Жастар • 24 Маусым, 2024

Қабілет жас таңдамайды

93 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Адамның қабілеті мен мүм­кіндігі ғаламат. Тек өз бо­йындағы сол бөлекше қасиет­ті түрлі жаттығулар ар­қылы ұдайы жетілдіре білу керек. Сонда ғана адам айтса нанғысыз нәтижеге қол жеткізе алады. Мәселен, тоғыз жасында ағылшын тілінен ересектерге сабақ беріп, он төрт жасында екі бірдей оқу орталығын ашып, халықаралық IELTS емтиханынан 8,5 балл алған мектеп оқушысы Сая Қыдырәлі – сөзіміздің жарқын дәлелі.

Қабілет жас таңдамайды

«Қатарыңның алды бол» дейді баталы сөзде. Талап, талантымен көпті тәнті еткен Сая қазір қатарластарын басып озып, үлкендердің өзіне үлгі болып жүр. Алғыр қыз ағылшын тілін тез үйренудің тетіктерін алты жасында меңгеріп, небәрі тоғыз жасында өзгелерге шет тілін үйрете бастаған. 10-сынып оқушысының бүгінде 2000-нан астам шәкірті бар. Өзі мектепте жүріп, мұның бәріне ол қалай, қашан үлгеріп жүр? Ағылшын тіліне алғаш қалай қызықты?

«Абай атамыз отыз сегізінші қарасөзінде «Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша» дейді ғой. Расымен, ағылшын тілін алты жасар баланың саналы түрде үйренуі екіталай. Осыны білген анам түрлі ойындар арқылы бес жасымда шет тіліне қызығушылығымды оятты. Әрі қарай өзімнің де ынтам артып кетті. Осылайша, шетелдік мақалаларды оқып, ай сайын емес, күн сайын білімімді шыңдай түстім. Ал қазір сабақтан тыс уақытымда зияткерлік мектептерде сабақ беріп, қосымша табыс табамын», дейді С. Қыдырәлі.

Айта кетейік, алғыр қыз ана­сының сенімі мен қолдауына алғыс ретінде биыл пәтер сыйлаған. Саяның ендігі мақсаты – жоғары білім алып, білікті маман болу. Үйренуден жалықпайтын, үйре­туден аянбайтын жанға біз де сәт-сапар тілейміз.