Мемлекеттік тілді дамыту – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда шетелдік теле және радиоарналар отандық контентті таратпайды. Осыған байланысты шетелдік теле және радиоарналарға отандық өнімдерді жалпы теле және радиобағдарламалардың кемінде он пайызына жеткізу міндеттемесін бекіту ұсынылады.
Заңның негізгі ерекшеліктері қандай?
Бірінші, журналистердің құқықтарын қорғау бойынша қоғамдық және кәсіби кеңестер құрылады. Бұл кеңес журналистердің мүддесін толық жеткізе алатын, қорғай алатын институт болуға тиіс.
Екінші, төтенше жағдайларда журналистердің құқықтарын қорғау мәселесі. Төтенше жағдайларда өз міндеттерін атқару кезінде журналистер өміріне үлкен қауіп төнуі мүмкін. Бұдан былай БАҚ жаңа заңға сәйкес өз қызметкерлерін әлемдік жетекші ақпарат құралдары тәжірибесіне сай қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті.
Үшінші, журналистік этика. Журналистердің қызметі қоғамдағы саламатты атмосфераны дамытуға және қауіпсіз ақпараттық кеңістікті қалыптастырудың кепілі.
Төртінші, отандық БАҚ-ты қаржылық қолдау сапалы ақпараттық өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Бесінші, уәкiлеттi органға БАҚ-ты жалпыға ортақ, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтардың бұзылуына мониторинг жасау құзыретi берілмек.
Алтыншы, мемлекеттік ақпараттық саясат жөніндегі республикалық комиссияның құрамына бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енеді.
Жетінші, мемлекеттік және мемлекеттік емес БАҚ ұғымдары ажыратылады. Ол қоғамдық ұйымдар мен БАҚ сарапшыларының ұсыныстары негізінде қарастырылды.
Сегізінші, БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыру мәселесіндегі ашықтық. Заң жобасында қазірдің өзінде БАҚ саясатының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған гранттық қаржыландыру тетігі қарастырылған.
Тоғызыншы, аккредиттеу картасы. Қазіргі таңда журналистер түрлі іс-шараларға қол жеткізу үшін мемлекеттік органдарға жүйелі түрде өтініштер мен құжаттарды тапсырып отыруы керек. Алайда кейде бұл үрдіс ұзаққа созылады және бюрократиялық кедергілерге тап болады. Аккредиттеу картасы цифрлық платформа арқылы беріледі деп жоспарланып отыр. Алаңда мемлекеттік органдардың іс-шаралары өтеді, журналистер бір-екі минут ішінде өтініш бере алады. Бұл олардың ақпарат көздеріне қолжетімділігін жеңілдетеді.
Айгүл ҚАПБАРОВА,
Сенат депутаты