Фото: Астана әкімдігі
Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Туризм жəне спорт министрлігінің спорт жане дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Астана қаласы Дене шынықтыру жəне спорт басқармасының спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов, «Qazaq Arlany» by M.Toitov бокс клубының негізін қалаушы, бокстан халықаралық дəрежедегі спорт шебері, «Astana Arlans» құрамында WSB нұсқасы бойынша екі дүркін əлем чемпионы, «Дала қырандары» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Мейірболат Тоитов және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, əуесқой бокстан əлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділов қатысушыларға жеңіс тіледі.
Жалпы жарысқа қолдау көрсетіп, келушілердің арасында блогер спортшылардан тартып, әлем чемпиондығына дейін жеткен спорт шеберлері болды. Ал қатысушылар өздерінің мұндай деңгейдегі шаршы алаңда жұдырықтасқандарына қуанышты екендерін жеткізіп, болашақ армандары туралы айтты.
«Мен бокспен үш жарым жылдан бері айналысып келе жатырмын. Осыған дейін 10-ға жуық алтын медаль алдым. Қазір жасым – 12-де. Болашақта Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосынов сияқты чемпион болғым келеді. Бұйырса, бүгінгі жарыста да өзімнің мықты дайындалғанымның нәтижесін көрсетемін», деді жас боксшы Арысбек Нарқозы.
Сондай-ақ жарысқа қатысатын балалардың әр қимылын бақылап, оларды осы сайысқа арнайы дайындап әкелген бапкерлер өздерінің болашақтан күтетін үміттері зор екенін айтып, жарысты ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Дүбірлі додаға Қазақстанның барлық аймағынан 200-ге жуық жас боксшы қатысып жатыр. 4 күнге созылатын жарыста жалпы есепте 15 салмақ дəрежесінде жеңімпаз пен жүлдегерлер анықталатын болады.