Табиғат • 02 Шілде, 2024

Табиғаттың жүзіне кіреуке түспесін...

75 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы халықтың қолдауына ие болып, қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Ауыл-аймақпен бірге курортты өңірдің сұлу табиғат аясы да тіршіліктің шаң-тозаңынан арылып, сұлудай сыланған бұла күйін қайта тапқандай.

Табиғаттың жүзіне кіреуке түспесін...

Көгілдір Көкшенің үзіліп түскен моншақтай құнарлы, кескіні келісті өңірі «Көкшетау» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің аумағында. Акция аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мұқият тазаланып, бастапқы балғын күйіне көшкендей.

– Бағалы бастама өте орынды, – дей­ді табиғи паркінің бас директоры Ербол Сағдиев. – Елдің қолдауына ие бо­лып отырған бұл іс жүйелі әрі тұрақ­ты ат­қарылуы керек. Ұлттық парк облыс ор­талығындағы №17 мектеп-гимна­зия­сы­мен стратегиялық әріптестік тура­лы меморандумға қол қойды. Ал­дағы уақытта мектеп-гимназияға эко­ло­гия­лық-ағарту әрекеттерін өткізу, тарихи-мә­­де­ни мұра нысандарымен бірге табиғи ес­­керт­кіштердің төл тарихымен таныстыру бағытында кешенді жұмыс өткізілмек.

в

Осы меморандум шеңберінде мек­теп-гимназияның оқушылары үшін қызықты экскурсиялар, туристік шерулер өткізу жоспарланған. Мектеп орман­шылығы­ның жұмысына, ғылыми конференция мен семинарларға қатысуға қолдау жасалып, бұл жұмыс үш жыл бойы жүргізіле­тін болады.

Бір ғана білім ошағында емес, жалпы жұртшылық арасында осындай жұмыс қолға алынбақ. Ұлттық табиғи парк­тің мамандары оқушылар мен таби­ғат тақырыбындағы тағылымды әңгі­ме­лер өткізіп, әртүрлі викторина ұйым­дас­тырмақ. Осылайша, экология мәселесі жел­кілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ­тың санасына сіңірілсе, төл табиғатымыз­дың ай нұрлы ару сипаты кемшіліксіз ­болары анық.

Ұлттық парк қызметкерлері тағылым­дық мәні мол бейнефильмдерді көр­сете отырып, парк аумағындағы таби­ғи ескерткіштердің тарихымен таныс­тырмақ. Осы тақырыпты қаузайтын әрқилы әдебиеттерді де үлестіруді жоспарлап отыр. Жас толқынға ұсынатын ақпарат та аз емес екен. Мәселен, «Құстар күні» акциясын өткізу барысында туған өлкеде сирек кездесетін құстардың түрлері туралы әсерлі әңгіме айтылады. Елді мекендерде құс ұяларын орнату жұмыстары қолға алынады. Алғашқы бетте 300-ге жуық ұя орнатылыпты. Табиғат жанашырлары бұл іске белсене қатысқан. Қатысушылар саны 200-ге жуық.

Сәуір айында парк аумағында «Бүкіл­қазақстандық ағаш отырғызу күні» ак­циясы ұйымдастырылған. Негізгі мақ­саты – орман байлығын еселеу әрі сақтау. Парктің Арықбалық филиалының «Қара­уыл төбе» орманшылығының аума­ғында мектеп оқушыларымен, аудан тұр­ғындарымен бірлесе отырып, кәдімгі қарағай көшеттері отырғызылды. Зеренді ауылдық округінің аумағында төрт мың дана қарағай көшеттері орналастырылды. Бұл іске Зеренді ауылдық округіне қарасты елді мекендердің тұрғындары білек сыбана кірісті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Айыртау филиалына қарасты дендропарк аумағында арша көшеттері егілсе, аудан мектептерінің жер телімдеріне кәдімгі қарағай көшет­тері отырғызылды. Іс-шараға ауыл­дық округ қызметкерлері, мектеп оқушы­лары, интернат тәрбиеленушілері белсене қатысты. Дендропарк аумағында сенбілік ұйымдастырылды. Шалқар филиалы кең­сесінің аумағында, Ақан сері атындағы орманшылықта көшеттер егілді.

Ендігі бірауыз толтырып айтатын іс-шара – «Таза жағалау» акциясы. Акция шеңберінде Зеренді, Имантау және Шалқар көлдерінің жағалаулары мұнтаздай етіп тазаланып, қоқыстан арылды. Айыртау филиалының аума­ғындағы Құмдыкөл мен Ақбас көлде­рінің жағалаулары жинастырылып, біте­ліп қалған бұлақ көздері ашылды. Ел таби­ғатқа қамқор пейілмен қарайды екен. Осы бір игілікті шаруаға 328 адам қатысып, өздерінің жүрек қалауын білдірді. Осы күні 5,5 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигонға шығарылды.

– Айыртау филиалында мемлекет­тік инспекторлар ауданның барлық білім ошақтарында кездесу өткізіп, төл тарихымыздың сұлу бейнесін келер ұрпақтың еншісі ретінде сақтап қалу туралы тағылымды әңгіме жүргізді, – дейді Ербол Болатұлы. – Әсіресе «Та­би­ғат білімпаздары», «Құстар күні» та­қы­­ры­бындағы ашық сабақтар мен вик­то­­ри­наларға қызығушылық көп болды. Жас ұрпақтың бойында табиғатқа деген жанашырлық бар екен. Біз соған қуандық.

«Таза жағалау» экологиялық акция­сына табиғат жанашырлары ынтамен қатысты. 150-ге жуық мұғалім мен оқушы құс ұяларын дайындап, көшет отырғызып, қолғабысын тигізді. Ашық аспан астындағы таби­ғат мұражайларына экскурсия ұйымдастырды. Осылайша, жас ұрпақ­тың бойында табиғатты күту, оған жана­шырлықпен қарау тәрізді ізгілікті сезім нәрлері сіңірілді.

Зеренді филиалының аумағында «Құстардың пайдасы», «Парктер ше­руінің тарихы» тәрізді шаралар ұйым­дастырылды. «Әр құстың өз ұясы және жем астауы» тақырыбында бірнеше шара қолға алынды. Красный Кардон ауылының аумағында оқушылар қолы­мен жасалған құс ұялары ілінді. Мектеп оқушыларының «Визит» орталығы экскур­сиялар ұйымдастырды. «Таза Қазақ­стан» акциясы аясында осы ауылдың орта мектеп оқушыларының қатысуымен бұлақ жағалауында сенбілік жасады. Сенбілікке елуге жуық оқушы қатысты. Ең пайдалысы, көзі бітеліп қалған бұлақ­тар аршылып, таза, мөлдір су шөліркеген даланың шөлін қандыруға асыққандай бұлқынып аға бастады.

– Парк аумағына жыл сайын елу мың­нан аса демалушы келеді, – дейді парктің бас директоры Ербол Сағдиев. – Бір әттеген-айы, осы көркем табиғат­тың жомарттығын жақсы көретін адамдар­дың бәрі бірдей ұқыпты емес. Орман ішінде, көл жағалауларында қоқыс көп қалады. Міне, сондықтан «Таза жағалау» акция­сын жиі өткізуге тырысамыз. Шын­туайтында, дұрыс сөндірілмеген бір тал темекінің өзі қауіп төндіреді емес пе? Адамдар табиғатқа тағылық жасамауы керек. Өйт­кені бұл байлық – біздің ғана пеше­не­міз­ге жазылған дүние емес, келер ұрпақ­­тың кәдесіне асатын жалпы құндылық.

Өскелең ұрпақтың туған елдің тамаша табиғатына қамқор болып, қолұшын беріп жатқандығы ғажап көрініс. Еліміздің барлық табиғат жанашырларының ынта-ықыласын бір арнада тоғыстырған «Таза Қазақстан» акциясының төл міндеті де осы.

Ақмола облысы