Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Қазақстан төрағалығының ерекшелігі
Алдымен ШЫҰ-ға аздап тоқтала кетсек. Бұл ұйымның бастауында бес ел тұр. Яғни 2001 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстаннан құралған «Шанхай бестігінің» базасында құрылған. Бұл елдердің басшылары алғаш рет 1996 жылы Шанхайда бас қосып, Шекара аумағында әскери сенім шараларын күшейту Келісіміне қол қойса, 1997 жылы Мәскеу кездесуінде Шекарадағы әскери күшті қысқарту туралы Келісімге келгеннен кейін бестіктің жұмысы үдей түсті. Араға төрт жыл салып халықаралық қауымдастықта өңірдегі өзара сенім мен достықты, көршілік татулық пен түсіністікті ту еткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы дүниеге келді. Бүгінде Ұйым ауқымы кеңейіп, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сынды мүше-мемлекеттер әскери сенім, шекаралық қауіпсіздік, бейбітшілік мәселелерінен бөлек, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, ағартушылық, энергетика, транспорт және логистика, экология бағыттарында да ынтымақтастықты арттырып келеді. Яғни Еуразияның басым бөлігін алып жатқан ұйым құрамындағы елдердің қарым-қатынасы түрлі саладағы тиімді өзара әріптестік дәрежесіне көтерілді.
Халықаралық ережелерге сәйкес, Ауғанстан, Беларусь және Моңғолия мемлекеттері ШЫҰ-ны сырттай бақылау миссиясын атқарады. Алдағы Астана саммитінде Беларусь бақылаушылықтан кетіп, ұйым құрамына кірмекші.
Біздің ел ұйымға төрағалық ету тізгінін былтыр 5 шілдеде қолына алған, енді биылғы 5 шілдеде тапсыруға тиіс. Былтырғы 4 шілдедегі саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалықтың басым бағыттарына тоқталған болатын. Атап айтсақ, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сауда-экономикалық байланыстарды арттыру, энергетикалық ынтымақтастықты күшейтіп, цифрлық саладағы әріптестік аясын кеңейту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту және экология саласындағы өзара бірлескен әрекетті нығайту.
Еліміздің төрағалығы кезінде ШЫҰ аясындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінді. Яғни өңір қауіпсіздігі мен өзара сенім о бастан Ұйым күн тәртібінің негізгі тақырыптары қатарына кіреді.
Әлемдік саясат пен экономиканың заманауи тенденцияларын ескере отырып, Қазақстан ШЫҰ-ның беталысын қазіргі қауіп пен сын-қатерлерге қарсы жүзуге күш салуды ұсынды. Бұл тұрғыда еліміз ШЫҰ-ның «Әділ бейбітшілік пен келісім жолындағы әлемдік бірлік туралы» бастамасын қолға алды. Ауқымы кең бұл құжат сенім шараларын нығайту қағидаттары мен тұрақтылықты қолдау, өңір қауіпсіздігі сынды негізгі аспектілерді қамтыды.
Сондай-ақ Терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы 2025-2027 жылдарға арналған жаңартылған ынтымақтастық бағдарламасын қалыптастыруға үлкен мән берілді. Есірткіге қарсы стратегия мен оны жүзеге асыру бағытындағы іс-қимыл бағдарламасы келісілді.
Ал жалғасып келе жатқан жаһандық экономикалық дағдарыс ШЫҰ-дан аймақтық сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуды және жаңа экономикалық күн тәртібін әзірлеуге мүмкіндіктер ашуды талап етеді. Мүше-мемлекеттердің бар күш-жігері ШЫҰ-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясын тиімді жүзеге асыруға бағытталған.
ШЫҰ-ның Инвестициялық қорын құру бастамасы – Ұйымдағы инвестициялық синергияны нығайту жолындағы перспективалық тәжірибелік қадам болмақ. Себебі дәл қазір Ұйымды қаржыландыру ісі бірізге түсе алмай тұр. Өйткені қаржыландырудың ортақ жүйесін енгізуде әлі де ортақ келісімге тіреліп тұрған мәселелер баршылық.
Ұйымның күн тәртібіндегі энергетика мәселесі де Қазақстан төрағалығының басым бағыттарының бірегейі саналады. ШЫҰ энергетикалық ынтымақтастығын дамыту Стратегиясын қабылдау арқылы энергетикалық өрлеуді қамтамасыз етуге, экономика мен өнеркәсіпті декарбонизациялауға үлкен мән берілуде. Осы тұрғыда ШЫҰ-ның былтыр Астанада өткен Энергетикалық форумының қорытындылары өзара іс-қимылдың одан арғы келешек қадамдарын айқындап берді.
ШЫҰ елдерінің айтарлықтай көліктік әлеуетін ескеретін болсақ, темір жол, автомобиль, теңіз және әуе жолдарының өзара байланысын қамтамасыз етудің маңызы зор. Осы тұрғыда Қазақстан елдерге ірі стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құруды ұсынды.
Астана саммитінен не күтеміз?
Алдағы 3-4 шілде күндері Астанада Қазақстанның төрағалығымен өтетін ШЫҰ мүше мемлекеттері басшылары Кеңесінің отырысына 16 мемлекеттің басшылары мен кейбірінің Премьер-министрлері өздерінің қатысатынын растады. Сондай-ақ 7 халықаралық ұйым басшылары да Астанаға аяқ басқалы отыр. Оның ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те бар.
Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы еліміздің ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышевтың айтуынша, Астана саммитіне қатысушылардың қатары артып, сондай-ақ ұйымдастырушылық аясы бұрын-соңды болмаған шеңберде өрбімек.
– Саммит алғаш рет дәстүрлі емес форматта, яғни мүше-мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысы және «ШЫҰ+» форматындағы кездесулер түрінде болады. Әрине Кеңес отырысы тар шеңберде өткізілмек. Онда ұйымның күн тәртібіндегі белгілі мәселелерден бөлек, ішкі жұмыстар да талқыланбақ. Мүше-мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь (мүше мемлекет мәртебесінде) сынды 10 ел және ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарының басшылары қатысады. Ал «ШЫҰ+» отырысының талқылаулары негізінен «Көпжақты диалогті күшейту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбы төңірегінде өрбімек. Бұл форматтағы басқосу Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия, Түрікменстан елдерінің қатысуымен өтеді. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерриш және өзге де іргелі халықаралық ұйымдардың өкілдері келеді.
Саммит қорытындысы негізінде түрлі салалар бойынша 20-дан астам құжат қабылдау жоспарланып отыр. Негізгі саяси құжат Астана декларациясы болмақ, – дейді М.Мұқышев.
Астана Декларациясында ШЫҰ-ның халықаралық өзекті және өңірлік мәселелер бағытындағы ұстанымы айқындалып, Ұйымның өткен кезеңдегі қызметі қорытындыланып, оны дамытудың әрі қарайғы бағыттары нақтыланған.
Астана саммитіне қатысты тағы бір айта кетерлік жайт, Беларусь Республикасының Ұйымға кіруге бағытталған үш жылдық рәсімі аяқталады. Бұйыртса, Астана төріндегі отырыста Белоруссияны толық мүшелік қабылдау туралы шешім қабылданбақ.
– Беларусьті қабылдау рәсімін бастау туралы шешім 2022 жылы Самарқанд саммитінде қабылданған болатын. Одан кейін былтырғы Нью-Делидегі саммиттен бері Беларусь мүше мемлекет мәртебесін алу үшін барлық қажетті міндеттемелерді орындады, – дейді ШЫҰ-дағы еліміздің ұлттық үйлестірушісі М.Мұқышев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының ұсынысын негізге алып, ШЫҰ алғаш рет «Әділ бейбітшілік пен келісім жолындағы әлемдік бірлік туралы» Бастамасын қолға алғалы отыр.
– Яғни халықаралық қауіпсіздік саласындағы саяси-дипломатиялық шаралардың баламасының жоқтығына назар аудара отырып, ШЫҰ Әділетті бейбітшілік формуласының ұжымдық іздеу үдерісін бастауды ұсынады.
Ұйым сондай-ақ әлемдік нарықтардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, адамдардың әл-ауқатын жақсарту жолында бірлескен күш біріктіруге, білек сыбана әрекет етуге шақырады және Жер шарының тазалығы мен қауіпсіздігіне үн қатқан жаһандық қозғалысты жақтайды, – дейді М.Мұқышев.
Сонымен қатар әлемнің барлық елі болмаса да, алпауыттары көз тігіп отырған Астана саммитінде ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі Даму стратегиясын әзірлеу туралы шешім қабылданады. Ал бұл құжатты қабылдаудың маңыздылығы жайында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұйымның былтырғы Нью-Делиде өткен саммитінде айтқан болатын.
Қысқасы, Астана саммиті Ұйымның құрылымы тарихының жаңа бетін ашқалы отыр. ШЫҰ-ның әлеуетін аша түсу және тиімділігін арттыру бағытындағы нақты шаралар кешенін бекіту де күн тәртібіне қойылып отыр.
Бұл шаруа да Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, жүзеге асырылған-ды. ШЫҰ-ның 2020 жылғы Мәскеу саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Хатшылыққа нақты ұсыныстар жолдай отырып, Ұйым жұмысына кешенді талдау жасауды тапсырған еді.
Одан бөлек, Мемлекет басшысының бастамасымен биыл ШЫҰ-да Экология жылы болып жарияланған болатын. Жарты жыл ішінде экологиялық мәселелерді шешу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілді. Астанада өтетін саммитте осы бағытта да мүше-мемлекеттердің бірлескен мәлімдемесі қабылданғалы отыр.