Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ұлттық тестілеу орталығының Қостанай қаласындағы филиал басшысы Нұргелді Хасеновтің айтуынша, биыл талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, соның ең үздік нәтижесімен грант конкурсына қатыса алады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және тест тапсыратын орынды өздері таңдады.
«Биыл балалар үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. ҰБТ тапсырмаларының саны – 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды», дейді Нұргелді Хасенов.
ҰТО басшысының айтуынша, тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі. Ал көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленген.
«Қазір жалпы тестілеу қаңтарда, наурызда, маусым, шілде, тамыз айларында – жалпы жылына бес рет өтеді. Осыған байланысты балалар тест тапсыруға психологиялық тұрғыдан әбден дайын болып келеді. Сондықтан 5 рет тест тапсырған, ең алдымен, балалардың өздері үшін жақсы. Қазір балалар мен ата-ананың бойында бұрынғыдай қорқу, толқу, қобалжу жоқ. Әбден үйреніп алды», дейді Ұлттық тестілеу орталығының басшысы.
Нұргелді Сәлімжанұлының айтуынша, соңғы жылдары ҰБТ тапсырушылар арасында тәртіп бұзушылық көп азайған. Мәселен, Қостанай қаласындағы ҰТО-да осы уақытқа дейін тәртіп бұзу жағдайы екі-ақ рет тіркелген. Бір бала қағазға жазылған дайын жауапты көшірмек болған, екіншісі тестілеу орталығына ұялы телефон алып өтпек болған.
Қостанай облысы