Қоғам • 28 Маусым, 2024

Комиссия Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тартты

107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тартылды. Бұл туралы бүгін, 28 маусымда Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Комиссия Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тартты

Коллаж: ulysmedia.kz

Депутаттың айтуынша, Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия Кәрім Мәсімовтың ісі бойынша талқылау жиынын өткізді.

«ҚР Президенті жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның міндеті – кешірім жасау туралы материалдарды алдын ала қарау. Комиссия Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналады. Комиссияның қызметі Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген арнайы ережемен реттеледі. Апелляциялық шағым берілгеннен кейін, ол тіркеледі, сұраулар Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық іздестіру департаментіне, Бас прокуратураға және Жоғарғы Сотқа жолданады», деп жазды Марат Бәшімов Facebook парақшасында.
 

Ол кешірім жасау жөніндегі комиссияның құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, түрлі органдардың өкілдері, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Бас прокурордың орынбасары және Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару комитетінің төрағасы кіретінін нақтылады.

Марат Бәшімов жазғандай, Конституцияның 44-бабында: «Қазақстан Республикасының Президенті: 15) азаматтарға кешірім жасайды» делінген. Бұл оның ғана конституциялық құқығы.

«Кез-келген азамат Мемлекет басшысына кешірім жасау туралы өтінішпен жүгіне алады. Комиссияның соңғы отырысында кешірім жасау туралы кейбір материалдар алдын ала қаралды. Мерзімді екі жылға қысқарту арқылы кейбір оң ұсыныстар қарастырылған. Журналистердің К.Мәсімовке рақымшылық жасау мәселелерін қарауға қатысты сауалына комиссия оны қабылдамауды ұсынды», деп қосты депутат.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың маусым айында мемлекетке опасыздық жасағаны үшін сотталған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов рақымшылық жасау туралы өтініш жазғаны хабарланған еді.