Суретті түсірген – Юрий Беккер
Еліміздің СІМ басшысы отырысқа қатысушыларды ҰҚШҰ форматындағы ынтымақтастық мәселелеріндегі Қазақстанның ұстанымы мен көзқарастары, бірінші жартыжылдықтағы ұйымға Қазақстан төрағалығының басымдықтарын іске асыру барысы туралы хабардар етті. Осы ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныс айтқан СІМ басшысы ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тиімді және сұранысқа ие халықаралық құрылым ретінде әрекет ететінін жеткізді. «ҰҚШҰ бүгінде ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тиімді және сұранысқа ие халықаралық құрылым ретінде әрекет етеді. Шағын құрамда әріптестермен халықаралық пен өңірлік ахуалдың даму үрдістерін және оның ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсерін жан-жақты талқыладық. Пікір алмасу өзекті сын-қатерлер мен ұжымдық қауіпсіздік қатерлерінің жолын кесуге бәріміз мүдделі екенімізді көрсетті», деді Мұрат Нұртілеу.
Сондай-ақ министр Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуалға тоқталды. Таяу Шығыстағы дағдарыстың жалғыз шешімі – Палестина мемлекетін құру. «Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуалдың қазіргі жағдайы мен даму келешегі бойынша бағалаулар салыстырылды. Көпжылдық қақтығыстың жалғыз шешімі Шығыс Иерусалимде астанасы орналасқан 1967 жылғы шекарада Палестина мемлекетін құру екеніне сенімдіміз. Жалпы, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары негізінде барлық дауды бейбіт жолмен шешуге шақырамыз», деп атап өтті Мұрат Нұртілеу.
Осы жылдар ішінде сыртқы саяси өзара іс-қимыл саласында үлкен тәжірибе жинақталды, сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күрестің тиімді әдістері белгіленіп, нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды, ұжымдық қауіпсіздіктің қажетті күштері мен құралдары жұмыс істеп жатыр. ҰҚШҰ-да терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша Ауғанстан билігімен неғұрлым нақты диалог құру қажеттілігі туралы пікір басым.
РФ СІМ басшысы Сергей Лавров Ауғанстан аумағынан келетін қауіптерге назар аударуды алға тартқанын, елді іс жүзінде бақылайтын Талибан үкіметімен нақты диалог жобаларын іске асыруға неғұрлым тұрақты, пәндік бағытталған диалогті жолға қоюды жақтайтынын айтты. Сондай-ақ ол Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка аймақтарындағы жағдайға түсініктеме берді. Ондағы проблемалар, оның айтуынша, бірқатар қақтығыстың, ең алдымен, Палестина-Израиль қақтығысындағы жағдайдың реттелмеуінен туындап отырғанын айтты.
«Бұл үдерістердің бір ұшы іргелес аумақтарға тиетіні анық, террористер Еуропа бағытында, көршілерімізге, ең алдымен, Орталық Азия мен Кавказға қарай жылжиды. Сондықтан біз бұл бағытты мұқият қадағалап, Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімдері негізінде жағдайды тұрақтандыруға, оны саяси шешімдерге аударуға үлес қосуға тырысамыз», деп сөзін қорытындылады С.Лавров.
Сыртқы істер министрлерінің кеңейтілген құрамдағы кездесуінен кейін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов журналистердің Армения Республикасының ұйымға мүшелігі туралы сұрағына жауап берді. И.Тасмағамбетов Арменияның саяси басшылығы елдің ұйымға қатысу келешегін нақтылаған жағдайда ҰҚШҰ-ның барлық қатысушысы үшін пайдалы болатынын атап өтті. «Армения біздің одақтасымыз болды және болып қала береді, біздің Армения алдындағы барлық міндеттемеміз күшінде қалады», деді ол журналистермен кездескен кезде.
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік жағдай, сондай-ақ оның ұйым елдерінің қауіпсіздігіне әсері туралы пікір алмасты.
Жиын қорытындысында министрлер тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі нысаналы мемлекетаралық бағдарламаның жобасын, сондай-ақ ҰҚШҰ аясында бітімгершілік, қаржы-ұйымдастыру қызметі және халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу саласындағы бірқатар құжатты мақұлдады.
Жиын барысында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасымен бірқатар құжатқа қол қойылды. Олар – Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану, Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдай және Белоруссияның нацистік басқыншылардан азат етілуінің 80 жылдығына арналған мәлімдемелер. Сондай-ақ ҰҚШҰ СІМ министрлері 2013 жылдан бері атқарылып келе жатқан ҰҚШҰ-ның тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі мақсатты мемлекетаралық бағдарламаны бекітті.
Жиын аяғында келесі отырыстың уақыты белгіленді. ҰҚШҰ СІМ кеңесінің келесі отырысы биыл қараша айында ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің сессиясы қарсаңында Астанада өтеді.
АЛМАТЫ