Оқиға • 21 Маусым, 2024

Оралда көлік полицейлері тұрғын үйдегі өрттің алдын алды

84 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өрт 19 маусым күні түстен кейін Орал станциясындағы желілік полиция бөлімінің әкімшілік ғимаратының жанындағы 5 қабатты тұрғын үйлердің бірінде болды. Осы үйдің бір тұрғыны жоғарғы қабаттан түтінді байқап, полицейлерден көмек сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда көлік полицейлері тұрғын үйдегі өрттің алдын алды

Фото: Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі

Желілік бөлімнің үш қызметкері оқиға орнына дереу келіп, полиция бөлімінің өрт сөндіргіштерін пайдаланып, адамдарды эвакуациялап, өртті сөндіруді жедел бастап кетті. Өрт ошағы бірінші және бесінші қабаттардағы электр қалқанынан шыққан екен.     

1                                                                                                                                  
Көлік сақшылары, атап айтқанда, полиция аға лейтенанттары Қайсар Искендировтың, Жанғали Турекешовтың және қатардағы полиция қызметкері Мирлан Ищановтың өрт сөндірушілер келгенге дейін жасаған жедел әрі дұрыс әрекеттерінің арқасында барлық тұрғындар аман-есен эвакуацияланды, зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ полицейлердің оңтайлы іс-қимылдары қызыл жалынды өршітпей, оны толығымен сөндіруге мүмкіндік берді.  

«Подъездің ішіне кіре алмайсың, қап-қараңғы, түтін. Үш бала келіп, бастарын жауып, үстіндегі киімдерін шешіп кіріп кетті. Жүгіріп, қарттарды, балаларды сыртқа шығарды. Көп рақмет! Балаларға зор денсаулық, қызметте табыс тілеймін», деді үй тұрғындарының бірі шексіз алғысын білдіріп.

Алдағы уақытта Көліктегі полиция департаментінің басшылығы жоғарыда аталған қызметкерлерді азаматтарды құтқаруда көрсеткен ерлігі үшін марапаттайды.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті