Фото: facebook.com/epoxikoipirosvestes
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстан консулы бұл оқиғаға БАҚ-та жарияланғаннан кейін бірден жауап берген.
«Бұл ақпарат жарияланғаннан кейін Қазақстан консулы осы оқиға бойынша Грекия билігіне хабарласты. Полиция ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін және оларға ешқандай шағым түспегенін хабарлады», деді А.Смадияров.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Грекия бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстаннан келген туристер Грекияның Гидра аралында орман өртін шығарғанын хабарлаған еді.
Маусымның 21-і күні кешке демалушылар жалға алған яхтадан отшашу ұйымдастырған. Салдарынан қарағайлы орманда өрт тұтанған. Өртті сөндіруге өрт сөндірушілер мен еріктілер қатысты. Оған тікұшақ та тартылды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Гидра мэрі Джоргос Коукудакис әкімшілік өртті тудырған шетелдіктерді сотқа бермек ниетте екенін айтты. Өрт кезінде кемеде болғандардың барлығы, оның ішінде экипаж мүшелері де ұсталды.