Аймақтар • 26 Маусым, 2024

Шикі ұсыныс – қате шешімге себеп

86 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің көптеген өңірінде ескі, қаусап тұрған тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бұл жоба Көкшетауда жүзеге аса ма, жоқ па, осы арасы дүдәмал.

Шикі ұсыныс – қате шешімге себеп

Фото: gov.kz

Құрылыс компаниялары басшыларының айтуына қарағанда, қойылып отырған шарт тым көп. Міне, осы мәселені талқылаған өңірлік кәсіпкерлер палатасын­да өткен жиында біржақты қоры­тынды шығару қиын болды. Сараптамашылардың пікіріне сүйенсек, идея жақсы болғанымен, ескі үйлерді бұзып, олардың орнына заман талабына сай жайлы баспана салу мәселесі тым күрделі. Біріншіден, ескі үйдің тұрғындары үйлерінің бұрынғы көлемін жаңа көлемге ауыстыруға көне ме? Ең бастысы, кейінгі жылдары жа­уыннан кейінгі саңырауқұлақша бой көтерген көпқабатты үйлерге қаладағы жылу қазандықтарының қуаты жеткілікті ме? Жылу электр орталығы болмағандықтан, жаңа үйлерді жылумен қамтамасыз ету мәселесі өткір сезіле бастады. Ендігі бір сауал – құрылыс жұмыстарының барысында қажетті материалдар бағасы қым­бат­тап кетпей ме? Одан басқа да форс-мажор мәселе аз емес.

Кездесу барысында облыс­тық Құрылыс, сәулет және қала құ­ры­лысы басқармасы бас­шы­сының орынбасары Азамат Байқуанышев атап өткендей, жаңарту бағ­дар­ламасы қала тұрғындарын сұрық­сыз, уақыт табына шыдай алмай, қаусап қалғалы тұрған ескі ғимараттардан жаңа үйлерге көшіріп қана қоймай, облыс орталығының сәулетіне әсер етпек. Бағдарламаның әкімшісі, қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі және Тұрғын үй инспек­ция­сы болмақ. Құрылысты қаржы­лан­дыруды жеке құрылыс салушы мен мемлекеттік органдар 80 және 20 пайыз арақатынасында қамтамасыз ете алады. Жаңа тұр­ғын үй жергілікті биліктің идеясы бойынша ескі үйлер бұзылған жер­де ғана салынады. Салынған құры­лыстың пәтері көп болса, кәсіп­кер сата алады.

Тұрғындар арасында ауызекі тілде автоқалашық деп аталатын аймақ бағдарламаға бірінші болып белгіленген. Бұл жерде бағзы замандағы барак үлгісіндегі бірнеше екі қабатты ескі үйлер бар. Бағдарламаға қатысу үшін тұрғындардың 100 пайыз келісімін алу қажет. Оларға жаңа пәтерлер шаршы метрге шаршы метр қағидаты бойынша беріледі. Ескі үйлерде көлемі 30 шаршы метрге дейінгілер де бар екенін ескерсек, тұрғындар қосымша аумақты тегін ала алады. Бірінші кезеңде осындай­ 48 пәтерді болашақ құрылысқа арналған телімді да­йындау үшін бұзу жоспарланып отыр. Олардың иелеріне жергілікті билік тұрғын үйдің 1 шаршы метрі үшін 300-312 мың теңге төлеп, сатып алады және құрылысты ин­фра­құ­рылыммен қамтамасыз ете­ді. Міне, осыдан кейін жеке құ­ры­лыс компаниясы өз есебінен 9 қ­а­батты үй тұрғызады.

Жаңа үйдің 48 пәтері бұрынғы барак тұрғындарының меншігіне беріледі. Қалған пәтерлерді нарық­тық бағамен сатуға болады. Былай қарағанда бәрі қисынды. Бірақ осы жоба кәсіпкерлердің өзіне тиімді бола ма? Жаңа үйлерді автономды газ қазандықтарымен жылытпақ. Демек жылу құны тым қымбат болады. Тұрғындардың өзіне коммуналдық төлемдерге жұмсайтын қаражатын қоссаңыз, әжептәуір жүк болғалы тұр. Барак үйлерде тұрған тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайы белгілі. Сайып келгенде бағ­дар­ламаға қатысуға кез келгеннің келі­сімін алу оңай болмауы да мүмкін.

Кәсіпкерлердің сауалы сан алуан. Олар өтеусіз беруге тура келетін 48 пәтер үшін 9 қабатты үйдің екі кіреберісіне орналастырылады. Ең бастысы, ақша табудың өзге көздері жоқ. Жоспарға сәйкес коммерциялық ғимараттар салуға болмайды. Ой елегінен өткізіп қарасаңыз, жоба қатысушыларына қойылатын талаптардың тізімі де барынша маңызды. Құрылыс салушы компания 1-3-санаттағы лицензияға ие болуы, облыс аума­ғында тіркелуі, материалдық және еңбек ресурстарының бар екенін растауы, банкроттық тарату рәсіміне жатпауы, кейінгі 3 жылда айтарлықтай салық айналымы болуы және соттың заңды күшіне енген шешімдері бо­йынша берешегі болмауға тиіс. Бизнес өкілдері 1 шаршы метрді 330 мың теңге деп бағалау нарыққа сәйкес келмейді деп отыр. Облыс орталығында 1 шаршы метрдің құны 370 мың теңге деп бағаланса, құба-құп. Алайда облыстық Құ­рылыс басқармасының өкілдері бұған ипотекалық бағдарламалар санының азаюына байланысты тұрғын үй құны төмендейді деген уәж айтады.

– Механизм дұрыс жұмыс істеуі үшін бағдарламаны әлеуетті құрылыс салушылармен бірге дайындау керек, – дейді «Ademi Holding» құрылыс компаниясының директоры Әділбек Мақышев. – Құрылыс материалдарының бағасы реттелмейді, үнемі өсіп отырады. Тәуекелдер өте жоғары. Уақытша тұрғын үйге қоныстанған адамдарға да, құрылыс салу­шы­лар­ға да салмақ түспеуі үшін осындай жағдайларды ескеру керек.

Тақырыпты түйіндей келе бағдарламаны тағы бір пы­сық­тап өтпесе болмайтынын айт­қымыз келеді. Көкшетауда ескі үйлер баршылық. Демек тілек білдірушілердің барлығына жұмыс жеткілікті. Ал нәтиже шығу үшін бар жайды түгел екшеген ләзім.

 

Көкшетау