20 Қаңтар, 2015

Тарихшы толғамы

691 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қойшығара Салғараұлы Қазан айының алғашқы аптасы. Астананың ауа райы құбылып, көк әлемін көкала бұлт торлап ал­ған. Батыстан соққан суық жел дене тоңазытқандай. Жеңіл киінген Қойшығара Салғараұлы екеуміз ғалым Қайрат Сақтың елу жасқа толуы тойының құрметіне арналған ғылыми конференциядан шыққан бойда автобус аялдамасына қарай қатарласып, шүйіркелесе жүріп келеміз. Бұрын газет-журналдарда жарияланған тарихи тақырыптағы еңбектерін құныға оқып, ризалық сезімге бөленген мен Қойшығараны жүзбе-жүз көріп, тілдес­кеніме іштей қуанулымын. – Сені суретіңнен шырамыттым. Баукеңнің беймәлім қырларын бізге таныт­қаның үшін сәлем бердім, – деді Қой­­­шығара шын пейілімен көңілімді аулай. Аялдамаға жетіп, бірімізді біріміз қимай ұзақ тұрып қалдық. – Тарихи тақырыпқа қалай келдіңіз? – дедім. – Әуелгі кезде өзімнің шыққан те­гімді білгім келді. Қолыма көп материал түскеннен кейін халқымыздың тарихы бойынша «Алтын тамыр», «Көпірлер», «Қазақтың кейінгі тарихы», «Қазақтар» деген төрт кітабымды жаздым. Еліміз тәуелсіздік алған соң, жұрт тарихқа лап бергенде, «менен басқа адам мұны жазбайды ғой» деп көне тарихымызға бет бұрдым. Егер көне тарихымыздан сұрағыңыз болса, қойыңыз. Кез келген сұрағыңызға жауап беруге дайынмын. Менің бір-ақ мақсатым болды. Ал­­ғашқы деректермен таныса бас­тағаннан-ақ, кешегі кеңес және қазақ тарихшыларының қазақ-түрік халқы алтыншы ғасырдан пайда болды де­гендерінің өтірік екенін дәлелдегім кел­ді. Сол мақсатпен ежелгі түріктердің та­рихын, ең соңында моңғол халқының қайдан шыққанын мифология негізінде жазып бітірдім. Құдайға шүкір, бүкіл газет-жур­­нал­ға еңбегімді жариялайтын азды-көпті беделім бар. Мен оған ұмтылмаймын, одан ләззат ала алмаймын. Жолдастарым жетпіске толға­нымда бірдеңе жазды. Бәрі жалаң. «Тарихты тереңнен қопарып жатыр» деген тәрізді құр көпірме сөз. Нені қопарып, нені тапты деген ғылыми талдау жасап, дәлелдеу жоқ. Мен ғылым докторы емеспін. Со­ны біле тұра жиналыс төрағасы мені жұртқа тарих ғылымының докторы деп таныстырады. Біраз уақыт «Ешқандай тарих ғылымының докторы емеспін!» деп айқайлап, қарсылық білдіріп жүрдім. – Сені даттап жатқан жоқ қой. Қар­сыласқанды қойсайшы, – деп дос-жарандарым ұрысқан да кезі көп. – Әй, мен доктор дегенді жек көреді дейсің бе? Дос бар, дұшпан бар. Ертең біреуі «Өзін өзі насихаттап жүр. Бұл доктор да емес, сайтан да емес десе, маған өлім ғой. Өз басымды өзім қорғауым керек емес пе? Соңымнан сөз ермесін», деймін. Соңғы кезде де ғылым докторы деу­шілерге үндемейтін болдым. Құ­дай­дың құдіреті, бос мақтауға да адамның еті үйренеді екен. Екеуміз де мәз бола күлдік. – Кейде үкіметтік үлкен жиындарға шақырады. Демек, бірдеңем бар ғой, бірдеңем болмаса, шақырмас еді. Соны қанағат тұтам. Шақырмаған жерге өз бетімше барам деп ұмтылған емеспін. – Күздің суығын елеттірмей, елік­тіріп айтқан әңгімеңізге рахмет, – деп Қойшығарамен қоштасарымда: – Сәті түссе, ертең күндізгі са­ғат бір­де «Алтын адам» мейрамхана­сында кез­десіп, әңгімемізді жалғастырайық. Сізге «Мен – халқымның Бауыржа­ны­мын» деген кітабымды сыйлайын, – дедім. Ертеңіне кездестік. Ешкім кедергі жасамасын деп мейрамхананың алыс­тау бұрышынан орын алдық. «Абыз тарихшыға тілеулес көңілден» деп қолтаңба жазып, «Мен – халқымның Бауыр­жанымын» деген кітабымды Қойшығараға сыйладым. Ол маған «Мүде хан» кинороманын сыйлап: – Мен киносценарист емеспін. Қолым­нан келгенше қазағымның жыртығына жамау болсам деп мына «Мүде хан» кинороманын жаздым. Мұны оқыған білімді жастарымыз қазақ тарихына бет бұрса, осындай данышпанымыздың бар екенін түсінсе, менен гөрі кино тілін білетін дарын иесі бұл дүниені қолға алып, экранға шығарса, елімізге рух берер еді. Тарих дегеніміз – рух қой, – деді кеңінен тол­ғай сөйлеп. Мен Қойшығараның мына арман-ойын естігенде толқып кеттім. Оның әсіресе, «Жақсы қолбасшы жеңістен же­ңіске жетсе, ол жеңіс ылғи жалғаса берсе, оның санасында біз жеңілеміз деген ұғым болмайды», – дегені ойымды тербеп жіберді. – Қорқақ жандар мына майданнан тірі шығамыз ба, әлде өлеміз бе деп тұрады. Қолбасшының кереметтігі «біз жеңеміз» деп сарбаздарын сендіруінде. Ондай қолбасшыда жеңілем деген ұғым болмайды. Сондықтан ол жеңіске жетеді. Бұл рухтың күші. Рухтың күші қандай десеңізші? – деді Қойшығара масаттана сөйлеп. – Біздің ата-бабамыздың ешкімнен ешқандай кем еместігі мына «Мүде хан» кітабымнан көрінеді. Мұны мұқият зерттеп оқуыңызды өтінем. Қойшығараның нағыз тарихшы екеніне көзім жеткен сайын оған деген құрметім еселеп артып, әр сөзін қалт жібермей көңіліме түйіп қалу­ға құштарландым. Ол «Мүде хан» кітабының бір бетін ашып: «Мынаны соңына дейін оқып шықшы?» – деді. Ол Мүденің әкесін өлтіретін сәтін бейнелеген бет екен. Тез оқып шықтым. – Достарым әй, сенің мынауың не? Әкесін өлтіргені не сұмдық?! – деп ренжіді. – Сендер әрі қарай оқысаңдаршы. Мүде хан ұлтын ұшпаққа шығару үшін, туған жеріне қайтып келу үшін бәрін құрбандыққа шалады. Қытай дерегінде де, Бичуриннің дерегінде де оны Моо деп атайды. Бұл екі деректің де негізі жоқ. Моо бұзаудың мөө дегені сияқты. Мен оны Мүде деп алдым. Ол өз мүддесі үшін күрескен адам. – Мыңғұл, мұңғұл, моңғол атаулары жөнінде талас көп. Бұған сіз не дейсіз? – Византия жері кімнің жері? Оны түріктер жаулап алды емес пе? Зер салыңыз, Алатауың да, Қаратауың да, Ұлытауың да, Қызыл суың да, Ақсайың да – бәрі сонда. Бұл атауларды түріктер өзімен бірге ала барған. Сол сияқты XIV ғасырда біздің жерді шағатай еншіледі. Ел жетпегендей үстемелеп тағы ел әкеп қосты. Бұл Рашид-әд-Динде де, Кантемирде де, Әбілфейізде де бар. Жазушыларымыз осы фактіні саралап, қаперге алмайды. Қытайдың цун пун деген халқы бар. Оны моңғол тектес түрік дейді. Мен мұны мүлде қате деймін. Мұңғыл – татар. Білдіңіз бе? Біз ғұннан шықтық деп жүрміз. Ғұн деген атау дұрыс емес. Олар моңғолды татар дейді. – Мұңғыл деген ше? – Ол – түрік. Ең соңында үш ұлыс екенін, үшеуі де мұсылман болғанын айтады. Бірінші, Шыңғыс хан шығып тұр. Мен мұны данышпандығымнан тауып тұрған жоқпын. Қытай дерегін Франция, Германия, Англия, яғни бүкіл әлем Бичурин аудармасы арқылы ғана таныды. Оның кітабын орыстар шығармай, ол өлгеннен кейін ғана шығарды. Оның өзінде түріктің мерейін көтеретін жерінің бәрін қиып алып тастаған. Мен Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қытайға барып, Бичуриннің аударғанын өзім қайта аударып әкелдім. Ондағы таң­ғаларлық нәр­се, Мүденің тікелей ұрпағы Едіге (Атилла) «Бич божий» деп аталыпты. Оны қазақшалағанда Құдайдың шыбыртқысы, Құдайдың күші, қаһары деген мағынаға ие. Шыңғыс ханның моңғолы – түгел түрік. Қазіргі моңғол түрік, кидан, манжур, қы­тайдың қоспасы. Діні – будда. Шың­ғыс ханның да, Мүде ханның да діні – тәңірі. Мына кітапты да саған сыйлаймын. Түсініп, асықпай оқығаныңды қалаймын. Өзіңе лап ете қалғаным – еңбегің. Бұрын сен мені көрген емессің, мен сені көрген емеспін. Бізді еңбек табыстырды. Біреуге өкпелеудің қажеті жоқ. Менің түсінігім мынау. Кез келген есі дұрыс бала ата-анасына жақсылық жасаса, айлығынан не киім әкеп берсе, ол перзенттік парызын өтегені. Сіз бен біз де қазақтың баласымыз. Халқымызға қызмет етсек деп перзенттік борышымызды өтеп жүрміз. Оған міндетсініп айқайлаудың, оған атақ-абырой дәметудің өзі артық. Шындыққа келгенде сен Мамытбексің, мен Қойшығарамын. Жат елге шығып, айтқан жерден аулақ, бірдемені бүлді­рейікші, ондағылар екеумізді білмейді. – Мына қазақты қарашы, – деп айқайлайды. Ол – бізге намыс. Бір қандасымыз жаңалық ашса: – Ой, қазақ керемет жаңалық ашты, – дейді. Ол – бізге қуаныш. Сыртқа шы­қ­қанда бәріміз – қазақпыз. Осыны түсін­сек, перзенттік борышымызды өтей аламыз. – Ауылда да даналар көп, – деп мен бір оқиғаны айтып едім: – О-ой, әсіресе, бұрын көп еді. Даналық ұшқынын кеше бір жас жігіт бойынан көрдім. Кезінде көрші екі ауылға жақсылық жасаған, бүгінде марқұм болған қадірлі қартқа ас берді. Астың шығынын екі кәсіпкер жігіт көтеріпті. Республикадан, облыстан, ауданнан келген кісілер екі кәсіпкер жігітке алғыстарын жаудырып, ризалықтарын білдіріп жатты. Ауылдың ақсақалы сөз алып сөйлегенде екі кәсіпкердің біреуінің атын мүлде атамады. Сірә, ол бірдеңе сұрағанда бермей қойған ба, әйтеуір бір кілтипан бар. Екінші кәсіпкерді жер-көкке сыйғызбай мақтап, алғысын үйіп-төкті. Астың ең соңында екі кәсіпкер жігітке бірдей сөз берілді. Сонда аты аталмаған жігіт: – О, ағайын, мақтағанды кім жек көреді? Жаңа ауылымыздың ақсақалы атымды атамағанға мені жек көреді екен деп басқаша түсініп қалмаңыздар. Ол атам мені жақсы көреді. Тек тіл-көз тимесін деп атымды әдейі атамады, – деді. – Мақтамен бауыздапты ғой. Егер ол жігіт «Үлкен кісі бола тұра қия тарта­тыныңыз бар деп торсаңдаса, ұтылар еді. – Бауыржан ағамыз адам болуың үшін алдымен адал болуың керек демеп пе еді? Менің бар ой-ниетім адал болу, айналайын. Аман жүрейік. Аста­наға келсең, хабарлас. – Сөзсіз хабарласам. Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы.