Облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Әйгерім Құрманберлиеваның айтуынша, биыл «Жасыл ел» бағдарламасына қатысу үшін 1 мың 700 жастан өтініш түскен. Оның ішінде 1 мың жас іріктеліп алынған.
«Биыл табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты «Жасыл ел» жастар жасағының кезекті еңбек маусымын 12 маусымда бастау ұйғарылды. Оған 16 мен 35 жас аралығындағы 1 мың жас қатысады. Бұл жоба Атырау қаласының аумағындағы 6 ауылдық округ пен 7 ауданда іске асырылады. Жұмыспен қамтылған жастар көгалдандыру, абаттандыру бағытына қоса құрылыс саласында жұмыс істейді. Мәселен, Жылыой ауданынан 140 жас су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан тұрғын үй құрылысына және көгалдандыру жұмыстарына тартылады», дейді Әйгерім Құрманберлиева.
Оның дерегіне сүйенсек, биыл облыс бюджетінен «Жасыл ел» жобасына 110 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржы ұйымдастырушылар мен жұмысқа тартылған жастардың жалақысын төлеуге, түрлі акция мен сенбілік өткізуге, арнайы киім мен түрлі құрал-сайман алуға жұмсалады. Ал құрылыс саласында жұмысқа тартылған жастарға берілетін жалақы – 85 мың теңге. Бұған қосымша құрылыс компаниялары тарапынан жастарға дәл осындай көлемде қаржы төленеді.
Атырау облысы