Экспорт • 28 Маусым, 2024

20 мың тонна ет экспортталды

122 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысы Қытай еліне ет экспорттап жатыр. Қарасай ауданына қарасты Қошмамбет аулында орналасқан «Meat Processing and Service» ЖШС ет өнімдерінің алғашқы пар­тиясы – 20 тонна сиыр етін Қытай Халық Республикасының ветеринарлық-санитарлық талаптарына сай сәтті экспорттады.

20 мың тонна ет экспортталды

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Жиырма жылдан кейін Қытай Қазақстаннан ет импорттау­ға салған тыйымын алып тас­тады. Құс өнімдеріне бұл ты­йым 2005 жылы енгізілген, ал аусылға шектеулер 2022 жылы белгіленген. Былтыр қарашада екі ел өкілдері арасында келіс­сөз өтіп, нәтижесінде сауда кедер­гілерін жою туралы келісімге қол­жеткізілген.

Өңірде ғана емес, еліміз бо­йын­­ша ет өнімін өңдеуде көш­­бас­шы «Meat Processing and Service» кәсіпорны 2009 жыл­дың нау­рыз айынан бері жұмыс істейді. «Қазақстан ет одағы» республи­калық қауымдасты­ғының мүшесі.

«Біздің кәсіпорын іске қосыл­ғалы бері Алматы қаласын­дағы әлеуметтік нысандарды, атап айтсақ, балабақша, аурухана мен мектептерді, оған қоса, мейрамхана, тойханаларды сапалы әрі табиғи ірі қара және қой етімен қамтамасыз етіп келеміз. Қалада кәсіпорын етін сататын «Асыл ет» дүкендер желісі жұмыс істейді. 2009 жылдан бастап экспортқа шығарумен де айналысамыз. Ел тарихында шетелге, дәлірек айтқанда Иран Ислам Республикасына ең бірінші ет шығарған отандық кәсіпорынбыз. Ираннан басқа, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Сауд Арбиясы және ТМД елдеріне ашық аккредитациямыз бар. Бұған қоса, Жапонияға тұңғыш рет жылқы етін жіберген де біздің кәсіпорын. Міне, ет экспорттауда Қытай Халық Республикасының алғашқы қақпасын ашып отырмыз», дейді «Meat Processing and Service» ЖШС бас директоры Бақытжан Абдрасилов.

Айтуынша, елімізден экспорт­қа шығарылған еттің 70 пайызы осы кәсіпорынға тиесілі екен.

Нарықта жұмыс істеп келе жатқанына 15 жылға жуықтаған өндіріс орны ірі және ұсақ малдың етін өңдеуге және консервілеуге, сондай-ақ малды бордақылауға және союға маманданған. Серік­тес­тік қарамағында 3 000 бас мал бор­дақылау алаңы бар. Онда 7–18 ай аралығындағы бұқашықтар бордақыланады, олардың тірі­дей салмағы 500 кг-дан 1 тон­наға жуықтайды.

Серіктестік басшысы Бақыт­жан Зүлпұхарұлы сырттан келе­тін экспорт көлемі отандық кәсіп­орындардың өз өнім өткізуіне айтарлықтай кері әсерін тигізіп тұрғанын ашып айтты.

«Ішкі нарықтың тапшылығы­нан кәсіпорын өз қуаттылығын толық жүзеге асыра алмай отыр. Бір күнде екі ауысыммен 2 000 қой және 500 бас ірі қараны сойып, өңдеуге қауқарлы кәсіпорынның жылдық қуаттылығы толық іске асы­рылып, ет экспорты оң серпін­ге ие болса, елімізде мал шаруа­шы­лығы қарқынды дамып, оның өнімін өткізудегі бірқатар мәселе­нің түйіні тарқатылар еді», дейді.

Неміс технологиясына негіз­дел­ген кәсіпорында осы күні 30-ға жуық адам тұрақты еңбек етіп жатыр. Солардың бірі – ет ком­бинатының лаборатория мең­геру­шісі және ветеринар дәрі­гер Ләззат Исқақова. Ол кәсіп­орын іске қосылғалы мал етінің таза­лы­ғына жауапты. Білікті маман өзіне жүктелген міндетті зор ыжда­ғаттықпен атқарып келеді.

Айтулы шара қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов пен Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қуан­дық Чункунов кәсіпорынды ара­лап, экспорттық әлеуетін жоға­ры бағалап, бұл қадамның өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және еліміздің әлемдік нарықтағы орнын нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.

«Бұл жетістік – сапалы ет өнім­­дерімен ел экономикасына сүбе­лі үлес қосып келе жатқан Алма­ты облысы шаруаларының еңбе­гі­нің жемісі. Біз агроөнер­кәсіп­тік кешеннің одан әрі дами­ты­нына және аймақтың экспорт­тық мүм­кіндіктері одан әрі арта түсетініне сенімдіміз», деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.

 

Алматы облысы