Қызылқоға ауданы аумағындағы қазба жұмысын облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған экспедиция жүзеге асырады. Экспедицияға тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов жетекшілік етеді.
«Музей жанындағы экспедицияның мүшелері маусым-тамыз айларында Қызылқоға ауданындағы ерте темір дәуіріне жататын Қарабау-2 қорғанына археологиялық қазба жұмысын жүргізеді. Аталған қорғанның диаметрі – 70 метр, ал биіктігі – 300 сантиметр. Бұл қорған Қарабау аулынан солтүстік батысқа қарай 8,5 шақырым қашықтықта орналасқан», деп хабарлады облыстық музейден.
Ал Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жанат Кенжеғалиеваның айтуынша, су тасқыны кезінде археологиялық қазба орындарына зақым келмеген. Қазір Жайық өзенінің жағалауындағы тарихи орында да қазба жұмысы басталды.
«Археологиялық қазба жұмысына «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК-дан 3 археолог, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен 18, Батыс Қазақстан облысындағы университеттен 22 студент кірісті. Қазба жұмысы шілде айына дейін жалғасады», дейді Жанат Кенжеғалиева.
Атырау облысы