Жемқорлық • 22 Маусым, 2024

Түркістан облысында білім бөлімінің басшылығы туыстарына 4 млрд теңге аударып жіберген

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісай ауданының білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруда, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

Түркістан облысында білім бөлімінің басшылығы туыстарына 4 млрд теңге аударып жіберген

Білім бөлімі басшылығы мен есепшілерді қоса есептегенде, 41 адам күдікке ілініп отыр. Облыстық прокуратураның хабарлауынша, қылмыстық әрекеттер 2021-2023 жылдар аралығында жасалған.

- Тергеу барысында аудандық білім бөлімінің басшылығы мен есепшілері өздерінің, сондай-ақ туыстары мен таныстарының есеп шоттарына белгіленген жалақыдан жоғары ақша аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жасағаны анықталды. 2021-2023 жылдар аралығында мемлекетке 4 млрд теңгеден астам залал келтірілген, - деп жазды Түркістан облыстық прокуратурасы.

Облыс прокуратурасының арнайы прокурорлары 41 қызметкерді, оның ішінде екі білім бөлімінің басшысын, бір бас есепші, екі орынбасарды және 36 есепшіні күдікті ретінде таныды.

- Ауданның бұрынғы және қазіргі білім бөлімінің басшылары ұстау изоляторына жабылып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастырудың барлық мән-жайлары мен фактісін анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзге ақпараттар ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес жариялануға жатпайды, - делінген ведомство хабарламасында.