Фото: Ақорда
«Өздеріңізге мәлім, қазір еліміз дамудың жаңа сатысына қадам басты. Біз соңғы 5 жылдың ішінде ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырдық. Қазақстанның саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артты. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түсті. Саяси партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Азаматтарымыз өз ой-пікірлерін ашық айтып, қоғамда белсенді болуына мүмкіндік беретін нақты тетіктер пайда болды. Сайлау жүйесін жетілдірдік. Ауыл, аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Саяси және қоғамдық мәдениет үлкен өзгеріске ұшырады», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ең маңызды бастаманың бірі – Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатынын, осы шешімнің саяси мән-мағынасы ерекше екенін, бұл – мемлекет басқару ісінде жаңа стандарт қалыптастыратын маңызды қадам екенін атап өтті.
«Реформалар, өзгерістер әлі де жалғаса береді. Ең бастысы, бұл өзгерістер – халықтың таңдауы. Сондықтан біз ешқашан кері қайтпаймыз, тек алға қарай жүреміз. Біз экономикалық дамудың нақты бағытын айқындадық. Озық ел болу үшін ауқымды жұмысты қолға алдық. Сіздер тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге зор үлес қостыңыздар. Шын мәнінде, барлық реформаны өздеріңізбен бірге атқардық деуге болады. Бірақ өзгерістерді жүзеге асыру бір басқа, ал оны орнықтыру бір бөлек. Ол үшін қоғамдық сана түбегейлі жаңғыруға тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жалпыға ортақ құндылықтар туралы айтқанын еске салып, мұның бәрі ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.
«Ашығын айтсақ, осы құндылықтарды қоғам санасына орнықтыру журналистерге тікелей байланысты. Ақпарат өкілдері болмаса, оны жұртқа жария ету мүмкін емес. Сондықтан журналистер қауымы осы маңызды жұмысқа зор жауапкершілікпен қарайды деп сенемін. Біз әрбір сөзімізді қоғамды түзеуге жұмсасақ, болашағымыз да баянды болары хақ. Мен Құрылтай отырысында елімізге қатер төндіретін бес кеселге тоқталдым. Тағы да қайталап айтқым келеді. Жұртты нашақорлық пен құмарпаздықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, вандализм мен ысырапшылдықтан қорғау – ортақ міндет. Мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасап жатыр», деді Мемлекет басшысы.