Аймақтар • 04 Шілде, 2024

Ауыл сәніне айналған саябақ

103 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылдың ажарын ашып, көркін кіргізу жолындағы игілікті істер легі бірінен соң бірі атқарылып, тұрғындардың көңіл күйін шат-шадыман етіп жатыр. Көптен күткен саябақтардың құрылысы аяқталып, ауылдағы ағайын бір жасап қалды. Енді қала қызығына телмірмей, ауылда да уақытын көңілді һәм тиімді өткізе алады.

Ауыл сәніне айналған саябақ

«Азамат Құрылыс» ЖШС ха­лық саны 5 мыңға жуықтай­тын Бақбақты аулындағы саябақ­ты отандық заманауи құрылыс материалдарын пайдалана отырып салып шыққан. Ашылу салтанатына тұрғындар тегіс жиылды. Игі шараға арнайы келген Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов жиылған қауымды қуаныштарымен құттықтады.

«Ауылдың ажарын ашып тұр­ған бұл саябақтың келешекте гүл­мен көмкеріліп, төңірегінің таза әрі бүлінбей тұруы – тұр­ғын­дарға тікелей байланысты. Туған аулы­мыздың тазалығын қада­ғалап, көз­дің қарашығындай сақтауға әр­біріміз жауапты болуға тиіспіз. Сонда ғана ауыл өркендеп өседі, көркейеді. Есігін айқара ашқан саябақта балаларымыз алаңсыз ойнап, ақсақалдарымыз бір-бірі­мен қауышып, қауқылдасып ­жүр­гендерінің өзі қуаныш. Сол себеп­ті бірлігіміз бен тірлігі­міз үйлесіп, елімізді көркейтуге үлес қоса бе­рейік», деді аудан әкімі.

Жан жадыратар жағымды жа­ңа­лықтың басы-қасынан та­был­­­­ған ауданның құрметті аза­мат­­тары, Бақбақты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрсейіт Сар­басов, «Құрмет» орденінің иегері Сапарғали Сәтбаев, ауылдық қо­ғам­дық кеңестің төрағасы Садық Үркім­баев, отбасы және әйелдер ұйы­мының төрайымы Жаным­гүл Дауыл­бекова жүрекжарды тілек­терін білдіріп, Бақбақты аулы­ның жылдан-жылға көркейіп келе жатқанын, тұрғындардың ын­тымақ пен бірлігі өзгеге үлгі-өнеге екенін тілге тиек етті.

Айтулы іс-шараға арнайы қа­тыс­қан аудан өнерпаздары әсем ән әуе­летіп, күй күмбірлетіп, мере­келік шараның маңызын арттыра түсті.

«Саябағымыздың ашылғаны біз үшін зор қуаныш. Бала-шаға­мыз таза әрі қауіпсіз алаңда емін-еркін ойнайтын болды. Үлкендердің де үйден ұзап, серуендеуіне өте қо­лай­лы болғанына қуанып жа­тыр­мын. Дәрігерлер таза ауада көп жүру керегін айтады. Енді емде­ліп шыққан соң, саябақта емін-еркін серуендейтін боламыз», дейді ­ауыл тұрғыны Ырысжан.
Жанға жайлы саябақта бала­лардың ойын алаңы мен отыруына ыңғайлы орындықтар жасалған. Сондай-ақ түнгі мезгілде мұнда жарық шамдары жарқырап, төңі­рекке түгел сәуле шашып тұрады.

Дәл осындай игі іс-шара Кеген ауданының Жалағаш аулын­да да жалғасын тапты. «Ауы­лым – алтын бесігім, туған жер – өмір­дің қайнар бұлағы» қорының ұйым­дастыруымен ауыл жұртшылығы жұмыла кірісіп, саялы саябақтың ашылуына мұрындық болды. Жалпы, аумағы бір шақырымға жуық­тайтын саябақта шырша, аққайың, тал-терек пен сирень ағаштары жайқала өскен. Жалағаш ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әріп Сыбанбаев жиылған қауымға ақ батасын беріп, игілікті болуына тілектестігін білдірсе, ақ жаулықты аналар шашу шашып, қуаныштарын еселеді.

«Көп болып қолға алған істің бітуіне атсалысқан ауылдың үлкен-кішісіне, ел ағалары мен жастар­ға алғысымызды білдіреміз. Осы күні Кеген ауданында 34 елді мекен болса, Жалағаш ең үлкені әрі үлгі боларлық ауылдар қа­та­рында. Жыл он екі ай «Көлсай көл­деріне» ағылатын туристерден да­мыл таппайтын ауылдың ажарлы болуы – бәрімізге сын. Сол се­бепті қоршаған ортаны, аулы­мызды таза ұстауға баршамыз кө­ңіл бөлуіміз керек», деген Кеген ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаев саябақтың ашылуына елеулі ең­бек сіңірген бір топ азаматты аудан әкімінің Алғысхатымен марапаттады.

Алматы облысы