Мәдениет • 26 Маусым, 2024

«Қазақ концерт» – Қытай төрінде

46 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мем­лекеттік академиялық концерттік ұйымының әртістері мен шығармашылық ұжымдары 20-22 маусым күндері Қытай Халық Республикасының Дэчжоу және Ланфан қалаларында өнер көрсетті.

«Қазақ концерт» – Қытай төрінде

Мәдени іс-шара ел Президенті Қ.Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бірлескен мәлімдемесіне сәйкес 2024 жылы Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасының Туризм жылын атап өту туралы уағда­ластығын іске асыру аясында өтіп отыр.

Өнер кешіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер­лері Елмұра Жаңаберген, Ардақ Бала­жанова, Салтанат Ахметова, Медет Чотабаев, Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков, халық­аралық және республикалық конкурс­тардың лауреаты Әділхан Макин, сондай-ақ «Гүлдер» және «Астана сазы» ансамбльдері қатысты.

Өнерпаздар дәстүрлі және заманауи ұлт мәде­ниеті мен руханиятын таныстырып, отандық композиторлар мен халық әндерін шырқап, қазақтың киелі қара домбырасы мен қылқобызы арқылы ұлттық өнерімізді қытай жұртшылығына паш етті.

Белгілі отандық орындаушылардың қаты­суымен өтетін музыкалық кеш өнерсүйер қауым үшін нағыз мереке болды. Салтанатты концерт бейбітшілік пен келісімді мақсат тұтқан көрші халық­тардың екіжақты қатынасының дамуына серпін беріп, ұлттар достығы мен сыйластығының артуына қосылған үлес іспеттес екені анық.

Айта кетейік, гастрольдік сапар Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің және дипломатиялық өкілдіктердің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.