Керекудің Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры биылғы 35-маусымның шымылдығын «Менің атым Қожа» премьерасымен жапты. Еркін мінезді қазақ баласының қайсар бейнесін көрсететін позитивті дүние аталған театрда көптен бері болмаған еді. Адамның ой-өрісі мен танымын ұшқыр қиялға жетелейтін, кейіпкерлерін ізгі қасиеттерге тәрбиелейтін қойылымды жергілікті жұртшылық жылы қабылдады.
«Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін...» деп басталатын шығарманы аға ұрпақ кезінде жата-жастана оқығаны мәлім. Қазақ балалар әдебиетіндегі шоқтығы биік туындының желісі бойынша сахналанған қойылымда Қожаның басынан өткізген оқиғалары, сондай-ақ достық пен мейірімділік сынды киелі ұғымдар дәріптеледі. Спектакль жасөспірім баланың мысалында ата-ана, мектеп және қоршаған орта арасындағы қарым-қатынасты ашып көрсеткендей болды. «Әжем мен анама өмірдің бар бақытын көрсетсем деймін», деп армандайтын жасөспірімнің ара-тұра сыртқа шығып кететін қиямпұрыс мінезі көпке ұнамағанымен, Қожадан айналасындағылар үлкен үміт күтеді. Осындай сәтте қазақтың тектекті тыйып, тезге салатын тәрбие мектебі бар емес пе... Бала Қожаны мектеп, сыныптастары, анасы мен әжесі болып ізгілікке шақырады. Жанға жылу ұялататын, балалық шақтың сәулелі сәттеріне, мейірімге толы драмадан әркім өзіне қажетті дүние түйіп қайтқандай болды.
Бір ерекшелігі, Қожаның рөлін екі бірдей актер ойнап шықты. Труппаның жас актерлері Бекнұр Дастан мен Ақжол Дүйсенұлы басты кейіпкердің образын көрерменге жеткізу үшін біраз тер төккенге ұқсайды. Әйтсе де кейіпкердің ішкі бұлқыныстарын жеткізуде біраз детальдер жетіңкіремегендей көрінді. Әлде тәжірибе кемшін, әлде режиссер бұл бағытта жеткілікті деңгейде ізденбеді ме екен. Әйтеуір Қожаның ой иірімінде екеуара тартыс жүргенде көңілдің айызы қанбай қала берді. Ал Жанар рөліндегі Жанара Назикенова, Жантасты бейнелейтін Темірлан Мұқатай, Сұлтанды ойнаған Жасұлан Әмірхан сынды жас актерлердің сахнадағы талпыныстары сәтті шықты деп айтсақ болады. Әсіресе Жасұлан Әмірхановтың ойынынан жасандылық таппадық. Бұл жігіттің акробатикаға бейімділігін бұған дейін орындап жүрген трюктерінен байқап келеміз. Жыл басында жазушы Оралхан Бөкей әңгімесі негізінде қойылған «Кербұғы» пластикалық драмасында да шеберлігімен жарқылдап көрінді. Ал «Менің атым – Қожадағы» Сұлтан рөлінде ол комедиялық образды да үйіріп әкететін әмбебаптығын көрсетті.
Қойылымның сахналық нұсқасын жазған Талғат Садықов, режиссері Жангелді Садықов, суретшісі – Айсұлу Шарипова, хормейстер – Елена Баторшина, балетмейстер – Айгүл Дайырбаева, режиссер ассистенті – Темірлан Мұқатай.
Қоюшы режиссер Жангелді Садықовтың айтуынша, драмадағы негізгі мәселе қазақ баласының психология-сына және қоғамның балаға ықпалына арналған.
«Ел үлкендері ертеде тентек баладан текті азамат шығады деп сенетін. Айналасындағылар Қожа не себепті сыныптастарына соқтыға беретін сотқар деп ойлайтыны себепсіз емес-тін. Расында Қожаның бұзықтығы – оның бойында тұнып тұрған қайсарлықтың буырқанған көрінісі. Бұған қоса анасы Қаратайға тұрмысқа шығып кетпесе екен деген уайымы да оны оғаштау істерге жетелеп келді. Негізі Қожаның қоғамда өз орнын табуына, азаматтық тұрғыдан жетілуіне көп адам ықпал етті. Олар – үйіндегі анасы мен әжесі, ұстазы Майқанова, ең арысы досы – Сұлтан және сыныптастары. Драма соңындағы анасының баласына деген сенімі жасөспірімнің ойын 180 градусқа өзгертіп, оның ішкі жан дүниесінде болып жатқан құбылыстарды жағымды жаққа бұрып жіберді. «Мен мына байтақ даланың Қожасымын» деп арқалануы да дарқан даладағы еркін қазақ халқының мінезін танытады. Қылышынан қан тамып тұрған сонау кеңес заманында жазушы Бердібек Соқпақбаев қазақ – өзі жайлап отырған мемлекеттің қожасы екенін осы жолдармен-ақ бейнелеп жазғанын екінің бірі түсіне бермегені анық. Повесте Құдай мен Жаратылыс ілімі де сөз етілетіні белгілі. Біз осы оқиғалардың барлығын қаз-қалпында сақтап қалуға тырыстық», дейді Ж.Садықов.
Аймауытов театры биылғы маусымды сәтті өткерді деп ауыз толтырып айтуға негіз бар. Маусым басынан бірнеше премьераны жарқ еткізді. Оның ішінде «Шәмші» спектакль-концерті екі күн бойы үлкен аншлагпен өткеніне куә болдық. Ал өткен жылдың соңында театр ұжымы Ресейдің Мәскеу облысы Мытищи қаласындағы «ФЭСТ» драма және комедия театрында өткен «Подмосковные вечера» фестиваліне қатысып, «Үздік ансамбль» аталымын олжалап оралды. Бұған қоса елде ұйымдастырылған театр байқауларынан да өнер труппасының қанжығасы бос қайтпады.
Биыл Алаш қайраткері, жазушы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына – 135 жыл. Тұлғаның мерейтойына орай өңір театры «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалін өткізбекші. Өнер байқауы қыркүйек айында өтеді деп жоспарланған.
Павлодар облысы