Жәдігер • 25 Маусым, 2024

Сәкенге өзбек әріптестерінің тартуы

38 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне қатысты көптеген құнды жәдігер бар. Соның бірі – 1934 жылы өзбек қаламгерлерінің дауылпаз ақын 40 жасқа толғанда сыйға тартқан шапаны мен тақиясы.

Сәкенге өзбек әріптестерінің тартуы

Сәкентануға бар ғұмырын арнаған белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы: «Сәкеннің сәні – бүкіл қазаққа та­нылған серіліктің, сырбаздықтың, кербездіктің жақсы үлгісі болатын», деген еді. Ғалымның осы бір ауыз сөзі айтулы тұлғаның бекзат болмысын толық ашып тұр. Ақынның жақындары өз естеліктерінде Сәкен осы шапан пен тақияны үйде жеке шығармашылықпен айналысқанда киіп отырғанын жазады. Сондай-ақ сыршыл суреткердің Мәскеуде кеңес жазушыларының I cъезінде делегаттардың арасында осы та­қияны киіп түскен суреті де бар. Бұл бейне 1964 жылы ол туралы түсірілген деректі фильмде көр­сетіледі. Өзбек шеберлері шапанды жолағы бар таза матадан тіккен. Жолақтар жасыл, сұр және қою көк түстен тұрады. Ал тақия түрлі-түсті жібек жіптен тігілген. Қайраткердің зайыбы Гүлбаһрам Сәкен ақталғанға дейін ерінің тұтынған заттарын көзінің қарашығындай сақтапты. Бір жағынан, болашақта ақынға музей ашылса, соған тапсырмақ ойы да болған. Бірақ адамның ойлағаны бола бере ме? 1973 жылы Гүлбаһрам дүниеден озғаннан кейін ардақты азаматтың заттары Алматыдағы музейге өткізілген. 1988 жылы біртуар тұлғаның ізі қалған бұрынғы Ақмола, қазіргі Астанада Сәкен Сейфуллин музейі ашылып, осы мұражайға сол жәдігерлердің біразы тапсырылды. Биыл Сәкен атамызға өзбек дос­тары сыйлаған шапан мен тақияға 90 жыл толады. Бүгінде ақын өмірінен бір үзік сыр шертіп тұрған құнды жәдігер аталған музейдің төрінде тұр.