Президенттің Жолдауына сай республиканың барлық аймақтары сияқты Ақмола облысында да 2010 жылдың 1 қаңтарынан Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілгені өзімізге белгілі. Жаңа реформа негізгі үш мақсатты алға тартады: медициналық қызмет көрсету жүйесінде бәсекелестік ортаны қалыптастыру, халыққа дәрігер мен емдеу мекемесін еркін таңдауды ұсыну, ұлтты сауықтыруда – денсаулық сақтау жүйесінің нақты нәтижеге жетуінің бағдары десем, “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы осыны іске асырудың нақты тетігі деуге болады.
БҰДЖ енгізу 2020 жылға республикада төсек қорын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етумен қатар, шығынның үлес салмағын стационарлық көмектен бастапқы медициналық-санитарлық көмекке ауыстыруға жағдай жасайды. Бұл денсаулық сақтаудың профилактикалық бағытын күшейтуге көмектеседі. Стационарды алмастыратын технологияларды кеңінен қолданып, ауруларды ерте анықтауға немесе өмір сүрудің орташа ұзақтығының артуын, сондай-ақ өлім-жітімді төмендетуге әкеледі.
2010 жылдың бірінші тоқсанында өзінің дәрігерді еркін таңдау құқығын Ақмола облысының 491 тұрғыны пайдаланды. Госпитализациялау бюросы арқылы 5168 өтініштер түсті. Соның ішінде алғашқы үш күнде – 65,8%, 4-10 күнде – 30,7%, 20 күнде – 3%, 30 күнде 0,5 % пациенттер ауруханаға жатқызылды.
2009 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, халық денсаулығы көрсеткішінің оң динамикасы сақталды. Туудың көрсеткіші мың адамға шаққанда 17,18-ден 17,32-ге өсті. Жалпы өлім-жітім 12,22-ден 11,74-ке дейін төмендеді, ана өлімі оқиғасы тіркелмеді. Туберкулез ауруларының көрсеткіші – 15,25%, онкопатология-2,3%, қан айналым жүйесі аурулары 7,7%-ға төмендеген. Онкологиялық аурулардың ерте сатыда анықталған үлесі 61,6%-дан 65,7%-ға дейін артты.
БҰДЖ енгізе бастағанда, емдеу бағасының төмендігі, коммуналдық қызметтер, бағдарламалық қамтамасыз етуді жетілдіру қажеттілігіне байланысты сұрақтар туындап, олар Денсаулық сақтау министрлігі алдында көтеріліп, шешуін табуда. Өткен тоқсандағы күрделі мәселелердің бірі бірыңғай дистрибьютерлердің дәрі-дәрмектерді уақытылы жеткізбеуі болды. Ағымдағы жылдың 26 мамырындағы жағдай бойынша, облыстың медициналық ұйымдарына дәрі-дәрмектерді жеткізу пайызы 83,8%-ды құрады.
Дәрігер кадрлардың жетіспеушілігі облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарының ең бір негізгі мәселелерінің бірі болып отыр, 2010 жылға медициналық кадрлардың қажеттілігі 422 дәрігер және 100 орта медициналық қызметкерлер, оның ішінде 74 дәрігер және 37 орта медициналық қызметкерлер ауылдық жерлерге қажет.
Денсаулық сақтау бюджеті 2010 жылдың бірінші тоқсанына 2321,5 млн. теңге, соның ішінде облыстық бюджеттің қаражаты – 2050,7 млн. теңге, республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер 270,8 млн. теңге игерілді. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын қаржыландырудың үлесі жалпы көлемде кепілді медициналық көмекті қаржыландыру 32,8 % құрайды (салыстыру үшін 2006ж. 16%). Облыс тұрғындарын 2010 жылы тегін медициналық көмектің кепілді көлемімен қамтамасыз ету шығындары 15,8 млрд. теңгені құрап, 2009 жылмен салыстырғанда 12 %-ға артты.
Ана мен бала денсаулығын нығайту мақсатында, медициналық- демографиялық жағдайды жақсартуда, амбулаторлық деңгейде 5 жасқа дейінгі балалар жекелеген аурулар бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Бұл мақсатқа 2010 жылы 31,7 млн. теңге қаражат салынған. Жүкті әйелдер құрамында темір-йоды бар препараттармен қамтамасыз етіледі, 2010 жылы осы препараттарды алуға 35,7 млн. теңге бөлінді.
Диспансерлік есепте тұрған балалар мен жасөспірімдерді амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 52,0 млн. астам теңге жоспарланған. Тағы бір айта кететін жайт, жүректің ишимиялық ауруы, артериалды гипертензия, аритмия, пневмония, ойық жара ауруы, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүректің созылмалы жетіспеушілігімен ауыратын ересектерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 130,7 млн. теңге бөлінді.
Ақмола облысының денсаулық сақтауды дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында денсаулық сақтауды дамытудағы бар мәселелерді, облыс тұрғындарының денсаулық көрсеткішін ескеріп, әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау; туберкулез ауруын төмендету; бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту және жетілдіру; кадрлар ресурсын дамытудың басым бағыттары анықталды.
2012 жылы ана өлімін 2 есеге, нәресте өлімін 30%-ға төмендету, туберкулез ауруын 35%-ға дейін төмендетудің нақты индикаторлары мен соңғы нәтижелері белгіленді. Нысаналы индикаторлар мониторингі сала қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырып және халық денсаулығын қорғау бойынша барлық деңгейде жүзеге асырылатын іс-шаралардың тиімділігін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.
Белгіленген мақсаттарға жету үшін ұйымдастырушылық-басқарушылық шаралар қарастырылған десек, облыста 2010 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен бірыңғай ақпараттық жүйені құру жөніндегі пилоттық бағдарламаны енгізу аяқталмақ. Осының барлығы халық денсаулығының көрсеткіші мен медициналық көмектің сапасын едәуір көтеруге тиіс. Ағымдағы жылы материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында жергілікті бюджет есебінен Атбасар ауданында құны 10 млн. теңге болатын Сочи дәрігерлік амбулаториясының құрылысы жоспарланған, республикалық бюджет есебінен салынып жатқан құны 4 млрд. 136 млн. 67 мың теңге болатын 500 келушіге арналған қалалық емхана және облыстық Қан орталығы екінші жартыжылдықта пайдалануға берілмек. Сондай-ақ Ақмола облыстық перинаталдық орталығының 50 төсектік босандыру корпусының құрылысы жалғасуда.
Денсаулық сақтаудың 9 нысанына 584,9 млн. теңгеге күрделі жөндеу, он сегіз нысанға 68,1 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілетін болады. Медициналық жабдықтарды алу үшін жергілікті бюджеттен 213,0 млн. теңге қарастырылса, республикалық бюджеттен 1132080,0 мың теңге нысаналы трансферт бөлінді.
Сонымен мемлекет медициналық ұйымдардың табысты қызметі үшін қажетті жағдай тудырып отыруына орай біздің саланың мамандары ақмолалықтардың денсаулығын қорғау үшін барлық қолда бар мүмкіндіктерді жасауда.
Виктор МАДЖУГА, Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы.