IMD – бизнеспен тығыз байланысы бар және әлемдік дамуға әсер етуге ұмтылатын тәуелсіз академиялық институт. Институт білім беру, MBA және басшыларға кеңес беру жұмыстары арқылы көшбасшылар мен саясаткерлерге қиындықтарды, өзгерістерді еңсеруге көмектеседі. Әлемдік бәсекеге қабілеттілік есебі 67 мемлекеттің экономикалық көрсеткіштерін талдайды.
Есепте Дүниежүзілік экономикалық форум өзінің Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингін жариялауды тоқтату туралы шешім қабылдағаны атап өтіледі. Осылайша, IMD саяси күн тәртібі жоқ академиялық орталық ретінде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін, олардың цифрлық және таланттарды басқару бойынша ұлттық саясатын қаншалықты тиімді қамтамасыз ете алғанын бағалайтын әлемдегі жалғыз мекеме ретінде сипатталады.
Биылғы есепте әлем мемлекеттерінің экономикасын саралай отырып, төрт бағыт бойынша (экономикалық көрсеткіштер, үкіметтің тиімділігі, бизнестің тиімділігі және инфрақұрылым) әсер етуші 20 субфакторды қорытындылап, рейтингтердің қысқаша мазмұны ұсынылған. Рейтинг бәсекеге қабілеттіліктің нақты мәселелерін егжей-тегжей талдайды. Сондай-ақ әрбір елдің іскерлік ортасын бағалау, халықаралық инвестициялық шешімдерді қолдау және әртүрлі мемлекеттік саясаттың әсерін саралау үшін де зерттеуде келтірілген деректердің құндылығы жоғары.
Есепте берілген деректер мен мамандар жасаған қорытындыға сүйенсек, Қытай, Үндістан, Бразилия, Индонезия, Түркия сияқты елдер кейінгі онжылдықтарда қарқынды даму үстінде әрі сауда, инвестиция, инновация, геосаясат саласында маңызды ойыншыларға айналды. Бұл мемлекеттер бизнес пен тұтынушылар үшін мүмкіндіктер мен нарықтар ұсынады. Үкіметтер мен компанияларға сапа және тұрақтылықтың жаһандық стандарттарын сақтай отырып, табысқа жету үшін нарықтардың түрлі мәдени, институционалдық және реттеуші жағдайына бейімделу керектігі атап өтіледі.
Осы жылдың қорытынды есебінде Сингапур әлем елдері ішінде бәсекеге қабілеттігі жөнінен үздік деп танылды. Алғашқы үштіктен Швейцария мен Дания көрінсе, АҚШ 12-орынға тұрақтады. Азия мемлекеттеріне келсек, Қытай – 14, Оңтүстік Корея 20-сатыдан көрінді.
Қазақстан көрсеткіштеріне тоқталсақ, Үкіметтің тиімділігі саласы бойынша кейінгі бес жылда 29-дан 18-орынға көтерілді. Оның ішінде институционалдық база мен кәсіпкерлік заңнама бағытындағы еліміздің позициялары нығайған.
Экономикалық көрсеткіштер бойынша 2020 жылғы 48-позициядан 43-сатыға ілгерілеу бар. Бұл бағанда отандық экономика, халықаралық инвестициялар, жұмыспен қамту мен бағалар санатында көрсеткіштер жақсарған. Бизнестің тиімділігі бағытында 28-орынға тұрақтап, қаржы, еңбек нарығы, қатынастар мен құндылықтар көрсеткіштері бойынша позицияларымыз күшейген. Инфрақұрылым бағаны бойынша технологиялық инфрақұрылым көрсеткіші екі санатқа артып, 50-орыннан көрінсе, өзге салаларда төмендеу байқалған.
Зерттеу деректері экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің қай салаларында жоғары немесе ерекше әлсіз жақтары бар екенін анықтауға және мемлекеттер арасында салыстырулар жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бәсекеге қабілеттіліктің нақты мәселелерін егжей-тегжей талдауды қамтамасыз етіп, елдің іскерлік ортасын бағалау, халықаралық инвестициялық шешімдерді қолдау немесе әртүрлі мемлекеттік саясаттың әсерін ғылыми тұрғыда саралау үшін келтірілген деректерді қолдануға болады.
Талдау қорытындысы мен зерттеуде берілген статистикалық деректер инвестиция тартуға, саяси шешімдер қабылдауға, мемлекеттер арасындағы бәсекелестік рухты нығайтуға көмектеседі. Бұл өз кезегінде өмір сүру деңгейінің жақсаруына, жұмыс орындарының ашылуына, тұрақты дамуға, алдағы жылдары дамыған экономикалық ландшафттың қалыптасуына ықпал етуі мүмкін.
Мемлекет атауы |
Рейтинг 2024 |
Рейтинг 2023 |
Рейтинг 2022 |
Рейтинг 2021 |
Рейтинг 2020 |
Сингапур |
1 |
4 |
3 |
5 |
1 |
Швейцария |
2 |
3 |
2 |
1 |
3 |
Дания |
3 |
1 |
1 |
3 |
2 |
АҚШ |
12 |
9 |
10 |
10 |
10 |
Қытай |
14 |
21 |
17 |
16 |
20 |
Оңт. Корея |
20 |
28 |
27 |
23 |
23 |
Израиль |
22 |
23 |
25 |
27 |
26 |
Эстония |
33 |
26 |
22 |
26 |
28 |
Малайзия |
34 |
27 |
32 |
25 |
27 |
Қазақстан |
35 |
37 |
43 |
35 |
42 |
Үндістан |
39 |
40 |
37 |
43 |
43 |
Польша |
41 |
43 |
50 |
47 |
39 |
Латвия |
45 |
51 |
35 |
38 |
41 |
Түркия |
53 |
47 |
52 |
51 |
46 |
Мексика |
58 |
56 |
55 |
55 |
53 |
Моңғолия |
61 |
62 |
61 |
60 |
61 |
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы