Аймақтар • 26 Маусым, 2024

Оқу жүйесіндегі заңсыздық

94 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әділетті Қазақстанның басты ұстанымы – ашықтық пен әділдік. Алайда қазына қаржысын талан-таражға салуды көк­сей­тіндер қатарының азаймағаны көкейкесті мәселеге айна­лып отыр.

Оқу жүйесіндегі заңсыздық

Фото: zakon.kz

Елімізде мемлекеттік және­ жергілікті атқа­ру­­­шы органдарға түр­лі­ қызмет пен іс-шараға жұм­са­ла­тын артық шығынды қысқарту жөнінде тапсырмалар берілген еді. Алайда кейбір мемлекеттік органдар бұл тапсырманы орындамайтыны жиі байқалады. Мәселен, Жылыой ауданында сәуір айындағы су тасқынының зар­да­бын жою әлі жалғасып жатыр. Тұрғындардың кейбірі баспанасыз қалды. Осын­дай қиындық туын­даған ауданда ат спорты түр­лері­нен жарыс өткізу жоспарланып­ты. Сы­бай­лас жемқорлыққа қар­сы іс-қи­мыл агенттігі Атырау облыс­тық департаментінің бас­па­сөз қыз­­­метінің дерегіне қарағанда, Жы­лы­ой ауданының мәдениет, тіл­дерді дамыту, дене­шы­нықтыру және спорт бөлімі спорттық іс-ша­раға 22 млн 321 мың 429 теңгені жара­туды жоспарлапты. Бірақ ерік­ті­лердің ұсынысымен сатып алу конкурсы толығымен тоқта­тыл­ды.

Бюджеттен бөлінген қаржыны үнем­деуге мән бермейтіндердің қатарында мектептер жиі көрініс береді. Білім ордалары қажетті тауарды сатып алу үшін қаржыны оңды-солды жұмсауға неге әуес? Тіпті мектептер мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуден бұра тарту «бәсекесіне» түскен секілді көрінетіні көңілге кірбің ұялатады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындысымен берілген 12 ұсыныстың 8-і ғана орындалыпты. Алайда білім бас­қармасына қарасты меке­мелер­дің бейнебақылау жүйе­лері­не онлайн қосылу мүмкін­дігі, салыс­тыруларды автомат­ты түр­де жүр­гізу арқылы айыр­­­ма­шы­лықтарды анықтау мүм­кіндігі­мен бухгалтерлік есеп жүйесін «К2 Қазынашылық-клиент» бағ­дарламасымен интеграциялау, ақылы қызмет көр­сететін қосым­ша білім беру ұйымдарында баға калькуляция­сын бекіту секілді ұсыныстар орындалмады.

«Іс-шаралар жоспарында­ көр­сетілген осы ұсыныстар білім беру саласындағы тәуе­кел­­дердің алдын алуға, туындауын болдырмауға ықпал етер еді. Талдау нәтижесінен кейін 1 қыл­мыстық іс қозғалды. Бюд­­жеттің 90 млн теңге көле­мін­­дегі қаржысын заңсыз жұм­­сау дерегі, 9 сыбайлас жем­қорлық тәуе­келі анықталды. Депар­та­менттің ара­­ласуымен 7 млн теңге бюджетке қайта­рыл­ды», дейді Ерұлан Серікқалиев.

Өткен жылдан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер мемлекеттік сатып алу конкурсына мониторинг жүргізуді қолға алды. Мәселен, Махамбет аудандық білім бөліміне қарасты З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебі фортепианоның бір данасын 1 млн 510 мың теңгеге сатып алуды жоспарлағаны анықталды. Осылайша, 10 музыкалық аспап үшін жалпы сомасы 15 млн 104 мың теңгені жұмсау көзделіпті. Волонтерлер жүргізген мониторингке сәйкес, музыкалық аспап­тың орташа бағасы 651 мың ­544 теңге екені анықталып отыр.

«Еріктілер араласқаннан кейін тауардың бағасы өзгертіліп, бір данасы үшін 870 мың теңге болып белгіленді. Он музыкалық аспап­тың бағасынан 6 млн 404 мың теңге көлеміндегі бюджет қар­жы­сы үнемделді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Осы аудандағы Жалғансай орта мектебі 90 дана партаның әрқайсысын 121 мың 428 теңгеден сатып алу үшін 10,9 млн теңге бөліпті. Алайда бұл тауардың орташа бағасы 30-40 мың теңгені құрайтыны ескерілмеген. Ерікті­лердің ұсынысынан кейін тапсырыс беруші 1 партаның бағасын 2,5 есеге – 44 мың 642 теңгеге тө­мен­детіпті. Сөйтіп, сатып алынатын парталардың санын 208 дана­­ға дейін көбейтіп, 9,2 млн теңгеге ­сатып алуды қайта жариялады.

Махамбет ауданында осыған ұқсас тағы бір жайт байқа­лып отыр. Нақтылай айтқанда, аудан­д­ық білім бөліміне қарасты Қ.Қа­лы­­беков атындағы Сарытоғай орта мектебі 16 млн 607 мың теңгеге 2 дана ұлттық киіз үй сатып алмақ болған. Конкурста бір киіз үйдің бағасы 8 млн 303 мың 571 теңге ­деп көрсетілген.

«Еріктілер жүргізген мониторинг кезінде ұқсас тауардың медианалық бағасы 2 млн 650 мың теңгені құрайтыны анықталды. Мониторинг нәтижесімен сатып алу жойылып, бюджет қаржы­сы­ның тиімсіз жұмсалуына жол бе­ріл­меді. Жыл басынан бері сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы ерік­тілер 130 млн теңгеден астам бюджет қа­ра­жатын үнемдеді», деп мә­лім етті департаменттің баспасөз қыз­ме­­т­і­нен.

Ал Қызылқоға ауданындағы№9 орта мектебі күзет қызметі үшін 48 млн теңге төлеуді ұсыныпты. Бірақ талдау көрсеткендей, облыста білім беру ғимараттарын күзету қызметінің орташа бағасы 3,5 млн теңгені құрайды екен. Тағы да сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлердің сатып алу үдерісіне талдау жүргізгеннен соң күзет қызметінің бағасы 12 есеге, 4 млн теңгеге төмендетілді.

Атыраулық еріктілер жыл ба­­сынан бері бюджеттен бө­лін­­ген 130 млн теңгенің негізсіз жұм­салуына жол бермеді. Оның ішінде биыл бі­рін­ші тоқсанда бюджеттің 53,9 млн теңгеден астам қаржысы үнем­де­л­ген.

­

Атырау облысы