңды әзірлеуге айрықша үлес қосқанын атап өткім келеді.
«Масс-медиа» туралы жаңа заң заман талабына сай қажет болды.
1999 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы заңға 40-тан астам өзгеріс енгізілді. Көпжылдық құжатты жетілдіріп, заманға сай бейімдеу – уақыт қажеттілігінің айқын көрінісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен заңды қайта қарау жұмысы қолға алынды. Мәдениет және ақпарат министрлігі деңгейінде заң түрлі мүдделі тараптардың қатысуымен белсенді түрде талқыланды, бұл алдағы өзгерістерді жан-жақты қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Заң жобасының жан-жақты әрі терең талқылануына депутаттық корпус пен Парламенттегі журналистер өкілдігі ықпал етті. Олардың белсенді жұмысы арқылы барлық аспекті мен ерекшелік ескеріліп, заң заманауи медиа кеңістіктің қажеттілігіне барынша бейімделді.
Тиімді құқықтық тетіктерді әзірлеу мақсатында құрылған жұмыс тобы 57 отырыс өткізіп, оған БАҚ өкілдері, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері белсене қатысты.
Осы маңызды үдеріске қатысқандардың барлығына тағы да алғыс айтамын. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен бірлесе атқарған жұмыстарыңыз еліміздегі медиа саласын одан әрі дамытуға негіз болатын тарихи құжат жасауға мүмкіндік берді. Бәріміз бірлесіп Қазақстанның медиа кеңістігін ашық әрі жемісті жұмыс істеуі жолында жұмыла қызмет етеміз деп сенемін.
Аида БАЛАЕВА,
Мәдениет және ақпарат министрі