Фото:agroinfo.kz
Министр баяндама басында былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, тамақ өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың қорытындысынан 1,5%-ға өсіп, 3,1 трлн теңгені құрағанына тоқталды.
– Салаға келіп жатқан инвестиция артып келеді, өткен жылы тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 3,9%-ға өсіп, 151 млрд теңгеге жетті. АӨК өнімдерінің экспорт көлемі 2022 жылдың деңгейінде сақталып, 2023 жылы 5,4 млрд долларды құрады. Өткен жылғы қолайсыз климаттық жағдайларға қарамастан, сала өндіріс көлемінің артуы есебінен құлдырауға жол бермеді. Қайта өңделген өнімдердің экспорттағы үлесі 42,6%-ға жетіп, 2,3 млрд долларды құрады. Экспортқа шығарылған өңделген мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 187 млн АҚШ долларын құрады. Бұл – барлық өңделген өнім экспортының 8,2%-ы. Дегенмен бұл үлесті арттырудың әлеуеті зор. Бұл ретте заттай түрде өңделген сүт өндірісі 2,9%-ға, сары май 18,6%-ға, ірімшік пен сүзбе 10,5%-ға, салқындатылған ет 9,8%-ға, шұжық өнімдері 0,9%-ға өсті, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Дегенмен министрдің айтуынша, құрғақ сүт өндірісі 25,4%-ға (7,4-тен 5,5 мың тоннаға), ет консервілері өндірісі 3,9%-ға (6,4-тен 6 мың тоннаға дейін) төмендеп кеткен. Жалпы, бұл өнімдер шұжық өнімдерімен бірге еліміздің импорт бөлігінің көшін бастап тұр.
Ведомство басшысы даму жылдарында саладағы бірқатар позицияның экспортын ұлғайтуға мүмкіндік туып, нарықтарды ашу бойынша да біздің өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бөлігінде біраз жұмыс атқарылып жатқанын айтып өтіп, саланың қайта өңдеуді дамытуды қиындататын проблемаларына да тоқтала кетті.
– Біріншіден, шикізаттың жетіспеушілігі және қымбаттығы. Статистикаға сәйкес, мал шаруашылығындағы шикізат жеткілікті болғанымен, деректер нақты жағдайға сәйкес келмейтінін түсінеміз. Мысалы, ресми статистикаға сәйкес жыл сайын шамамен 6,5 миллион тонна сүт өндіріледі, бірақ оның тек 2,1 миллион тоннасы 180 кәсіпорында өңделеді. Мұндағы парадокс: сүттің мұндай көлемі бола тұра өңдеуге қалайша шикізат жоқ? – деген А.Сапаров бұл фактіні мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да статистикалық деректерді бұрмалаудың көп жылдық «тәжірибесінің» болуымен түсіндірді.
Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен статистикалық деректерді өзектендіру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған екен. Комиссия жүргізген жұмыстың нәтижесінде 2 млн бас мал мен 3 млн тонна сүт есептен шығарылыпты. Ал өсімдік шаруашылығында жұмыс әлі жалғасып жатыр.
Екіншіден, импорттың жоғары үлесі де саладағы дамуды кешеуілдетіп отыр. Импорттың негізгі үлесін кілегей, май, құрғақ сүт, ірімшік және сүзбе алады. Тек кейінгі бір жылдың өзінде сүт өнімдерінің импорты шикі сүтке қайта есептегенде 2022 жылғы 580 мың тоннадан 2023 жылы 800 мың тоннаға дейін өскен.
Министр осы тұста арзан импорттың «тықсыруынан» бөлек, отандық өнімдердің өзіндік құнының шарықтап тұрғаны да мәселе тудырып тұрғанын жеткізді. Айталық, отандық сары майдың өзіндік құны – килосына 3 100 теңге. Ал өзге елдің импортының орташа бағасы – килосына 1 800-2 300 теңге арасында. Дегенмен біздің отандық өнімдердің сапасы анағұрлым жақсырақ екенін де естен шығармайық. Бірақ нарықтағы жағдай дәл қазір сападан гөрі бағаның арзанын іздеткізіп тұр.
– Әрине, бұл жерде техникалық регламенттерге және тұтынушылардың өнімнің құрамы мен сапасы туралы хабарсыздығына да байланысты, бірақ мұндай бәсекелестік ішкі өндіріске кері әсерін тигізеді. Сапасы төмен өнімдер мәселесін шешу үшін жауапты мемлекеттік органдардың қолдауы қажет. Сондай-ақ халыққа спрэд пен сары май, ірімшік пен ірімшік өнімі арасындағы және барлық басқа позициялар арасындағы айырмашылық жайлы ауқымды түсіндіру жұмыстары қажет. Бұл мәселеде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауы қажет, – деді А.Сапаров.
Сонымен қатар министрдің айтуынша, отандық өңдеу кәсіпорындарында моральдық және физикалық тұрғыдан тозығы жеткен жабдықтардың ілініп-салынып әлі жүруі және үлесінің жоғары болуы, жоғары технологиялық өндірістердің жоқтығы да қолды байлап отыр. Елдегі ет өнімдерін өндірушілер шетелдік әріптестерімен бәсекеге түсе алмай, кенже қалып жатыр. Өйткені олар сойылған малдың қан, ішек және өзге де төменгі бөліктері сияқты компоненттерін кәдеге жарата алмай келеді. Бағалау мәліметтеріне сүйенсек, біздің өндірушілердің сойылған малдың еттен басқа да компоненттерінен табатын пайдасы бір бастан шамамен 70 доллар болса, ал көрші елдерде олардың құны 200-ден 500 долларға дейін барады. Импорт етінің елімізге көп жағдайда арзан бағаға келетіні осы жағдайға да байланысты. Біз малдың лақтырып тастайтын ішек-қарын, тері, қан сынды компоненттерді кейбір сырт елдер қалдықсыз технологиямен кәдеге жаратып отыр. Сондықтан олар ұтылмайды.
Сонымен қатар министр қайта өңделген премиум өнімдер сияқты жоғары маржалық бағыттарды дамыту үшін ғылым мен өндірістің тығыз өзара іс-қимылы бойынша жұмыс қажет екенін атап өтті. Әрі салқындатылған еттің ұзақ сақталуын қамтамасыз етуге арналған әзірлемелер қажет. Бұл экспорт географиясы мен кірістілігін кеңейтуге мүмкіндік бермек. А.Сапаров бұл тапсырмалардан хабардар екенін және осы бағытта жұмыс істейтіндері жөнінде уәде берді.
Ауыл шаруашылығы министрі баяндамасында бизнес қоғамдастықпен және барлық мүдделі мемлекеттік органдармен түйткілді мәселелерді талдау және талқылау нәтижесінде министрлік қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудың алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспарын әзірлегенін жеткізді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленіп, Үкіметке бекітуге ұсынылды. Құжат қайта өңдеуді қолдаудың жаңа шараларын, жаңа нарықтарды ашуды, сондай-ақ қазақстандық өңдеушілерді қолдау үшін қорғау шараларын қолдануды көздейді, – деді министр.
Үкімет сағатында айрықша назар аударған ақпарат – биыл алғаш егіс жұмыстарына жеңілдікті кредит беру көлемі 580 млрд теңгені құрағалы отыр (бұрын 180 млрд теңге болатын). Бұл 9 млн га немесе 38% ауыл шаруашылығы дақылдарын (бұрын егістікпен қамту 15%-дан аспайтын) қамтуға мүмкіндік берді.
Биыл азықтық дақылдар көлемі 3,4 млн гектарға жеткізілген, бұл 2023 жылғы деңгейден 314 мың гектарға көп. Министрлік 2026 жылға қарай азықтық дақылдардың егіс алаңдарын 3,6 млн гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Жалпы министрлік ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспары аясында 5 жыл ішінде 372 млрд теңгеден астам қаржы, оның ішінде инвестициялық мақсаттарға 150 млрд теңге және айналым мақсаттарына – 222 млрд теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Жоспарды іске асыру тамақ және өңдеу өнеркәсібінің дамуына жақсы серпін беруге тиіс.
Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев мал шаруашылығы өнімдерін өндіру серпіні тұрақты дамуды көрсетіп, өсу үрдісі байқалғанымен терең өңдеудің үлесі әлі де төмен болып отырғанын атап өтті. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің үлесі еліміздің барлық өнеркәсібі өнімдерін өндірудің жалпы көлемінің небәрі 6 пайызын ғана құрайды екен.
Айтылған проблемалық мәселелерді шешу тек ауыл шаруашылығы министрлігіне емес, басқа да мемлекеттік органдарға да байланысты екенін атап өтті. Сондықтан барлық салалық министрлік айтылған ұсыныстарды ескере отырып, іс-шаралар жоспарларын біріктіру керек деп есептейтінін жеткізді.
Жиын барысында өзге де депутаттар салаға қатысты өзекті мәселелер жайында министрге сұрақтарын жолдады.
Жиынды қорытындылаған Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау саладағы мәселелер негізінен экономикалық мәселелерге тіреліп тұрғанын айтып өтті. «Жоспар, жұмыс ауқымы көп. Сондықтан мұның бәрі жалғыз министрліктің ғана мойнына артылған жүк емес, барлық мемлекеттік органдардың, тіпті тұтас Үкіметтің міндеті», деді А.Рау.