Аида Балаева екі ел арасындағы мәдени байланыстың маңызын атап өтті. «Біз Беларусь Республикасымен мәдени-гуманитарлық, жастар және басқа да салалардағы ынтымақтастыққа үлкен мән береміз. Екі ел арасында шығармашылық алмасулар жүріп, солистер спектакльдерге, түрлі жобалар мен концерттерге тұрақты түрде қатысып тұрады. Біздің бірлескен жобаларымыз достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін», деді министр.
Павел Утюпин жемісті ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, мәдени алмасудың маңызын атап өтті. «Беларусь тарапы іс-шараға Қазақстан әртістері қатысатын болса, қуанышпен қабылдауға әзір. Шілде айында Витебскідегі «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде Қазақстанның дарынды әртістерін күтеміз. Мұндай бастамалар біздің халықтарды жақындастыруға және екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі», деп атап өтті елші.
Қатысушылар аталған жобаларды ғана емес, ынтымақтастықты арттыру келешегін де талқылады. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына орай фильм түсіруді қарастыру ұсынылды, бұл екі елге ортақ тарих пен мәдени мұраның маңызын көрсетеді.
Сондай-ақ тараптар екіжақты күн тәртібіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Ынтымақтастықты нығайтуды атап өтіп, өзара байланыстың әлеуетін арттыру үшін жұмыс тобын құруға дайын екенін білдірді.