Фото: bizmedia.kz
Оқушыларды таңертең 9.00-де күтіп алып, бірге таңғы жаттығу жасаймыз. Әр күннің табысты, нәтижелі өтуі таңды қалай бастағанға байланысты. Таңғы жаттығуды әдетке айналдыру бойыңыздағы оң өзгерістерге әкеледі сергек жүресіз, тыныс алу жеңілдейді, күш-қуатыңыз тасиды. Сол себепті мектепішілік алаң жұмысы таңғы сергіту жаттығуынан басталады.
Одан кейін әр күнді ерекше, бір-бірін қайталамайтындай ұйымдастыруға тырыстық. Мысалы, алғашқы күні балалар доппен секіру жаттығуын ойнады. Олардың көңіл күйі тамаша сергек болды. Екінші күні «ойын-күлкі – дәрумен» тақырыбында «Қожанасыр қоржыны» ойыны ұйымдастырылды. Ойынның мақсаты балалардың көңіл күйін көтеру, қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыру, логикалық ойлау қабілеттерін арттыруға бағытталды. Үшінші күні «Дос болайық бәріміз» тақырыбында балармен ұйымдасып достыққа, татулыққа шақыратын «Толағай» ойыны ойналды. Төртінші күні қуыршақ театры келді, бірлікке, ауызбіршілікке баулу бағытында оқушыларға «Шалқан» ертегісінің қойылымы көрсетілді. Бесінші күні «Жас құтқарушы» күніне мектебіміздің медбикесі Роза Телеубаева балаларға алғашқы көмек көрсету ережелері таныстырылып, тәжірибелік тұрғыда түсіндіріп, көрсетті.
Жазғы мектепте арнайы бөлмелер безендіріліп, санитарлық талапқа сай жұмыстар жүргізілді. Асыға күткен балалардың жазғы демалысын алаңда қызық өткізу мақсатында түрлі іс-шаралар байқаулар мен сайыстар өткізілді. Сонымен қоса топтағы оқушыларға мектеп медбикесі дәрумендер, аурудан сақтану жолдары, гигиенаны сақтау туралы дәрігерлік кеңестер беріп, балалардың жағдайын бақылайды. Спорттық «Толағай» эстафеталық ойындар өткізілді. Топқа бөлініп, спорттық ойынға қатысты. Сонымен қатар арнайы әзірлеген «Ұлттық құндылықтар» бөлмесінде домбырамен күй шертіп, шашкі мен шахмат ойын түрлерінен байқаулар ұйымдастырылды. Арнайы жоспарға сай, топ жетекшілері түрлі тақырыптарда логикалық ойындар ұйымдастырды. Алаң жетекшілері күнделікті жақсы көңілмен балаларды қарсы алуға әрдайым дайын.
Қорытындылай келе, жазғы мектеп, жазғы сауықтыру алаңы балалардың көңілінен шықты.
Гүлсім АБДИБЕКОВА,
М.Мақатаев атындағы
№13 орта мектебінің мұғалімі
Алматы облысы,
Іле ауданы