Маман • 21 Маусым, 2024

Көзге көрінбейтін мамандық иесі

212 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Криминалист – көзге көріне бермейтін, еңбегі қоғам арасында бағалана бермейтін мамандық. Бұл салада табанды түрде тер төгіп, қоғам қауіпсіздігінің сақталуына үлесін қосып жүрген полиция полковнигі Қанат Сартовты кәсіби мерекесі қарсаңында әңгімеге тарттық.

Көзге көрінбейтін мамандық иесі

Негізі Сартовтар от­ба­­­сын­дағы ерлі-зайып­ты­ның екеуі де полиция органдарында қызмет етеді. Қанат Сартов – өңірлік по­лиция департаменті жедел кри­миналистикалық басқарма бас­шысының орынбасары, ал Гүл­­мира Сартова әкімшілік по­ли­­­цияда аға инс­пектор лауазы­мын­да. Отағасы Алматы поли­ция ака­де­­миясын бітіріп, сот сарапшы-криминалист мамандығын ал­­ған­нан кейін 2007 жылы Пав­ло­­дар қаласына келіп, крими­на­­лист ретінде еңбек жолын бас­таған. Оның мақсатқа жету­дегі табандылық, кәсібилік және жұ­мыс­тағы ұқыптылық қа­сиет­­тері басшылық тарапынан жоғары бағаланып, арада онда­ған жыл өткенде жедел-кри­ми­на­листика басқармасы басты­ғы­ның орынбасары болып таға­йын­далды. Тағдыр таңдаған жары Гүлмира да педагогикалық инс­­титутты аяқтаған соң, кейін юве­­нал­ды полицияға қызметке келген.

Қанат ағаның айтуынша, криминалист мамандар оқиға орнына жеткен бойда әуелі қылмыстың мән-жайына қанығады. Содан кейін қыл­мыскердің ізіне түсетін дәйек­терді жинауға кіріседі.

– Криминалист маман­дар­дың негізгі міндеті – қылмыс болған жердегі кез келген дәйекті, іздерді іздеу, фотоға түсіру, тіркеу, зерттеуге алып кету. Криминалистикада авто­­матты жүйе бар, соның кө­ме­гімен күдіктіні табу үшін кез келген табылған затты, саусақ, өкше ізі, адам ағзасының ДНҚ сақталатын бөліктері, бәрі-бәрі тексеріледі. Негізі қайталанбайтын саусақ таңбасы сияқты әр адамның өзіне тән исі болады. Ол иіс қылмыс бол­ған орында біраз уақыт қана сақталады. Бұл қылмыстың ізін суытпай ашуға бейімделген иісшіл иттерге қаскөйді іздеуге көмектесетіні хақ. Ал егер күдіктінің ұзақ уақыт қолданған жеке заты, мәселен қол орамал, тарақ, белдік, қолғап немесе басқа заты табылған болса, ол – тергеу үшін таптырмас айғақ. Себебі бұл заттар иесінің жеке исін бірнеше ай, кейде тіпті жылдар бойы сақтай алады. Бізде одорологиялық зертхана бар. Одорология дегеніміз – иістер туралы ғылым. Ол қылмысты ашу мен тергеу үшін кеңінен қолданылатын әдіс. Орталықта ДНҚ қоры бар, сол жақта жіті тексеріліп, бұрын қылмыс жасаған азаматтарға қатыстылығы анықталады. Кешенді крими­но­логиялық есептегі қылмыс жасаған, қылмыс жасауға бейім тұратын тұлғалардың жеке деректері де табылған заттармен салыстырылады. Сол арқылы аса ауыр қылмыстардың беті ашылып жататын сәттер аз емес, – деп әңгімеледі Қ.Сартов.

Елімізге сырттан келген ими­гранттардан саусақ ізі алы­на­­тыны мәлім. Осындай дак­ти­ло­скопиялық зерттеулердің нәти­жесінде, бұрын қылмыс жасаған шетелдіктерді анықтау мүмкін болып отыр. Жуықта көрші елден сондай бір азамат шекарадан бері өтіп, Қазақстанда жасырынып қалуға тырысқан. Оны саусақ таңбасы арқылы ажыратудың сәті түсті.

Айтып өтейік, полиция под­пол­ковнигі Гүлмира Сартова да салада 15 жыл табан аудармай қызмет етіп келе жатқан білікті маман. Ерлі-зайыптылар өздеріне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен қа­был­дай­ды. Соның нәтижесінде, олар­дың жұмысына қатысты басшы­лықтарына ешқашан шағым түспепті. Бүгінде отбасы екі қыз, бір ұл өсіріп отыр. Өнегелі шаңыраққа айналып, ұл-қыздары спорт пен өнерге құштар болып жетіліп келеді.

– Криминалист мамандығын меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні де рас. Себебі маманды даярлау барысы да күрделі. Полиция қызметкері болу бала күнгі арманым еді. Ең бастысы, бүгінде құқық қор­­ғау саласында ел ты­ныш­ты­­ғы жолын­да қызмет етіп ке­ле­мін. Өзіме жүктелген абы­рой­лы міндетті әрі қарай үлкен жауап­кершілікпен атқа­ра­тын бола­мын. Қызмет пен отба­сы­ның арасында бар­лығына үл­ге­ру оңай емес. Әрине, қыл­мыс­кер­­лер үшін демалыс күн­дері бол­­майтыны белгілі, ал менің отба­сым мұны жақсы түсі­неді. Жұ­мыстан оралған уақыт­та мен үшін үйімнің жылуын сезінуден асқан құнды әрі бақыт­ты ештеңе жоқ, – дейді отағасы.

Ол қазіргі уақытта қол астын­дағы криминалистердің оқиға орнына жедел жетуін, есепке алу материалдарының жүргізілуін, криминалистикалық зерт­теу­лердің орындалуын бақы­лайды. Көптің алғысын арқалап, антына адалдық танытып жүрген полицейлер отбасына баянды бақыт пен амандық тіледік.

 

Павлодар облысы