20 Қаңтар, 2015

Тәуелсіз сарапшының сапары

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
БҰҰ-ның арнайы баяндама­шысы Майна Киаи кеше Қазақ­станға келді. Ол елімізде 27 қаңтарға дейін болады. Сапары барысында Киаи Қазақстандағы бейбіт жиналыстар мен еркін бірлестіктер құқығы қалай жүзеге асырылып жатқанын бағалайды. Бұл мандаты БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің қарарына сәйкесетін тәуелсіз са­рап­шының Қазақстанға ал­ғаш­­қы сапары болып табы­лады. «Бей­біт жиналыстар мен ер­кін бір­лестіктерге құқық беру демокра­тия мен дамудың ажыра­мас бір бөлшегі болып табылады. Мем­­лекет осы құқық­тарды то­лық кө­лемінде құрметтеуі және қор­­ғауы тиіс», дейді тәуелсіз сарапшы. Майна Киаи сапары бары­сында бейбіт жиналыстар өткізу Қазақстанда қай деңгейде жүзеге асырылатынымен танысатын болады. Бұдан бөлек, ол қоғамдық бірлестіктер, кәсіби одақтар, саяси партиялар мен діни бірлестіктер қалай тірке­летіні мәселелерін зерттеп көр­мек. Сонымен қатар, жақында қабыл­данған жаңа Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс хақында ақпарат алу ниеті бар екен. Мемлекеттің шақыруы бо­йын­ша елімізге келіп отырған Киаи мырза кеше Алматы қала­сында болды. Ол Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Аманжоловамен, Ішкі саясат басқармасының басшысы С.Бо­қаевпен және Алматы қала­лық әділет департаментінің бас­шысы Д.Айтмұхаметовпен кез­десті. Сонымен қатар, Алматы қала­сы мамандандырылған ауданара­лық әкімшілік сотының төр­ағасы Б.Тәжіхановпен және Алматы қаласының прокуроры Б.Асыловпен жүздесті. Кездесу­лерде шеру, митингтер өткізу мәселелері жан-жақты сөз болды. Тұтастай алғанда, кездесулер жақсы өтті және тараптар арасында ешқан­дай келіспеушіліктер мен түсініс­пеу­шіліктер орын алған жоқ. Майна Киаи ертең Астанаға келетін болады. Оның сондай-ақ, Ақтау және Жаңаөзен қалаларына сапары жоспарланған. Онда ол мем­лекеттік органдар, сот ор­ган­дары және азаматтық қоғам ұйым­дары өкілдерімен кездесетін болады. БҰҰ-ның тәуелсіз сарапшысы өзінің сапарын Бас Ұйымның адам құқықтары жөніндегі ұсынымдамалары мен оны жүзеге асырудың басқа да тетіктері қалай орындалып жатқанын өз көзімен көріп талқылауға жақсы мүмкіндік деп қарастырып отыр. Тәуелсіз сарапшы өзінің Қазақстанға сапары туралы нақты есебін алдағы маусым айында өтетін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі сессиясында ұсынатын болады. «Егемен-ақпарат».