Биыл ақпан айының 29 жұлдызында Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында қылмыскерді құрықтау сәтінде ерлік көрсеткен Абай облысы полиция департаменті Семей қаласы полиция бөлімі кавалерия бөлімшесінің аға сержанты Асхат Ахатов туралы ақпар тарады. Ол Қарағайлы шағын ауданының учаскелік полиция қызметкеріне көмек қажет екенін естіп оқиға орнына лезде барады. Қасындағы әріптестерімен бірге қылмыскерді ұстауға бекінеді. Алайда Асхат күтпеген жерден қарсы шабуылға тап болады. Пышақ жарақатын алса да, соңына дейін күресіп, күдіктіні қолға түсіреді.
Басын бәйгеге тігіп, қауіп-қатерден тайсалмай ер мінезділік таныту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Басқа қаруластарын күтіп те шешім қабылдауына болатын еді. Бірақ бұл дегеніңіз ойланып-толғанатын іс емес екенін есті жанның бағамдайтыны рас. Өзі қауіпті қылмыскер болса, қолында қаруы болса, онда қоршаған айналасына, ең бастысы, қоғамға да қауіпті адам екені түсінікті. Асхат шұғыл шешім қабылдап, оның жолына кесе көлденең тұрып тапжылтпай ұстауға күш салды.
Асхат Медыхатұлы 1997 жылы Абай облысының Жарма ауданындағы Жарық аулында дүниеге келген. Туған ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітіріп, Семей қаласындағы Еуразиялық техника-гуманитарлық колледжіне жол қозғалысын ұйымдастыру кафедрасына оқуға түседі. Оқу орнын 2017 жылы ойға алғанындай аяқтап, жол қозғалысын ұйымдастыру мамандығын алып шығады. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін 2019 жылы Семей қаласы полиция бөлімі кавалерия бөлімшесіне жұмысқа кірісті. Аға сержант шенінде шектен шыққандарды тәртіпке шақырып, қызметін абыройлы атқарып келеді.
Әкесі Медыхат Файзуллин Жарық елді мекенінде электрші қызметін атқарса, анасы Гүлсан Мұхаметкәрімқызы есепші болып жұмыс істейді. Асхаттың апайы мен қарындасы да өмірден өз орындарын тапқан жандар. Бала күнінен бастап тәртіп сақшысы болуды қиялдаған ол арманының орындалғанына дән риза. Алдыңғы буын өкілдерінен көп нәрсені үйреніп жүр. Әрдайым өтіп тұратын оқу-жаттығу жиындарына қатысып, қоғамға, адамдарға қауіп төнгенде қалай әрекет ету керек екенін меңгеруге тырысады.
Пышақ жарақатын алған оқиға жайында сұрағанымызда, әріптестерінің қолдау көрсеткенін баса айтты. Мұндай оқиға дәл басынан жиі өтіп тұрмаса да қызмет бабында үнемі бетпе-бет келетінін жеткізді. Ана жүрегі қашанда баласына бұрып тұратыны рас. Баласының жарақат алғанын естігенде, ет жақындарының ішінде анасы мен қарындасы қатты алаңдаушылық білдірген көрінеді.
Қылмыскерді құрықтауда қырағылық танытқан полиция сержанты Асхат Ахатовтың көзсіз ерлігі кім-кімге де болса үлгі. Әріптестер арасында алғысқа бөленіп жүрген жігіттің шығар тауы биік, жетер жетістігі көп боларына таудай талабы, бойына біткен қайсарлығы куә.
Абай облысы