Адамда екі өмір бола ма? Кімде қалай, білмедім. Менің тағдыр жолым екі кезеңнен құралған. Жол апатына дейінгі және кейінгі. Анам мені он екі мүшемді сау қылып өмірге әкелді. Тіпті, балпанақтай болғаным соншалықты, көтеріп жүруге қиналған екен. Бозбала шағымда абайсызда көліктің астына түсіп, бел омыртқамнан зақым алдым. Жазым ғой. Қазір қоларбада отырамын.
Бұл жағдайға бірден үйреніп кеттім дей алмаймын. Аяқта жан жоқ. Ештеңені сезбейді. Бірақ, кеудемде қайнап жатқан ерік-жігерім, жастық жалыным күйдіріп барады. Бір ғаламат күш пайда болып, аяғыма жан бітірсе, тоқтамай жүгіруге әзірдеймін. Аяғым ырқыма көнсе, Гималайдың шыңын бағындырардай пәрменім бар секілді.
Осылай армандап, төрт қабырғаға талай мұң шақтым. Бірақ, уақыт бәріне емші екен. Күндердің күнінде өз-өзімді әбден қайрадым. Аяғым болмаса да басым аман ғой. Миымды ешкім ұрлаған жоқ. Бойымдағы талантым ше? Оны неге шектеуім керек?! Бір күнде сахнаға шығам, ән салып, өзімнің толыққанды адам екенімді дәлелдеймін деп шештім. Сөйттім де әкеме өз қалауымды айттым. Жүрегі жарылардай қуанды. Әсіресе, анамның қайғысы сейілгендей көрінді маған. Мені ойлап, қайғыдан қан жұтып жүргендерін жақсы білемін ғой.
Біздің қоғам қоларбада отырған адамдарды аяп, мүсіркегеннен әрі аспайды. Бізге өлі мен тірінің арасындағы шалажансардай қарайды. Ал менің ой-өрісім, мақсатым, бағытым, қабілетім – барлығы жалындаған от секілді. Оның алауына өзім де күйіп кетердей күй кешемін. Алғашқы әнімді «Бәрі жақсы боларына сенемін» деп атадым. Халық жылы қабылдады. Осы әнмен республикалық конкурсқа қатысып, бас жүлдені жеңіп, 5 миллион теңгені иемдендім.
Өткен жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарын тапсыру жиынында кәсіпкерлерге, Үкіметке: «Мүгедек жандарды көптеп жұмысқа алыңдар. Олардың да арасында белсенді, қабілетті адамдар баршылық», – деп қадап айтты. Елбасының осы тапсырмасынан кейін мүмкіндігі шектеліп қалған көптеген азаматтарға шексіз мүмкіндіктер беріле бастады. Оның қатарында мен де бармын. Еліміздің басты арнасы, қара шаңырақ «Қазақстан» ұлттық телеарнасына тележүргізуші болып қабылдандым. Қазір әр жұма сайын «Жан жылуы» деген әлеуметтік тележурналды ел назарына ұсынып келеміз. Бұл – жай хабар емес, жылаған жүректерді жұбатып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге атсалысуға бағытталған жоба.
«Жан жылуы» бағдарламасының эфирге шыққанына биыл 5 жыл. Осы уақыт аралығында бағдарламаның септігімен жетімдер үйінен 20 бала отбасына барып, жаңа ата-ана, туыс-бауырдың ортасында, 13 бала шетелдерде ем алып, аман-есен елге оралған. Қазір олардың барлығы да өз қатарына қосылып, жүгіріп жүр. «Жан жылуының» көмегімен үйсіз-күйсіз жүрген 8 отбасы баспаналы болды. Сонымен бірге, Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында айтылған талаптарға сай келетін адамдармен сұхбаттасамын.
Олар – қол-аяғынан айырылса да, тағдыры бұралаң жолға салса да мойымаған, Үкімет маған не береді деп қарап отырмаған, ешкімге алақан жаймайтын адамдар. Оларда масылдық пиғыл жоқ. Олар – мүгедек болса да өз арбасын өзі сүйреп, бала-шаға, отбасын еңбек терімен асырап отырған қайраткерлер. Ондай адамдар біздің арамызда аз емес. Бірақ, оларды көпшілік біле бермейді. Олар ауыл-ауылдарда, шалғайда жатқан аудандарда тұрады. Біз сол кісілерді іздеп тауып, тепсе темір үзетін, он екі мүшесі сау бола тұра екі қолға бір іс таппай жүрген қандастарымызға үлгі етуді мақсат тұттық. Менің қоларбамен телеарна тізгінін ұстауым өзіме ғана емес, отбасыма, мені танитын жора-жолдастарыма қуаныш сыйлады.
Адам болып өмірге келген соң ешкімнен кем болмай, қоғамда өз орныңды тауып, ортаңа пайдаңды тигізіп ғұмыр кешу қандай бақыт! Мен өз тағдырыма разымын. Аяққа тұрып жүріп кетуден де күдерімді үзген емеспін. Мен бағындырар белестер әлі де алда! Бізге сенім артқан Елбасының үмітін әлі-ақ ақтаймыз! Қайта қатарға қосып, бақытты сәттер сыйлағаныңыз үшін өзіңізге мың алғыс!
Арман ҚАРЫНСАУ,
«Жан жылуы» бағдарламасының жүргізушісі.
АСТАНА.