Ертістегі Кереку – республикадағы экономикалық әлеуеті жағынан алдыңғы орындардың біріндегі қуатты индустриялық орталық. Мұндағы көмір, мұнай өңдеу, химия, мәшине жасау және энергетикалық салалар егемен еліміздің өркеніне салмақты үлесін қосуда. Павлодар облысында Қазақстан көмірінің 60 пайыздан астамы, елдегі бүкіл алюминий және электр қуатының 40 пайызы өндіріледі.
2009 жылдың қыркүйегінде Екібастұзда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Солтүстік-Оңтүстік электр желісінің екінші кезегі пайдалануға берілді. Бұл аса ірі инфрақұрылымдық жобаны “KEGOC” АҚ мерзімінен бұрын іске қосты. Ұзындығы 1097 километр болатын Екібастұз-Шу жаңа жоғары вольтты магистралі солтүстіктен Қазақстанның оңтүстігіне баратын қуат ағынын екі есеге, яғни, 1350 мегаватқа дейін арттырды. Ұлттық электр желілерін дамыту жобасы “Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы” бағдарламасы негізінде жүзеге асырылды. Бұл қадам елдің оңтүстік аймақтарын энергиямен қамтамасыз ету сенімділігін арттыру және осы өңірдегі электр қуатының жетіспеушілігін жабу үшін жасалды.
Жақын жылдарда Қазақстанның стратегиялық жоспарында жүздеген кәсіпорындар салу межеленсе, оның 42 нысаны Павлодар облысында іске қосылады. Бұл инновациялық жобалар металлургияда, мұнай және металл өңдеу салаларында және құрылыс индустриясы мен энергетикада жүзеге аспақ. Олардың орындалуы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тұрақты қадағалауында.
– Индустрияландыру картасы республикалық және облыстық болып бөлінген. Республикалық тізімде құны бір миллион теңге болатын 13 жоба, облыстық тізімде 30 миллиард теңгелік 22 жоба бар. Аса маңызды жобалар қатарынан электролиз зауытын атағанымыз жөн. Республикалық серпінді жобалар сапында кальцилендірілген сода мен хлор өндіретін Каустик зауытының жобасы тұр. KSP базасының негізінде Қазақстанда алғаш рет түрлі диаметрдегі құбырлар шығаруды игермекпіз. Темір жолдарымызды өз болат табандарымызбен қамтамасыз ететін өндіріс те құрмақшымыз. Екібастұздағы “Таман” ЖШС жүк вагондарын жасамақшы. Олардың алғашқы үлгілері сынақтан өтті және үстіміздегі жылы өндірістен шығарыла бастайтын болады. Бозшыкөл кен орнындағы полиметалл рудасын өндіруді бастау өнеркәсібіміздің жаңа бағыты. Ендігі кезекте мыс рудасы алынбақ. Жоба 1 миллиард доллардан асатын құны қымбат іс. ГРЭС-2 Ресей энергетиктерімен бірлескен жұмыс арқылы кеңейтілмек. Қазір 3-ші блокты монтаждауға дайындық аяқталды. Үстіміздегі жылы блокты салу басталады. Облыста білікті мамандар жеткілікті болғандықтан, белгілеген істерді орындауға мүмкіндік бар, – дейді Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
2009 жылдың қыркүйегінде Ресей Президенті Д.Медведевпен кездесуі кезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев үшінші блоктың құрылысын Ресеймен бірлесіп салу жөніндегі келісімге қол қойды. Стансада қазір дайындық жұмыстары аяқталды. Блокты монтаждау биыл қолға алынады. Республикалық маңыздағы бұл серпінді жоба 2013 жылы бітпекші. Стансаның өндірістік қуатын арттыру жаңа жұмыс орындарын ашуға және энергетиктердің Солнечный қалашығының әлеуметтік-экономикалық жағынан одан әрі дамуына мүмкіндіктер береді.
“Казхром” АҚ-тың филиалы болат қорытатын зауыттардың жоғары сапалы металл өндірісі үшін жұмыс істейтін әлемдегі жетекші металлургия кәсіпорындарының бірі. Кәсіпорынның әлемдік рыноктағы бәсекелестікке төтеп беруіне өнімдердің аса сапалы шығарылуына кепілдік беретін өндірістің жоғары технологиялары көмектесуде. Зауытта сапалы интеграцияланған менеджмент, қоршаған ортаны, еңбек пен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қорғау жүйелері жұмыс істейді. Инженерлік-инновациялық орталықта мамандар ферроқорытпа өндірісінің жаңа технологияларын әзірлеп, жаңа шикізат материалдарын игеруде.
Ішкі резервтердің арқасында ENRC корпорациясы өндірістің техникалық жағынан қайта жарақтануы мен модернизациялануы, пеш агрегаттарына, негізгі және қосалқы жабдықтарға жоспарлы күрделі жөндеулер жасауға тұрақты инвестициялар бөлуді жалғастыруда. Мысалға, зауыттың келешегі мол жаңа нысаны – әлемде тұңғыш рет хром мен марганец секілді екі бірдей агломерат шығара бастайтын агломерациялық цехын атағанымыз жөн. Мұнда сапалы ферроқорытпа шығаруға арналған күкірт мөлшері төмен түйіршік материал өндірілмек. Газ тазалау қондырғыларының сүзгілері тұтып қалған тозаңдар да алдын-ала дайындықтарсыз өңделетін болады.
“Казхром” компаниясы өндірісті жаңарту мен автоматтандыруға да үлкен көңіл бөлуде. Техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы аясында кәсіпорында қолданыстағы бүкіл қондырғылар жаңартылуда. Өткен жылы феррохром шығаратын үш электр пеші қатарынан күрделі жөндеуден өтті. Оларға зиянды қалдықтарды жүз пайызға дейін тұтып қалатын заманауи газ тазалау сүзгілері орнатылды.
Металдар рыногындағы құлдырау уағында зауыт басшылығы Қазақстан Президентінің дағдарыс арқылы дамуға жету формуласын басшылыққа алып, қорыту агрегаттарын жаңартты. Металлургтер жөндеушілер бригадасына ауысып, кәсіпорыннан бірде-бір жұмысшы қысқартылған жоқ. Қазір зауыттағы бүкіл 26 пеш түгелімен жұмыс істеп тұр. Кәсіпорында экология, еңбек пен денсаулық қорғау, өндіріс қауіпсіздігі, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуы мәселелеріне ұдайы назар аударылып келеді.
Павлодардың электролиз зауыты Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында бой көтерген алғашқы металлургия кәсіпорыны. Осында республикада тұңғыш рет қанатты металл – алюминий балқытылды.
2005 жылдың мамырында іргетасы қаланған зауыттың 2007 жылдың 12 желтоқсанында жылына екі жарым мың тонна алғашқы алюминий беретін қуаты бар бірінші кешенінің тұсауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кесті. Құрылысы толық біткен соң 120 гектар алаңы бар кешен екі электролиз бен құю цехын, анодтар өндірісі зауыты мен көмекші бөлімшені біріктіретін болады. Жергілікті сазбалшық пен Ақсу жылу-электр стансасының электр қуатын пайдаланатын зауыт жылына 250 мың тонна алюминий өндіреді.
Әлемдік рыноктағы күрделі жағдайға қарамастан, пайдалануға деп мерзімі 2010 жыл ретінде белгіленіп отырған, қуаты жылына 125 мың тонналық зауыттың екінші кезегінің құрлысы да жүруде. Оның құрылысына құйылатын инвестиция көлемі 305 миллион доллар шамасында. Екінші кезегі іске қосылған соң зауыт жылына 250 мың тонналық жобалық өндірістік қуатына енетін болады.
2009 жылдың 17 қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев эфир мен полипропилен шығаратын жаңа зауыттың да өндірісін іске қосты. Құны 5,5 миллиард теңгелік бұл кәсіпорын Павлодар мұнай-химия зауытының бұған дейін коммуналдық-тұрмыстық газ ретінде сатылып келген шикізатымен жұмыс істейді. Кәсіпорын еуростандартқа сай жоғары октанды бензин өндірісіне қажетті қышқылқұрамды қосымша-метил-трет-бутильді эфирдің жылына 20 мың тоннасын, химия өнеркәсібіне керек түссіз газпропиленнің 35 тоннасын, пластмасса мен химиялық талшық өндірісінің шикізаты полипропиленнің 30 мың тоннасын шығаратын болады. Зауыт өнімі сұранысқа ие. Қазірдің өзінде оны Белоруссия сатып алуда. Қазақстанның полипропиленіне алыс шетелдер де қызығушылық білдіруде. Қосымша құны жоғары экспорттық өнім – Қазақстан экономикасының шикізаттық тәуелділіктен арылуға бет алған тағы да бір құтты қадамы.
Мақаламыздың басында айтқанымыздай, бүгінгі заманда Қазақстанның сапалы дамуының аса маңызды жолдарының бірі – елді индустрияландыру. Бұл бағыт Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуына орасан зор мүмкіндіктер береді. “Нұр Отан” партиясының ХІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткендей, елді индустрияландыру әлемдік экономиканың қазіргі даму табиғатына сәйкес болуы тиіс. Осынау мақсаттың тәуелсіз еліміздің берекелі бүгіні мен кемел келешегі үшін білек түре жасампаз еңбекке кіріскен Кереку өңірі халқының да бағдар етіп ұстар темірқазығына айналғаны қуантады.
Смағұл РАХЫМБЕК, журналист.