Спорт • 03 Шілде, 2024

Толағайлар топ жарды

78 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қонаев қаласында «Толағай – алыптар сайысы» атты об­лыс­тық турнир ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты – ұлт­тық дәстүрді насихаттай отырып, жастарды төзім­ділікке баулу.

Толағайлар топ жарды

«Біздің ата-бабаларымыз ежелден осындай жарыстар ұйым­дас­тыр­ған. Оларға деген қы­зығушылық бүгінгі күні қайта жан­данып келеді. «Толағай» – тек жарыс қана емес, саламат­ты өмір салтын на­­сихаттайтын сайыс. Сондықтан біз мұндай жарыс­тарды ұйымдастыру ар­қылы туған жеріміздің даңқын арт­тыруды көздейміз. Жастар біз­­дің батырларымыздың рухы­мен тәрбиеленуге тиіс», деді шара­ның салтанатты ашылуында сөз алған Алматы облысының де­нешы­­нықтыру және спорт басқар­ма­сының басшысы Ер­болат Сарабеков.

«Толағай» алыптар сайысына 18 жастан асқан, салмағы 90 килодан жоғары және спорттық да­йындығы бар ерлер ғана қатысты. Өңірдің барлық ауданынан келген алыптар бәсекелі жарыста бірнеше аталым бойынша бақ сынасты. Тарқатар болсақ, 10 кг найзаны оң немесе сол қолмен нысанаға лақтыру, 1 ми­нут ішінде ұзындығы жарты метрлік темір шыбықты желкеде бүгу, салмағы 100 кг болатын тасты белгілі бір қашықтыққа көтеріп тасымалдау, салмағы 100 кг болатын бөренемен бір минут ішінде отырып-тұру, сондай-ақ сал­мағы 500 кг болатын арбаны бір минут ішінде жылжыту сынды сайыстарға қатысып, толағай күш иесі екендіктерін дәлелдеуге тырысты.

Толағайлар сайысының қоры­тындысында Іле ауданынан келген Евгений Инкин 1-орын иеленсе, екінші орынға Кеген ауданының тұрғыны Алғалы Нұрсұлтан тұ­рақтады. Ал жүлделі үшінші орынға таласта Талғар ауда­нының толағайы Мырзатай Бағланның бағы жанып, турнир жеңімпазы атанды.

Алматы облысы