Ұлттың жоғын түгендеп, тарихи сананы толықтырып, елді ұйыстыруда баспасөздің орны бөлек екендігі сөзсіз. Жалпы, кез келген ұлттық баспасөз – қоғамның айнасы және темірқазығы.
Қолына қалам ұстаған журналист қауымның ғана емес, көзі қарақты оқырманның, қарапайым халық пен атқа мінген азаматтың ашық алаңы мен мінберіне айналып, ұлт мұратымен үндескен басылымдар жоқ емес, бар. Шындап келгенде тәуелсіз еліміздің елдік мүддесі, осы уақыт аралығындағы халықтың болмыс-бітімі мен тыныс-тіршілігі толықтай бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланысты.
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел газеті – «Egemen Qazaqstan»-ға сүбелі сұхбат берді. Жұртқа айтар сөзін баспасөз арқылы жеткізудің классикалық үлгісін қайта жаңғыртқан Президент осы сұхбаты арқылы «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» деген елдіктің идеологиялық бағдарын айқындап берді. «Қоғам не нәрсеге мән беруі қажет?» деген сұраққа: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», деп жауап қатқан Президент мемлекеттің тұтастығы мен қоғамның береке-бірлігіне бастайтын құндылықтарды ұлт мүддесін ескере отырып ұлықтаудың мән-маңызын да бағамдап берген еді. Ал бұл – тек мемлекеттік органдар мен зиялы қауымға жүктелген міндет емес, барша елдің алдында тұрған маңызды басымдық, әсіресе журналистерге артылған зор жауапкершілік.
Әлем сарапшылары қазіргі журналистиканың үш негізгі проблемасын атап көрсетеді. Олар: жалған жаңалықтар мен фейк ақпараттың таралуы, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы және ақпараттың шамадан тыс жүктелуі. Рас, заманауи журналистика технологияның қарқынды дамуы, аудитория мінез-құлқының тез өзгеруі және мың құбылған геосаяси жағдайға байланысты көптеген қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Сол себепті де дәл қазіргі уақытта Міржақып Дулатұлының «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деген тұжырымы өзектілігін жоймай тұр. Ақпараттық технология төңірегінде күн санап емес, сағат санап өзгеріп жатқан үрдістер, күн тәртібінен түспей тұрған жасанды интеллектінің жаһандық қарқыны, цифрландыру дәуірінің жеделдігі еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігін сақтау дейтін аса жауапты қос міндетті алдыңғы қатарға шығарды. Ал бұл тұста алдыңғы шепте тұрған журналистерге, атап айтқанда ұлттық баспасөзге артылар жүк те, жауапкершілік те салмақты.
Билік те, бұқара да қашанда баспасөздің беделін, журналистердің еңбегін жоғары бағалайды. Көктемгі су тасқыны кезінде құтқарушылар мен құзырлы орган қызметкерлерімен қатар жүріп, қоғам алдындағы қарызы мен парызын орындаған БАҚ өкілдері атаусыз қалған жоқ. Ел басына күн туып, халық қысыл-таяң кезеңге тап болған талай сын сағатта да олар шынайы ақпарат таратудың жауапкершілігін сезініп, ұлттық мүдденің биігінен көріне білді.
Қоғамдық пікір мен азаматтық қоғам қалыптастыруда, билік пен бұқара арасын жалғап жүрген қалам ұстағандардың рөлі, орны еш уақытта кеміген емес. Оған күні кеше кәсіби мереке қарсаңында түрлі мемлекеттік наградаға ие болып, мерейі артқан журналистердің жүлдесі дәлел. Қоғамға, елге, ұлтқа, мемлекетке шынайы ақпарат жеткізу – басты міндетім деп ұққан, нағыз журналист болу – жауапкершілік екенін жете түсінген бірталай әріптесіміздің де төл мереке қарсаңында мерейі үстем болды.
Кеше Ақордада өткен салтанатты жиында «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бірқатар журналисі Мемлекет басшысының қолынан марапат алды. Атап айтқанда, «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы қосынындағы белді журналисі Айгүл Аханбайқызы мен «Үркер» журналының бас редакторы Жаңабек Шағатай «Құрмет» орденін алса, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы мен «Казахстанская правда» газеті саясат бөлімінің меңгерушісі Юлия Магер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаев Президент сыйлығына ие болды. Ал газетіміздің Саясат және құқық бөлімінің аға тілшісі Ескендір Зұлқарнай Сенат ұйымдастырған «Парасат» байқауында үздік баспасөз материалы аталымында топ жарды.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында жүлделі болып, сый-сияпат иеленгендердің дені – меншікті тілшілер. Мәселен, газетіміздің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы Журналистер одағының «Алтын медалі» иегері атанса, Атырау облысы бойынша меншікті тілші Жолдасбек Шөпеғұл «Amanat» партиясының журналистер арасында өткізетін дәстүрлі «Amanat медиа сыйлығы» республикалық байқауында «Біз біргеміз» – су тасқынымен күрес туралы үздік материал» аталымында жүлдегер болды. Сондай-ақ «Egemen Qazaqstan»-ның Ұлытау облысы бойынша меншікті тілшісі Абдолла Дастан «Құрметті журналист» атанса, Қостанай облысындағы меншікті тілші Нұрқанат Құлабай «Қостанай таңы» газеті ұйымдастырған «Дін және дәстүр» облыстық байқауында бас жүлдені қанжығасына байлап, Түркияға жолдама ұтып алды. Рас, бұл марапаттың барлығы мерейді де өсіреді, жауапкершілік те жүктейді.
Журналистердің мерейі ерекше таситын кәсіби мереке қарсаңында сөз басын Алаш арыстарының баспасөз туралы байыпты пікірінен бекер бастаған жоқпыз. Өйткені олар журналистикада ұлттық мүдде мен ұлтқа қызмет етудің ең озық үлгісін қалыптастырып, БАҚ-тың идеологияның қайнар көзі екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп берді. Алаш қайраткерлері «Баспасөз ұлт пен мемлекеттің өркендеуінің қызметкері, ұлттық сана-сезімнің айнасы болуы керек» деген тұжырыммен тұтасып, осы бағытта тегеурінді еңбек етті. Ал бүгінгі БАҚ буынының бағы да, басымдығы да біреу, ол – Әділетті Қазақстан құру жолында отандық журналистиканың абыройына дақ түсірмеу. Өйткені қазақ журналистикасының жылнамасында Әділетті Қазақстанның тұғырындағы ұлттық баспасөздің алар орны ерекше болары сөзсіз.