Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы қаламдасымыз Қазбек Құттымұратұлы көне тарихтың көмбесін ақтаруға құмар. Жайылып аққан Жайықтың арғы-бергі бетінде ол көрмеген ой-шұқыр кемде-кем. Арасында анау Маңғыстаудағы Светқали Нұржан ағасы секілді ен даланы еркін кезіп, ескі молалардағы құм басқан құлпытастардағы құпия жазуларды оқитын «оғаштау» әдеті тағы бар. Ел жадынан шығып, ескерусіз қалған ерек тұлғалардың талайын қайта тірілтті.
Былтыр күзде іссапармен Оралға барғанымызда, есті сөзге үйір Ерболат Қамен інім екеумізді қасиетті Нарынның қалың құмын қақ жарып Бөкей ордасындағы Жәңгір бабамыздың басына апарғаны, Жасқұстағы «айналасы айшылық, көлденеңі күншілік», «алпыс бөлме жүз есік» хан сарайын аралаған сәулелі сәттер сірә, естен кетер ме? Батыс алашорданың байрағын желбіреткен Жымпиты жеріндегі жылы жүздесулер де ұмытыла қоймасы анық. Жол бойы ел, жер, тұлпар мініп, ту ұстаған ерлер хақында айтқан ағыл-тегіл әңгімесі де жадымызда әлі жаңғырып тұр.
Кеше редакциямызға қуанышты хабар жетті. Қаламымен руханият кенін қазып жүрген Қазбек Құттымұратұлы облыс әкімдігінің ұсынуымен «Құрмет» орденімен марапатталыпты. Бұл биыл «Егемен» еншісіне тиген екінші «Құрмет». Біріншісін Президент қолынан – осы Қазбектің ҚазМҰУ-да бірге оқыған курстасы Айүл Аханбайқызы алды.
Ендеше, екі әріптесіміздің де жазары көбейіп, қаламының сиясы кеппесін!