Суреттерде: таулы өңірдегі туризм орталықтары
Алматы облысының Райымбек ауданын бетке алған туристердің «Шоғансай», «Хантәңірі» мен «Ақ көл» деп аталатын атақты демалыс орындарын көрмегендері кемде-кем. Мұндағы қарағайлы шатқалдар мен көз жауын алатын мың түрлі өсімдіктер адам жанын рахат сезімге бөлері сөзсіз. Сондықтан ауданның кәсіпкерлері алыс-жақыннан келетін туристерге қазақы қонақжайлылық пен сұранысқа сай сервистік қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға ұмтылуда. Көкпен таласқан қарағайлы таулардың арасында тігілген ақбоз үйлерде сары қымыз сапырып, ыстық бауырсақ ұсынудан басталатын қызмет түрлері түрленіп, табан тіреген туристер табиғаттың көркем көрінісін қызықтаумен қатар, ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, әдет-ғұрпымызды тануына мүкіндік жасалған. Бұл қадам отандық туризмді ілгерілетуге мол мүмкіндік беруде.
«Шоғансай» экотуризм орталығы туристік әлеуетін арттыруға 300 млн теңге көлемінде инвестиция салып отыр. Кәсіптің алға жылжуының арқасында 20-ға таяу ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, аудан бюджетіне 1 млн теңгеге жуық салық құйылды. Бұл ауылымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беріп, кәсіпкерліктің кеңеюіне ықпал етуде», дейді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Роман Қойлыбаев.
Өңірде 30 жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан экоорталықтың жетекшісі Сәрсенхан Берікбаева туып-өскен өлкесінің тау-тасы мен қарағай-шыршасын, саф ауа, мөлдір суын туризм көзіне айналдыруда табандылық танытып келеді.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осы жерге келіп, үй тігіп, кішігірім шаруашылықпен айналыстық. 2007 жылдан бастап, жерді жалға алып, 2 қазақ үй тігіп, кісі күтіп, табыс табудың негізі қалана бастады. Одан кейінгі 7 жылдықта жарық тартылып, ағаштан қонақүй салынып, тамақтану орны жасалып, біртіндеп дами бастаған туристік орталығымызға келушілер қатары жыл өткен сайын көбейіп, бұл саладағы тәжірибемізді шыңдай түсті. Отандық туризмді дамытуға Мемлекет басшысы да баса назар аударып, жергілікті биліктің қолдау білдіруінің арқасында ісіміз ілгерілеп, жырақта болсақ та бәсекелестікте бәсіміз жоғары болуына бар күш-жігерімізді, біліктілігімізді жұмылдырудамыз. Нәтижесінде, биылғы жылы бір мезетте 90 адамды қабылдауға қауқарлы заманауи үлгідегі қонақүй тұрғызып, пайдалануға берілді. Таулы аймаққа келген туристер енді жайлы да жарық бөлмелерге орналасып, алаңсыз тынығуына болады», дейді кәсіпкер Сәрсенхан апа.
Айтқанындай-ақ Алматы қаласынан 360 шақырым қашықтықтағы тау қойнауында орналасқан «Шоғансай – Әлішер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің экотуризмге арналған демалыс орны биыл жаңаша сипатқа ие болуымен ерекшеленеді. Онда жайлы қонақүйлер бой көтеріп, жаз маусымына арналған қазақ үйлер тігіліп, кең де жарық тамақтану орындары жұмысын бастаған. Ең бастысы, денсаулығын нығайтуды көздеген демалушыларға «Саумал терапиясы» мен ұлттық тағам түрлері ұсынылады.
Сонымен қатар тау бөктеріндегі демалыс орнында заманауи монша мен бассейн барына бірі сенер, бірі сенбесі анық. Ал демалысын қызықты өткізуді діттеген жандарға бильярд, шахмат, нарда ойнауға арналған ойын залдары жасақталған. Бұл өңірге келген туристердің басты арманы – атақты Хантәңірі шыңын көруі үшін атпен және жол талғамайтын көлікпен қарсы беттегі тауға шығып, тамашалауын ұйымдастыруы экоорталықтың ұтқырлығы болып табылады.
Туристік орталық басшысы Сәрсенхан апаның айтуынша, аталған демалыс орнына еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келетін тұрақты демалушылар көп көрінеді.
Алматы облысы