Экономика • 04 Шілде, 2024

Қазақстан – Қытай арасындағы іскерлік байланыс арта түспек

46 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 7-отырысы өтті. Ірі бизнес өкілдерінің басын қосқан жиын Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарына орай ұйымдастырылды.

Қазақстан – Қытай арасындағы іскерлік байланыс арта түспек

Кеңес Қазақстан және Қытай бизнес ортасы үшін пікір алмасу алаңына айналды, сонымен бірге сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруды көздейді.

Кеңестің кезекті отырысына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің тең төрағалары – «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «CITIC Group» директорлар кеңесінің төрағасы Си Гуохуа, Халықаралық сауданы дамыту жөніндегі Қытай комитетінің төрағасы Жэнь Хунбинь қатысты. Бұдан бөлек, іс-шараға 500-ден астам бизнес өкілі мен 70-тен астам қытайлық ірі компания өкілі қатысты.

Қор басшысы Н. Жақыпов отырыстың ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Қытай Қазақстанның инвестициялық серіктестерінің бестігіне кіретінін, кеңес екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейтінін атап өтті.

«Самұрық-Қазына» қоры инвес­торлармен бірлесіп жұмыс істейді, яғни бірлесе инвестициялау құралын қолданады. Яғни капиталға бірлесе кіріп, тәуекелдерді бөлісеміз. Сонымен қатар өз тарапымыздан мемлекеттік органдармен тиімді жұмыс істеуге, қажетті құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетеміз. Бұл жұмыстар біздің инвес­торлар үшін сенімді серіктес екенімізді көрсетеді», деп атап өтті қор басшысы Нұрлан Жақыпов.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 81 млрд долларды құрайтын активтерді басқарады. Бүгінде Қытай, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ресей, Италия, АҚШ, Қатар, Франция секілді өзге де елдердегі серіктестерімен бірлесіп, ауқымды жобаларға инвестиция құяды.

Қор қытайлық «CITIC Group», «CNPC», «CNNC», «CGN», «Sany», «CRRC», «State Power Investment Corporation», «China Power International Holding», «Power China», «Huawei» сияқты жетекші компаниялармен табысты жұмыс істеп, ынтымақтастық аясындағы іскерлік тәжірибесін арттырып келеді.

Кеңес қорытындысы бойынша жалпы құны 3,7 млрд астам доллар болатын 40-тан астам құжатқа қол қойылды. Оның ішінде 15 құжатқа «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы қытайлық әріптестерімен қол қойды. Бұл қатарда қытайлық «SANY Renewables Energy» компаниясымен жел электр стансаларына қажетті қалақтар, гондолалар мен мұнаралар құрастыратын зауытты локализациялау, «SANY Group» компаниясымен арнайы техникалар (тиегіш, трактор, экскаватор, жүк автомобилі) шығару бойынша елімізде зауыт салу мүмкіндігін зерттеу сияқты мегажобалар бар.

Іскерлік кеңес алаңында «Силлено» жобасына инвестициялық бюджетті келісу туралы «Sinopec» хаттамасына қол қойылды. Яғни Атырау облысында қуаттылығы 1,25 млн тонна болатын полиэтилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешені салынады. Полиэтилен өндіру жобасын іске асыру отандық бизнеске жаңа мүмкіндіктер береді. Осылайша, ел экономикасы үшін мультипликативтік әсері басым болмақ.

Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» портфельдік компаниясы форум барысында «CRRC»-пен елімізге 559 млн долларға 200 локомотив жеткізу жайында келісім жасасты. Маневрлік тепловоздар жақсартылған құрылымдық және тарту параметрлеріне ие. Олар Қазақстанның климаттық жағдайына сәйкес жасалған, яғни қысқы -40°C-тан жазғы +50°C-қа дейінгі температурада жұмыс істей береді. Кеше ғана Алтынкөл стансасына алғашқы маневрлік локомотивтер жеткізілді.

Жоғарыда аталған және өзге де ауқымды жобалардың барлығы екі елдің инфрақұрылымы мен экономикасын дамытуда маңызды кезеңге айналмақ.

Ақмарал БАЯЗИТОВА