Саясат • 03 Шілде, 2024

Отандық биопрепаратқа сұраныс артып келеді

102 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыға жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жетекші ғылыми институттардың жұмысымен танысты.

Отандық биопрепаратқа сұраныс артып келеді

Вице-премьер Микробиология және вирусология институтының ғылыми-өндірістік орталығына барды. Бүгінде оның құрамында 9 ғылыми зертхана бар. Мұнда жалпы 170 адам жұмыс істейді. Ғалымдар отандық өндірістің дамуы жолында бірқатар жобаны сәтті жүзеге асырып отыр.

Соңғы үлгідегі жоғары технологиялы құрылғылармен жабдықталған институт маңындағы зауыт жылына 70 тонна биопрепарат шығаруға қауқарлы. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісіне қажетті препараттардың орны бөлек. Тамара Дүйсеноваға топырақты биологиялық азот және фосформен байытуға мүмікндік беретін өнімдер көрсетілді. Еліміздің бірақатар өңірінде қолданылып келе жатқан бұл биопрепараттар асбұршақ, жоңышқа, майбұр­шақ секілді өсімдіктердің өнімділігін арттыруға сеп.

Жалпы, отандық әзірлемелерге деген сұраныс күн санап артып келеді. Оған соңғы 3 жылдағы сатылым көрсеткіштері дәлел. Мәселен, бұршақ дақылдарының өнімділігін арттыруға көмектесетін «Плантобактерин» биотыңайтқышы 2022 жылы 4,5 мың литр көлемінде сатылса, былтыр бұл көрсеткіш екі есе артқан. Өнімді отандық нарықтан бөлек экспортқа шығару мүмкіндігі де бар. Алайда, қолданыстағы зауыт барлық сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Сол себепті оны кеңейту қажет.

Сонымен қатар мұнда медициналық өнімдерді шығарудың өндірістік процедуралары бастау алды. Осыған байланысты өз инвестициялары есебінен халық­ара­лық стандарттар бойынша екінші зауыт са­лынып жатыр. Бұл ретте мемлекет жаб­дық­пен жарақтандыру тұрғысынан көмек көрсетуде. Ұжым Президенттің ғылымға көңіл бөлгені үшін алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ институт іргелі ғылыми зерттеулерге көп көңіл бөлуде. Кейбір нәтижелері вице-премьер назарына ұсынылды. Мәселен, мұнда мұнайдан ластанған жерді оңалтуға сеп болатын бактериялар өндірісі, вирус жасушасының құрылымын көрсетуге мүмкіндік беретін электромикроскоп сынды соңғы үлгідегі әзірлемелер қолданылып жатыр.

Институт жұмысына оң баға берген Тамара Дүйсенова институт алдында тұрған бірқатар мақсатқа мән берді.
«Ғалымдардың қолынан шыққан өнімдердің сұранысқа ие болуы қуантады. Бұл – жұмыстың тек басы ғана. Алға қойы­латын негізгі мақсат – отандық өнімдер­дің үлесін арттыру. Өндіріс көлемінің кеңеюі оны орындауға жол ашады деген сенімдемін», деді Тамара Дүйсенова.

Бұған қоса вице-премьер Ядролық физика институты жұмысымен де таныс­ты. Мекеме атом энергиясын бейбіт мақ­сатта пайдалана отырып, ғылыми зерт­теу және тәжірибелік-конструкторлық үр­діс­ті толық қамтамасыз ететін елдегі жалғыз ұйым болып саналады.

Институт ғалымдары термоядролық энергетика бағытындағы жобаларды қол­ға алып отыр. Бұл ретте шетелдің белді ғылыми орталықтары, халықаралық ұйым­дармен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Арадағы келісімдердің арқасында қазақ­стандық жас ғалымдардың шетелден тәжірибе жинақтауына, құнды жобаларды елде жүзеге асыруына мүмкіндік бар.

Институт медицина саласының кәде­сіне жарайтын өнімдерді де дайындап жатыр. Мәселен, мұнда шығатын 3 түрлі радиофармпрепарат еліміздегі ауруханаларда қатерлі ісік дертін ерте кезеңнен анықтауға мүмкіндік берді. Оны экспортқа шығару бойынша шаралар қолға алынып отыр. Қалқанша безі обырын емдеуге арналған дәрісі де осында шығарылады.

Бұдан әрі Тамара Дүйсенова «Aqua dress» атты гидрогельден жасалған таңу заттары өндірісімен де танысты. Қоймалжың лента іспеттес зат тері жараларын, күйігін таңуда таптырмас құрал. Аталған бастама «Ғылым қорының» грантына ие болып, өндірістік жолға түскен.

Ядролық-физика институты аясында археологиялық жәдігерлерді радио­логиялық әдіспен қашықтан зерттеуге, медициналық қолданыстағы заттарды залалсыздандыруға арналған құрыл­ғыларымен де мақтана алады.
Жетістіктер ауыз толтырып айтарлық­тай болғанымен, мемлекет тарапы­нан қол­дау көрсетуді қажет ететін түйткіл­ді мәсе­лелер де бар. Бұл ретте Тамара Дүй­сенова институт жұмысын жоғары бағалап, бастамаларын қолдауға әзір екенін жеткізді.

«Энергетика, Ғылым және жоғары білім министрліктері бастаған ведомтво­аралық комиссия құрылуы шарт. Инсти­тут ашқан ғылыми жаңалықтарды қол­даға­нысқа енгізуде әрқайсысы өз үлесін қосуға тиіс. Ал ғылыми мекеменің бір­не­ше жылға арналған құжат-жоспары бол­­ғаны жөн. Оны Үкімет деңгейінде бір­лесе қарастыруға дайынбыз», деді Т.Дүйсенова.