Қоғам • 27 Маусым, 2024

Игілік басы – ынтымақ

151 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Орал қаласының Достық үйінде өңірлік Қазақстан халқы Ассам­блеясының XXVI сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деген атпен өтті.

Игілік басы – ынтымақ

Алқалы жиынға Ассамблея мүше­лері, этномәдени бірлестіктер мен құры­лымдық бөлімшелер, аудан әкімдері мен орынбасарлары, аудандық, қалалық, облыстық Ақсақалдар және Аналар кеңес­терінің төрағалары және мүшелері, биз­нес өкілдері, «Ассамблея жастары» жас­тар қозғалысының өкілдігі мен ерік­тілер қатысты. Батыс Қазақстан облы­сының әкімі, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нариман Төреғалиұлы жүргізген бас­қосу­да еліміз бен Ақжайық өңіріндегі бірлік пен татулық, қоғам алдындағы құндылықтар талқыға түсті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл сәуір айында елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясы отырысында «Түрлі сын-қатерге қарамастан, біз стратегиялық мақсат-міндеттерімізден айнымаймыз. Еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз қажет. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз. Дәл сол себепті Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды» деген болатын. Сессияда Президентіміз нақты тапсырма берді, Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына да біраз мақсат-міндет қойылды. Міне, осы тапсырмаларды Ақжайық өңірінде іске асыруымыз қажет, – деді Нариман Төреғалиев.

ап

Әдетте көп ескере бермейтін құндылық ел басына күн туған сәтте алдыңғы қатарға шығады. Күні кеше Қазақстанның басым бөлігін әбігерге салған табиғи апат – көктемгі су тасқыны кезінде еліміздің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ұйымшылдығы ерекше көзге түсті. Тарих тоғыстырған тағдыры бір, сеніммен қадам басатын келешегі бір, біртұтас ұлтқа айналған Қазақстан халқы бабалар аманатына адал болып, қасиетті қара шаңырақ – еліміздің жарқын болашағына жұмыс жасауға тиіс екенін облыс әкімі де қадап айтты.

Қай қоғамда да әртүрлі өзекті және күрделі мәселе болатыны, ол кез келген уақытта туындайтыны рас. Кейбір түйінді тарқату үшін көпті көрген көнекөздің ақыл-кеңесі ауадай қажет болып жатады. «Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең» дейді дана халқымыз. Ақсақалдардың осындай әлеуетін Ассамблея да оңынан пайдаланып отырғаны қуантады. Мұны өңірлік Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, БҚО қоғамдық медиаторлар кеңесінің төрағасы Қайреден Жақсығұловтың сөзінен анық байқадық.

– Біздің кеңестің негізгі мақсаты – азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік, татулық құндылықтары төңірегінде ұйымдастыру, яғни кез келген күрмеуі қиын мәселеде шешім тауып, қос тарапты бітімге шақыру. Бұл бағыттағы жұмысты ешқашан тоқтатпаймыз. Өйткені мұндай істердің қоғам үшін, мемлекеттің дамуы үшін айтарлықтай ықпалы бар, – дейді Қайреден Қадырғалиұлы.

Ақсақал қазіргі қоғамның түйткіліне айналған бірнеше мәселені қозғап өтті. Соның бірі – жастарымыздың бүлдіргі насихатқа ілесіп кетуі.

– Ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасында әйелді кемсіту, тіпті қорлау оқиғасы көбейіп кетті. Дін арқылы отбасына, қоғамға іріткі салынып жатқанда әр азамат жағдайға араша түсуі керек. Ол үшін, Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, «Біз дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет». Әр ата-ана баласына Ислам дінін білім мен ғылымның діні, Анаға құрмет көрсететін дін, ауызбіршілік пен адамгершілікті насихаттайтын, адалдық пен тазалықты талап ететін дін екенін түсіндіруге тиіс, – деді Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Қ.Жақсығұловтың егде тартқан жасына қарамай қоғамдық істерге, әсіресе экологиялық қозғалыстарға белсене қатысып жүргеніне куәміз. Орал қаласының іргесінде біраз жылдан бері кеуіп қалған Әнес көлінің қайта оралуы дәл осы Қайреден ағайдың еңбегі. Биыл Жайық өзені тасып, жан-жағына жайылған кезде Әнес көлінің аңғары да суға толған еді. Өзен деңгейі төмен түскенде көл суы бірге кетпеуі үшін бастама көтеріп жүріп бөгет орнатты. Сөйтіп, Әнес көлі халық сүйіп жиналатын табиғат мүйісіне айналды. Жақында ғана осы Әнес көлінің жағасында «Әкелер күні» мерекесі өтті. «Болашақта қала билігі, тиісті мекемелер көмектесіп, көл суын реттеп отыратын гидротехникалық қондырғы – қақпа орнатып берсе» дейді осы бастаманың жолында жүрген ақсақалдар. Қайреден Қадырғалиұлының бастаған ісін жолға қалдырмайтын тынымсыз мінезін білгендіктен, ол да жүзеге асатын іс деп сенеміз. Балығы тайдай тулап, бақасы қойдай шулап жататын Әнес көлінің бұрынғы барақатты шағы қайта айналып келсе керек.

Жиында облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Дос» қоғамдық қорының жетекшісі Вера Шохина да сөз алып, ассамблея аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мысалы, әлеуметтік тапсырыс аясында әр этностың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында жыл сайын өңірде «Этностық мәдениет күні» жобасы өтеді. Шешен-ингуш халқының Орталық Азия мен Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл толуы аталып өткен. Ассамблея кафедрасы мен ғылыми-сараптамалық топ өкілдерінің қатысуымен пікір алмасулар ұйымдастырылған. Мұндай іс-шаралар депортацияның қиын жылдарында аман қалғандарды құрметтеуге, тарихымызды байытуға, өткенді құрметтеуге тәрбиелейді. Вера Шохина өңір басшысынан Достық үйінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға, әлеуметтік тапсырыстар аясында Ақсақалдар және Аналар кеңестері, ассамблея жастарының қызметтерін қолдау мақсатындағы жобаларға қосымша қаржы бөлуді сұрады.

Ал облыс әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманалина отбасы құндылығы тақырыбына терең тоқталды. Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжоловтың: «Отбасы – шағын мемлекет, мен – президент, сен – премьер» деген өлең жолдарын келтіре отырып, отбасындағы ішкі үйлесімділік, әке мен ананың рөлі, бірін-бірі толықтыруы сынды мәселелерді көтерді.

– Ұлттың тәрбиесі – ананың мойнында. Олай болса, ұлтты мәдениетті ету үшін біз ананы мәдениетті етуіміз керек. Аналар кеңесінің жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру үшін бас­ты құндылықтарды айқындадық. Олар: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауап­кершілік, заң және тәртіп, еңбек­қ­орлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Ал отбасы – жеке құндылықтарды қалып­тастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы. Сондықтан Батыс Қазақстан облысында қазір 157 аналар кеңесі жұмыс істейді. Оның 12-сі – аудандық, 143-і ауылдық округтерде қызмет етеді. Бұл ұйымдарда 1 230 белсенді ана қоғамдық жұмысқа тартылған. Аналар кеңесінің жұмысы «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының негізінде ананың рухани және тәрбиелік рөлі арқылы қоғамдық келісімді нығайту, отбасы құндылық­тарын насихаттауға бағытталған, – дейді Шалқыма Хайроллақызы.

Көктемгі су тасқыны кезінде аналар кеңесінің мүшелері баспанасы суға кеткен тұрғындар уақытша панала­ған 12 эвакуациялық қосынды тұрақ­ты аралап, жерлестердің жағдайын біліп, гуманитарлық жүк таратып, пси­хологиялық көмек көрсетумен жүйелі айналысты.

– Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты. Қазақстан – көптілді ел болға­ны­мен, ұлтаралық татулықты, бірлікті мемлекеттік тілге орасан зор басымдық берілгенде ғана қалыптастыра аламыз, – деді саналы өмірін педагогика саласына арнаған тәжірибелі ұстаз.

Дәл осы ойды «Қазақстан ұйғыр­лары­ның республикалық мәдени орта­лығы» қоғамдық бірлестігінің Орал қаласындағы филиалы төрағасының орынбасары Илияр Муталипов тереңдете түсті. Мемлекеттік тілде шебер сөйлеген Илияр Мұсажанұлы замандастарын қазақ тілінің аясына топтасуға шақырды. «Жастық қалыптасу шағы кеңестік кезеңге тап келген аға буыннан мемлекеттік тілді талап ету қиын болар. Алайда қазіргі жастар, менің замандастарым қазақ тілін білуге міндетті. Өзім мемлекеттік қызметкер болғандықтан, Қазақстанда қазақ тілі қашанда бірінші орыннан көрінуі керек деп есептеймін. Ол үшін мемлекеттік мекеме басшылары қол астындағы қызметкерге қазақ тілін білудің міндеттілігін түсіндіруі қажет. Қызметке қабылдау кезінде үміткердің ұлтына қарамай, мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі ескерілгені жөн. Қызмет барысында мемлекеттік тілді қолдануға тиіс», деген Илиярдың сөзін көпшілік қызу қол соғып құптады.

Рас, ынтымақ пен татулықтан артық байлық жоқ. Бұған кешегі су тасқыны кезінде халықтың анық көзі жетті. «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясының» директоры, облыстық мәслихат депутаты Валерий Крылов та, БҚО ҚХА «Бірлік» азербайжан этномәдени бірлестігі­нің төрағасы Наджаф Мамедов та өз сөздерінде «төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» айтты.

– Әлем халқы жаһандық өзгерістер толқынын басынан кешіріп жатыр. Мұндай сынақтан тек бірлігі бекем, ынтымағы жоғары халық қана аман шыға алатынын көріп отырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы – жалпыұлттық келісім институты ретінде өз миссиясын адал атқарып, ортақ Отанымыздың басты құндылықтарын қорғауға қызмет етсін! Ел бірлігін сақтай отырып, Тәуелсіздік Туын әрдайым биік ұстап, мемлекеттігіміздің нығаюына бағытталған жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін – деді сессия жұмысын қорытындылаған өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Сессия соңында өңірдің Қазақстан халқы Ассамблеясы XXVІ сессиясының хаттама шешімдері қабылданды. Оның ішінде мемлекеттік органдардың, сая­си партиялардың, «Ассамблея жас­тары» мен қоғамдық этномәдени бірлесіктердің қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 іс-шаралар жоспарын дайындау, БҚО ҚХА жастар жобаларының, бірінші кезекте волонтерлік жобаларының тіз­бесін айқындау, Ассамблея белсенді­лері мен қоғамдық құрылымдарын нашақорлықты, ойынқұмарлықты, отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылықты, вандализм мен ысырапшылдықты қоғамның қабылдамауын қалыптастыру жұмысына тарту, Достық үйінің қызметін жергілікті қоғамдастықтар үшін заманауи комьюнити-орталықтар, бірлік, жасампаздық және өрлеу құндылықтарын ілгерілету орталықтары ретінде одан әрі күшейту, БҚО ҚХА аналар кеңестері мен ақсақалдар кеңестерінің қызметін арнаулы гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қолдау секілді сан-салалы міндеттер бар.

 

Батыс Қазақстан облысы