Жиын барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов үш айдан бері жүріп жатқан ауқымды тазалық іс-шараларының нәтижесінде ауыл-аймақтың, қалалық мекендердің ажары кіріп қалғанын тілге тиек ете келіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бүкіл ел көлемінде жүріп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы тек көше сыпырып, көшет отырғызумен ғана шектелмейді. Біз өзіміз тұрып жатқан үйдің ауласынан бастап айналамызды, жалпы өңірдің өңін ашып, сәнін кіргізіп, таза әрі әсем ортада өмір сүруіміз керек. Акция аясында өңірде бірталай шаруалар атқарылды. Алайда ауыл келбетін өзгерту, елді мекендерді абаттандыру, заңсыз қоқыс алаңдарына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды әлі де ширата түсу қажет», деді әкім.
11 сәуірде өңірде бірыңғай санитарлық тазалық іс-шаралары басталып, барлық елді мекендер шама-шарқынша абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына кіріскен. Көптің күшімен бітетін бұл игі іске мемлекеттік қызметшілер, жергілікті кәсіпорын ұжымдары, шаруа қожалықтары, мұғалімдер, қоғамдық ұйымдар, мәслихат депутаттары, полиция қызметкерлерімен қатар қарапайым тұрғындар мен волонтерлер де тартылды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәурен Асқаровтың айтуынша, өңірдің 250 мыңға жуық тұрғыны атсалысқан тазалық акциясы «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» деген тақырыптар аясында өтіп жатыр. Мысалы, «Таза өлке» жобасы аясында жергілікті әкімдіктер апта сайын жалпықалалық, жалпыаудандық сенбіліктерге шығып, заңсыз қоқыс алаңдарын жою, аумақтарды тазалау, ағаш отырғызу тәрізді жұмыстарды атқарып жатыр. Аталған іс-шара барысында облыс аумағында 146 заңсыз қоқыс алаңы анықталып, оның 113-і жойылған.
«Қазір қалған қоқыс алаңдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Әдетте заңсыз қоқыс үйінділері иесіз қалған, бос тұрған ғимараттардың маңайында пайда болады. Бірталай елді мекендердің сыртқы келбет-көрінісін осындай бос ғимараттар бұзып тұр. Жыл басынан бері өңірде иесіз бос тұрған 820 ғимарат анықталды. Оның 694-і ештеңеге жарамсыз, тек бұзып тастау керек. Бүгінге дейін 216 ғимарат иесіз деп танылып отыр», деді басқарма басшысы.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жер-жердегі тарихи ескерткіштерді де жөнге келтіруді тапсырғаны белгілі. Өңірде тарихи және мәдени мәні бар 2 мыңға жуық ескерткіш бар. Оның 1 252-сі – археологиялық ескерткіш, 39-ы – кесенелер мен ғимараттар, төртеуі – киелі нысандар, 610-ы – монументалды өнер нысаны. «Киелі мекен» жобасы аясында осы аталған ескерткіштердің маңайы тазартылып, қоршауы бүтінделіп, кейбіреулеріне жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«Жасыл аймақ» жобасы аясында биыл өңірде 133 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Бүгінге дейін соның 52 585-і отырғызылды. Жасыл желек тамыр жайып кеткенше суғарып, тамырын қопсытып, күтім жасап отыру жағы да қарастырылып қойған.
«Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында өңірде тұрғын үйлердің ауласы тазартылып, ардагерлер мен жалғыз басты зейнеткерлердің мекенжайларына, қарттар үйлерінің маңайына сенбіліктер ұйымдастырылды. 10 мыңнан астам адам қатысқан апталық аясында көзден таса жатқан 70-тен астам алаң қоқыстан тазартылып, оның орнын ағаш көшеттері басты.
«Мөлдір бұлақ» жобасы аясында облыста 40-тан астам өзен, көл тазартылып, арықтар мен бұлақтардың көзін ашу жұмыстары жүргізіліп, 10 тонна қоқыс шығарылды. Мысалы, таяуда ғана Бейімбет Майлин ауданына қарасты Журавлев елді мекенінің маңайында бітеліп қалған бұлақ көзі ашылып, осыған орай ауыл тұрғындары кәдімгідей салтанатты рәсім өткізді», деді Д.Асқаров.
Мұның сыртында Мемлекет басшысының коммуналдық саланы жеткілікті түрде қажетті техникамен қамтамасыз етіп, қызмет жұмысшыларын ынталандыру, аумақтарды таза ұстау, көгалдандыру мақсатында әрбір елді мекенде «Үздік аула», «Таза аудан» конкурсаты ұйымдастырылатын болады. Мұндай байқауларды өңірде бірінші болып Жітіқара ауданы қолға алып жатыр. Жалпы, биыл қалалар мен ауылдарды абаттандыруға, елді мекендерді жарықтандыруға, қоршауларды жаңартып, балалар мен спорт алаңқайларын көбейтуге, ауыл ішіне төсемтас төсеп, көгалдандыруға, заңсыз қоқыстарды шығаруға, жасыл желектерді күтіп-баптауға жергілікті бюджеттен 11 млрд теңге қаржы қарастырылған. Мәселен, тек елді мекендерді жарықтандыруға ғана 4,2 млрд теңге бөлініп отыр. Биыл өңірде барлық елді мекендердегі көшелердің 90 пайызын жарықтандыру жоспарланып отыр.
Жиын барысында шалғай ауыл әкімдері де мінберге шығып, ауылды абаттандыру жөнінде баян етті. Мәселен, Арқалық қаласына қарасты Восточный ауылының әкімі Дархан Жағыпаров тек қалада ғана емес, облыс орталығынан шалғай жатқан алыс ауылдарда да ауқымды істер атқарылып жатқанын айтты. Жалпы, мыңға тарта тұрғыны бар Восточный ауылында 304 үй түтін түтетіп отыр. Шалғайдағы шағын елді мекеннің орта білім беретін мектебі, дәрігерлік пункті, кітапхана, поштасы, ветеринарлық пункті, наубайханасы мен орталық моншасы бар. Ауылда 15 жеке кәсіпкер, 13 шаруа қожалығы, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 5 азық-түлік дүкені жұмыс істейді.
«2023 жылы мемлекет тарапынан «Ауыл –ел бесігі» бағдарламасы аясында 314 млн теңге қаржыға ұзындығы 5,5 шақырым болатын аулымыздың 11 көшесінің ішкі жолдары орташа жөндеуден өтті. Бұл жұмысты мердігер «Алмас құрылыс Kazakhstan» ЖШС атқарды. Сонымен қатар 14,9 млн теңге қаражатқа аулымыздың барлық көшелеріне толықтай жарық шамдары орнатылып, сымдары ауыстырылды. Бұған дейін ауылда 92 шам болса, қазіргі уақытта 212 шам бар. Бұл жұмысты мердігер «Доссемстрой» ЖШС атқарды. 10 млн теңгеге ауыл мектебінің шатыры жаңартылып, жөндеу жұмысы жүргізілді. «Восточное ауылы» серіктестігімен жасалған меморандумға сәйкес 80 млн теңгеге жалпы ауданы 1 800 шаршы метр болатын жасанды төсеніші бар футбол алаңы салынды. Сонымен қатар аталған серіктестік ауыл аумағында өз жұмыскерлеріне арнап жалпы ауданы 200 шаршы метр болатын 2 жаңа үй салып берді. Биыл ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталды. Жобаның құны 246 млн 355 мың теңге болады. Бұл жұмысты мердігер «Алюминстрой» ЖШС атқарады. 1 млн 600 мың теңгеге ауыл көшелеріне жол белгілерін орнату жұмысы басталды. Жоба бойынша бұл жұмыс маусым айының соңына дейін аяқталып, ел игілігіне беріледі. Биыл 40 млн теңгеге тағы екі үй тұрғызу жоспарда бар. Жалпы ауданы 600 шаршы метр болатын волейбол алаңын салуды, ауыл көшелеріне көлік қозғалысын шектеу аркаларын орнатуды көздеп отырмыз. Мұның сыртында таяуда «Хапта», «Қуаныш», «КЭБ», «Дарина» шаруа қожалықтарымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум жасалды. Меморандум аясында шаруа қожалықтары ауыл көшелеріне спорт тренажерлерін орнатуға және ауыл ішін аббаттандыруға демеушілік көрсететін болады. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер ынтымақтастықты нығайта отыра ауылды дамыту жұмысын жалғастыратын боламыз», деді ауыл әкімі.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі шалғайдағы Восточный ауылын көпшілікке үлгі етіп, барлық деңгейдегі әкімдерге заңсыз қоқыс алаңдарының пайда болуына жол бермеуді тапсырды.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, кейінгі жылдары ауылды өркендетуге ден қоя бастаған шаруашылықтар қатары көбейіп келеді. Облыс әкімі ауылдың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге жыл сайын қомақты қаржы бөліп, қыруар шаруа тындырып жатқан Қамысты ауданындағы «Алтынсарин» ЖШС, Обағандағы «Мирас» шаруа қожалығы, Меңдіқара өңіріндегі «Қарқын» агрофирмасы, Денсиов ауданындағы Фрунзе серіктестігінің басшыларына алғыс айтты.
«Таза Қазақстан» акциясы біркүндік немесе біржылдық науқан емес екенін түсініңіздер. Ішкі тазалығымыз бен сыртқы тазалығымыз үйлесім тауып, жақсы ортада тұруға, тазалыққа, әсем ортаға көзімізді үйретуіміз керек. Мемлекет басшысы бізден осыны талап етіп отыр», деді әкім.
Қостанай облысы