Экономика • 03 Шілде, 2024

Көмірден тыңайтқыш алатын компания

178 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдегі үлкен көмір кенішінің бірі саналатын «Шұбаркөл көмір» компаниясы бір жылда 14 млн тоннаға дейін көмір өндіреді. Оның негізгі бөлігі халықтың тұтынуына жұмсалып, қалғаны экспортқа шығарылады. Кәсіпорында үгілген көмірден гумат натрий жасалады. Ол көмірдің бетінде тұрады. Гуминді тыңайтқыш – миллиондаған жылдан бері жауын мен қарға жуылып, тынымсыз соққан желге кептіріліп, күнге әбден қақталған, әрі ашық ауада сүзгіден өтіп барып пайда болған таза табиғи өнім.

Көмірден тыңайтқыш алатын компания

«Бұл натрий гуматын органикалық тыңайтқыш деп үлкен сеніммен айтуға болады. Өйткені ғалымдар түпкілікті зерттеп, толық зерделегеннен кейін гуматтағы кейбір аз үдерістерді ғана жетілдірді. Содан кейін органикалық өнім деген байламға келді», деді әңгіме барысында компанияның бас директоры Сергей Ким.

Оның құрамында 91% гуминді қыш­қыл бар. Қарапайым тілмен айтқанда, жер­дің қара шірік топырағы. Ол жердің үстіңгі беті­нің құнарлы қабаты болып қалыптас­қан. Ғалымдар үгілген көмірден қажетті тыңайт­қыш­ты ажыратып алып, оған натрий гидро­оксидін қосады. Сол арқылы арнайы техно­логиямен гумат натрий жасап шығарады.

Бүгінде еліміз бұл тыңайтқышты Ресейден де импорттап отыр. Оның құрамындағы гуминді қышқылдар 30%-ға әзер жетеді екен. Осыған қарап Шұбаркөлде өндіріліп жатқан тыңайт­қыштың қуатын анық аңғара аламыз.

«Бұл – ешқандай химия емес, таза органикалық тыңайтқыш. Сондықтан оны барлық өсімдікке пайдалануға болады. Бидай, арпа, тары, қызанақ, қияр, гүл, бір сөзбен айтқанда, адам өсіретін өсімдіктің бәріне қолданып, сапасын жақсартып, өнімін арттыруға қолданған ләзім», деді компанияның Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бойынша менеджері Елена Мартынова.

«Тыңайтқыш өнімі жаңа ноу-хауға жатпайды. Мұндай тыңайтқыштар кеңес заманы кезінде де көп шығарылып, кең таралған. Сондықтан гумат натрийді бұрынғы ауыл шаруашылығы мамандары мен ғалымдарының бәрі дерлік жақсы біледі», дейді «ERG Sales Kazakhstan» ЖШС қызметтерді сатып алу-сату бойын­ша сарапшысы Рүстем Жұмабайұлы.

Оның айтуынша, көмір сапасы жоғары болғандықтан, отандық тыңайтқышта гумин қышқылының үлесі көп. Сол себепті Шұбаркөл көмірінен тыңайтқыш өндіруге бірқатар елдің сала мамандары қызығып жүр екен. Инвестиция салуға да дайын. Қытайлық кәсіпорындардан салмақты ұсыныс та түскен. Олар гумин тыңайтқышының шикізатын алып, өздерінде өндіргісі келеді.

«Бірақ компания басшылығы үгілген көмір шикізатын сатудан бас тартты. Егіске тапшы тыңайтқышты өзіміз өндіріп, игілігін өз елімізге жаратуға бел буды. Қазіргі нәтижеміз жақсы. Шикізатты толық игеріп, өнім өндіруші елге айналып келе жатырмыз», дейді сарапшы.

Былтыр осы тыңайтқыштан аз мөл­шерде алып, егіске пайдаланған отан­дық фермерлер биыл әлдеқайда көп гуматқа тапсырыс берген. Әсіресе Түр­кіс­тан облысындағы жылыжай көп шоғырланған Сарыағаш ауданының диқандары органикалық минералды тыңайтқыштың сапасы мен қуаты керемет екеніне көз жеткізген.

«Көктемде кәсіпорынға келген сарыағаштық диқандар бәрін бақылап, гуматтың толық табиғи екенін таныды. Нәтижесінде, былтыр 20 литр ғана алған диқандар, биыл 1 000 литрге тапсырыс берді», деді Р.Жұмабайұлы.

Сарапшы бізге көрсеткен кішкене әрі тапалтақ құтыда 100 миллилитр натрий гуматы бар. Оны суға аралас­тырып береді. Мысалы, 100 миллилитр гуминді 1 тонна суға қосуға болады.

«Отандық тыңайтқыш өсімдіктің өнуін тездетумен қатар өсімдікті ықти­мал кеселдің көбінен сауықтыратын қасиетке де ие. Елдегі диқандарды осы құнарлы тыңайтқышпен толық дерлік қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткен соң, бұл өнімді шетелдерге экспортқа шығарамыз деген жоспар бар», деді Р.Жұмабайұлы.