Отбасындағы төрт баланың тұңғышы Айбек Төлегенұлы Ақсуат ауданындағы Ойшілік ауылында дүние есігін ашқан. Жастайынан домбыра шерту, ән айту сияқты өнерге әуестеніп, замандастарының алды болып өсті. Мектепте әр нәрсені білуге құлшынып, жанына жақын пәннің барлығында үздік нәтиже көрсетті. Сөйтіп жүріп 11 жыл зымырап өте шықты. Білікті маман болуды армандап, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Ойлана келе ата-анасының ақылын құп алып, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын таңдады. Айбектің сөзінше, бала күнгі арманы әскери қызметкер болу екен. Бірақ арманыма жетпей қалдым деп еш өкінбейді. Себебі артынан ерген екі бауыры бүгінде құқық қорғау мен әскери салада еңбектеніп келеді.
2009 жылы қолына дипломын алып, «Жастар практикасы» бағдарламасымен Семей қаласының ішкі саясат бөлімінде маманның көмекшісі болып еңбек жолын бастады. Айналасындағы дос-жарандары «жастайынан өмірін әкімдікке арнаған» деп әзілдесе де, 2015 жылға дейін қалалық әкімдікте компьютер техникасының операторы, бас маманның міндетін атқарушы, бас маман, Семей қаласы әкімінің көмекшісі қызметтерін атқарды.
Содан кейін де ішкі саясат бөліміндегі ақпараттық насихат жұмысы секторының меңгерушісі, бөлім басшысының орынбасары, ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымын ойдағыдай атқарып, әріптестері арасында да, ел ішінде де абырой-беделі биіктеді. Жақсы адамның жерде қалмайтыны сияқты іскер маманның қай кезде де сұранысқа ие екені бесенеден белгілі. Тапсырманы тап-тұйнақтай орындайтын қызметкер – қай кезде де таптырмайтыны басы ашық мәселе.
2022 жылы бағын сынап Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасына қарасты Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы және этносаралық қарым-қатынас мониторингі бөлімі басшысы лауазымына тағайындалды. Тартынып қалған жоқ. Талмай еңбек етті. Айбек Төлегенұлы ол күндер есінде ерекше қалғанын жасырмайды. Қызмет бабымен басқа қалаға ауысқандықтан, үш қызы мен сүйген жары Семейде қалды. Тұратын үйдің мәселесі біржақты шешілгенше отбасынан жырақта жүрді. Араға апта салып Өскемен мен Семей арасын жол қылатын. Қатты сағынатыны үш құлыншағы мен туған қаласы Семей еді. Сондықтан да болар 2022 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен облыс болып қайта құрылып, жеке отауын тіккен Абай өңіріне аппараттың ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы лауазымына ауысып келуге бірден келісімін берді.
25 жылғы үзілістен кейін тынысы қайта ашылып, түлеп келе жатқан облыс орталығының әр мезеті көз алдында өтіп жатқандықтан, Айбек Самат Абайдай алып, Шәкәрімдей кемеңгер, Мұхтардай ғұламаның кіндік қаны тамған мекеннің болашағы жарқын боларына сенеді. Бала күнінен жақсы көретіні де, арасында өзі де әуесқой футболшылар арасындағы турнирде топ жаратындықтан, облыс болғалы қайта құрылған «Елімай» футбол клубы мен «Семей» футзал клубының кездесулерін тамашалауға асығады. Бір өзі ғана емес қасына келіншегі мен үш кішкентайын ертіп барады. «Балаларымды ертіп баруымның да мәні тереңде. Олар бүгіннен бастап еліне еміреніп, жеріне жанкүйер болғаны дұрыс. Әкем де дәл осылай білгенімен бөлісіп, талабымның тасқа соғылмауына септігін тигізген еді», дейді Айбек.
Былтыр Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған Айбек Төлегенұлы мемлекеттік қызметкер болу әкімдік ғимаратында немесе кабинетте отырған сәтпен шектелмейтінін, жұмыстан тыс уақытта да көңілде тұратынын айтады. «Балаңмен бірге қаланың көрікті жерлерін аралап жүрген сәтте әр күн сайын дамып, көркейіп келе жатқан Семейді көргенде көңілің марқаяды. Туған өлкеңе қатысты жылт еткен жақсы жаңалықты да қуана қабылдайтынымыз рас», дейді ол. Шынында да, атқаратын жұмысыңның нәтижесін көзбен көру, көңілмен сезіну – сөзбен жеткізіп болмайтын жақсы дүние.
Үш баланы бірге тәрбиелеп отырған аяулы жары Ұлжан мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ол да ел ертеңі үшін еш аянбай, балалардың бетін білімге бұрып жүр. Қара шаңырақта қалқайып отырған әке-шешесі – еңбек демалысында асыға жететін ұлдарының тілекшісі. Көзінің ағы мен қарасындай болған жалғыз қарындасы Жадыра – арманына жеткен қаламы жүрдек журналист.
2023 жылдың қыркүйегінен бастап Абай облысы әкімінің аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бөлім басшысы қызметіне тағайындалған Айбектің мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек өтілі 12 жылдан асқан. Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан уақыт болғанымен, оның пікірінше мақсат-мұраты белгілі, бағдары айқын – отбасы тірегі бола жүріп, балаларының арманына жетуін көру, елге адал қызмет ету.
Рас, мемлекеттік қызмет – көп талқыланатын тақырыптың бірі. Абыройын алға ұмсына көрсетіп, мүмкіндігін шектен тыс асыра пайдаланатындар бұл қызметтің беделіне нұқсан келтіріп жүргенін де білеміз. Арамызда жүрген білікті мамандар, білімді жандар кеуде соқпайды. Олар елеусіз жүрсе де, ұшан-теңіз еңбек сіңіріп, өз саласының тасын өрге сүйреп, халықтың қамын жеп, елге қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ел ертеңі боларлық көпке үлгі осындай жандардың көбейгені – көкейдегі үлкен арман.
Абай облысы