Шарайна
АҚШ-тың вице-президенті Джо Байденнің үйі жанында оқ атылды. «Ассошейтед пресс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, оқиға жексенбі күні болған.
Вице-президенттің күзетшілері атылған оқтың үнін жергілікті уақыт бойынша сағат 08.30-да естіген. Бұл уақытта Байден зайыбымен бірге басқа үйде болыпты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері үй жанынан автомобиль жүргізушісін ұстаған. Олардың айтуынша, оқ атқан осы адам болуы мүмкін. Өйткені, ол ұстау барысында кәдімгідей қарсылық көрсеткен көрінеді. Осы оқиға жайлы АҚШ президенті Барак Обама мен вице-президент Джо Байденге ақпарат берілген.
Түріктік мафияның қатысы бар сияқты
«Ислам мемлекеті» терроршыл топтарының содырлары Париждегі террорлық әрекеттерге қатысы бар деп күдік келтірілген Хаят Бумеддьенді Сирияға өткізуді қамтамасыз ету үшін түріктік мафияға ақша төлеген сияқты.
Бұл жөнінде «The Mirror» басылымы Түркия барлау қызметінің деректеріне сілтеме жасай отырып жазды. Басылымның келтірген деректеріне қарағанда, Бумеддьен мен мафия өкілдері Ыстамбұл әуежайында кездескен. Содан кейін олар Түркияның Эль-Абьяд қаласына жетіп, әрі қарай Бумеддьенді Сирияның шекарасына өткізіп жіберіпті. Түркияның барлау қызметі осы әрекетті жүзеге асырғаны үшін «Ислам мемлекетінің» содырлары түріктік мафияға қомақты ақша төледі деген дерек келтіреді. Бірақ, күдікті деп саналған Хаят Бумеддьен Парижде жасалған террорлық әрекеттер кезінде, оның Франция аумағынан тысқары жерде болғаны расталып отыр.
Ел президентінің қайда екені белгісіз
Йеменнің астанасы – Сана қаласында әскери бөлімшелер әскерлері мен шииттік көтерілісшілер арасындағы ұрыс болды. Бұл жөнінде «Ассошейтед пресс» агенттігі ақпарат таратты.
Қарулы ұрысты көргендердің айтуынша, президент сарайы орналасқан аумақта ірі калиберлі пулеметтерден оқ атылған және мина жарылыстары естілген. Артынша аспанға қою қара түтін көтерілген. Ел президенті Абда Раббо Мансур әл-Хадидің қайда екені әзірге белгісіз болып отыр. Атыс салдарынан сол аумақтағы тұрғындар үйлерін тастап кеткен. Осыдан үш күн бұрын шииттік көтерілісшілер ел президенті әкімшілігінің басшысы Ахмед Авад бен Мүбәракті ұрлап кеткен болатын.
Енді камерундықтарға да ауыз салды
Нигериялық «Боко харам» экстремистік ұйымының содырлары жексенбі күні Камеруннің солтүстігінде 80-ге жуық адамды ұрлап әкетті. Олардың көпшілігі балалар екен.
Кейбір ақпараттар бойынша, экстремистердің шабуылынан үш адам мерт болған, ұрланған балалар мен қыздардың жас мөлшері 10-15 жас аралығында көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, шабуыл кезінде Мабасс деревнясындағы 80-нен астам үй қиратылған. Шұғыл жеткен Камерун әскерлері мен экстремистер арасындағы атыс екі сағатқа созылыпты. «Боко харам» – радикалды экстремистік ұйым, олар өткен жылдан бері Нигерия аумағында және осы елмен көршілес мемлекеттерде ойран салып келеді.
Грозныйда қарсылық митингісі өтті
Кеше Грозный қаласында Мұхаммед пайғамбардың суретін бұқаралық ақпарат құралдарында келемеждеп салуға қарсылық білдірілген митинг өтті.
Қарсылық шеруі Минутка алаңынан басталып, жиналған халық «Чешенстан жүрегі» мешітіне қарай бет алды. Осы имандылық үйінде ұжымдық намаз оқылды. Мешіт жанында «Біз Мұхаммед пайғамбарды сүйеміз» деп жазылған плакат ілулі тұрды. Ал акция Чешенстан діни қауымының бастамашы болуымен ұйымдастырылды. Оған 1 миллионнан астам адам қатысты. Бұл соңғы уақытта Ресейдегі мұсылмандардың ұйымдастырған алғашқы акциясы емес. Осының алдында, яғни 17 қаңтарда Ингушетияда «Ислам – терроризм мен экстремизмге қарсы» деген митинг өткен болатын.
Жиһадшыларға қатысты саясатты сынады
«Ұлттық майдан» жетекшісі Марин Ле Пен Францияның жиһадшыларға қатысты саясатын сынады. Осыған байланысты өз ойын ол «Нью-Йорк Таймс» басылымындағы мақаласында келтірген.
Марин Ле Пеннің пікірі бойынша, азық-түлік сатылатын супермаркетте кепілдікке алынғандарды атқан террорист Амеди Кулибали Франция шекарасында кедендік бақылаудың болмауынан, ол автоматты Бельгиядан алуы мүмкін. Сондай-ақ, Ле Пен ЕО-ға мүше елдер арасында адамдар мен тауарлардың еркін қозғалысы Х.Бумеддьеннің Сирияға қашып кетуіне мүмкіндік беріп отыр деп есептейді. Және ол заңды және заңсыз жолмен келіп жатқан мигранттар Францияның құндылықтары мен зайырлылық сипатына қауіп төндіретінін атап өтіпті.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Өткен жылдың желтоқсанында Еуропалық сот ХАМАС қозғалысын терроршыл ұйымдар тізімінен шығару туралы шешім қабылдаған болатын. Еуропалық одақ соттың бұл шешіміне қарсы шағым беретініне ықтимал екенін білдірді.
*Зимбабвенің шығысында екі автобустың соқтығысуы салдарынан 25 адам мерт болып, 46 адам жарақат алды. Апат жолдың сапасыздығынан орын алған сияқты.
*Австралияның сыртқы істер министрі Джули Бишоп Твиттер қолданушыларынан жоғалтып алған сырғасын табуға көмектесуді өтінді. Табылған жағдайда өзіне қалай хабарласу керектігін де жазыпты.
*АҚШ билігі First National Bank of Crestview банкісінің қызметін тоқтатты. Бұл банк биылғы жылы елде жабылған алғашқы кредиттік ұйым болып саналады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.