Әдебиет • 21 Маусым, 2024

Шәкәрімнің музыкалық мұрасы

87 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Өлеңді көріктеу, өлең кестесін келтіру жөнінде Абайдың қазақта теңдесі жоқ. Қазақтың бұрын-соңды ақындарының ешқайсысы өлеңін Абай сияқты ұста, келісті көріктеген емес», дейді әдебиет сыншысы Зәки Ахметов. Иә, Абай қазақ поэзиясында ырғақтық жүйе ретінде бекімеген жаңа өлең өлшемін алып келді. Бұл ақын идеясының оқырман ойына жету жолындағы интонациялық әсерін күшейте түсті. Ал Абай үлгісінен кейін қазақ өлеңінің құрылымдық сапасын жетілдіре түскен ақын – Шәкәрім еді. Ол ағасының дәстүрін жалғастыра жүріп, шығармашылығындағы қолтаңбасын шебер таныта білді.

Шәкәрімнің музыкалық мұрасы

Шәкәрімнің өлең өл­шеміндегі жаңа­шыл­дыққа бет бұ­руы ақынның ұлы Ахаттың мына бір естелігінен байқалады: «Бір күні Абай Шәкәрімді шақырып алып: «Осы қазақта алты, жеті, сегіз, он бір буынды шумақтар бар. Тоғыз, он, он екі буынды өлең шумағы болуы мүмкін бе? Әй, ондай болмайтын шығар», дейді. Шәкәрім ертеңіне тоғыз, он, он екі буынды өлеңге ән шығарып әкеліп, Абайға тыңдатады». Шә­кәрім өлеңдерінің құрылысын зерттеуші Айгүл Үсеннің айтуынша, бұл әңгімелер екі ақынның тұрақты түрде формалық ізде­ністе болғанынан хабар береді. «Шәкәрім өлең құрылымына немқұрайды қарамай, керісінше, өлеңнің ішкі сарайын ашатын кілт ретінде таныған. Өлеңнің көркемдік қуатын әдемі сөз кес­­тесінен іздемей, ырғақтық-интонациялық жүйесінен іздеген. Оның жаңаша өрнектелген жүйеге негізделген өлеңдері сөз­ге сараң, ой мен сезімге бай, интонациясы құнарлы болып келетіні де осыған байланысты», дейді ғалым.

Сөз арасында ырғақ ұғымы жиі тілге тиек етілді. Ырғақ – музыканың уақыт жүйесіндегі дыбыс реттілігі. Оны өлең ішінде шебер меңгерген жанның ән өнеріндегі талғамы биік болмауы мүмкін емес. Сол себепті Шәкәрімнің музыкалық мұрасы – бүгінгі өнертанушылардың өзекті тақырыбының бірі.

1931 жылы Александр За­тае­вич «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» жинағында «Шәкәрім Құдайбердиннің әні» деген атпен алғаш рет ақынның «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты туындысын жарыққа шығарады. Бұл еңбекте Затаевич Шәкәрім әндеріне тұңғыш баға беріп, №156 анықтамасында «Шәкәрім Құдайбердин – Семей уезінің қарт ақыны, қазір тірі, жасы жетпістер шамасында. Жинақта келтірілген әні орыс әндері үлгісіне еліктеп шығарса керек», деп жазады. Бұл әнді еліміз егемендік ал­ған­нан кейін, Шәкәрім әндерін кең түрде насихаттаған марқұм әнші Келденбай Өлмесековтің орындауында бейне таспаға жазып алынған мұрағаттан тыңдауға болады.

Шәкәрімнің музыкалық жан-жақты біліктілігін танытатын тағы бір туынды – «Жаңа ой­дан шығарған бір бөлек ән» шығармасы. Бұл ән классикалық романс стилінде жазылған. Ән күрделі формаға негізделген үш бөлімнен тұрады. Жалпы, ақын­ның қазақ музыкасындағы басты жаңалығы – романстың мажордан минорға ауысып, екі тональносте шығарылуы. Минор – үш дыбыстылық аккордқа және оның өзіндік мәнеріне не­гізделген үйлесім. Оның бұл қасиеті дыбысқа мұңды, қайғылы сипат береді. Ал мажорлық лад болса – көтеріңкі көңіл, сер­­гектік мағынаны үстейді. Қа­зақта модуляциясы бар әндер кездеседі. Бірақ бір бөлімі басқа тональноске ауысуы мүлде жоқ. Ән әрқашанда бастапқы тоникада аяқтала-тұғын. Ал Шәкәрім екі лад мажор мен минорды алма-кезек ауыстырып отырып, тың­­дарманның кө­ңіл толқынын олай да былай да тербейді. Ән­нің сапалық ма­ңыздылығына ақын­ның өзі былай деп тоқталады:

«Бос айғай,

Құр ойбай

Ән деме, ойла.

Жасық әннен қандай пайда бар,

Болмас онда тәтті нәр.

Ұйқасты,

Сипатты

Ішкі сырлы жырыңды әнге қос.

Сөзі жан,

Әні тән жарасымды келсе

тыңдар оны дос».

Өкінішке қарай, қазір жалпы халыққа ақынның екі-үш әндері ғана таныс. Ал оның 15 әні, екі күйі әлі насихатталып жатқан жоқ. Ақынның музыкалық мұ­ра­сын мұрағаттан ақтарып, ха­лық­қа танытқан Шәкір Әбе­нов, Кел­денбай Өлмесеков, Жә­нібек Кәрменов секілді зерт­теушілер мен әншілер ке­рек-ақ. Ақын заманында «...Есіңе алып келгенде қабіріме, шаттықпен шал­қытып, әніме салар­сың» деп ұр­пағына аманат қал­ды­рады. Сол себепті Шәкә­рім­нің музы­калық мұрасы зерт­теліп, зер­делене түсіп, қазақпен бірге жасай береді деп сенеміз.